Маңғыстаулық эко-амбассадор Әділбек Қозыбақов жасанды Қаракөл көліне халықаралық мәртебесін беру туралы бастаманы тағы көтерді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Әділбек Қозыбақов «Жер бетіндегі өмірді қорғау» атты дүниежүзілік жабайы табиғат күні тақырыбын еске сала отырып, Расмсар Конвенциясы туралы ұғымды және Қазақстан табиғаты үшін маңызды халықаралық құжаттың қаншалықты пайдалы екенін түсіндірді.
Оның айтуынша, 1971 жылы 2 ақпанда Иранның Рамсар қаласында қабылданды. Онда негізінен суда жүзетін құстардың мекендейтін жері ретінде халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлер туралы айтылған. Ал Қазақстанда бұл құжат 2007 жылы өз күшіне енген.
Бүгінгі таңда Қазақстанда халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптардың 10 нысаны бар, жалпы ауданы - 3 281 398 гектар.
«Орталық Азиядағы Рамсар конвенциясының қағидаттарын ілгерілету үшін бес ел (Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Тәжікстан) арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды күшейту арқылы 2016 жылы Орталық Азияның Рамсар өңірлік бастамасы құрылды. Үлкен аумақты экспресс-бағалау жұмыстарына менімен бірге Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев пен Ақтау қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары Бақытгүл Жақсылықова қатысты. Бізге кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі ең беделді ғалым-орнитологтардың бірі, РРИ-ОА үйлестіру комитетінің төрағасы, профессор Эльдар Анверович Рустамов баға жетпес консультациялық көмек көрсетті, сол үшін оған ерекше алғыс білдіреміз», – деп атап өтті өз әріптестерінің еңбегін Әділбек Қозыбақов
Еске сала кетейік, 3 ақпан күні Нұр-сұлтан қаласында «Еріктілер жылы» аясында Экология бойынша қауымдастықтар мен волонтерлердің слёті өтті. Маңғыстаулық эко-волонтер, биолог Әділбек Қозыбақов Маңғыстау облысы бойынша «ресми амбассадор» болып сайланды.
Эко-волонтерлықпен 2004 жылдан бері айналысады. Соңғы жылдары ол жергілікті қоғамдастықтарды биоәртүрлілікті сақтау жөніндегі түрлі іс-шаралар мен жобаларға белсене қатысуға шықырады.
Мысалы, 2016 жылдан бастап жыл сайын қаңтар айының ортасында Ақтау маңындағы Қаракөл көлінде жастардың Солтүстік жарты шардағы қатпайтын су айдындарында суда жүзетін және су маңындағы құстардың Халықаралық қысқы есебіне қатысуын ұйымдастырып келеді. Синхронды есеп ғаламдық қауіп төндіретін құс түрлерінің санын объективті бағалауға және оларды сақтау бойынша қажетті шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ол Қазақстанның негізгі орнтологиялық аумақтарының бірі ретінде Қаракөл көлін санитарлық тазалау бойынша экологиялық акцияларды, соның ішінде халықаралық «Саябақтар маршы» табиғат қорғау акциясын үнемі ұйымдастырады. Маңғыстау жұртшылығына ақбөкен мүйіздерін заңсыз сатуға қарсы ауқымды ақпараттық кампаниялардың бастамашысы және ұйымдастырушысы, Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне номинациялауды қолдаушысы ретінде белгілі. Бұл акцияларға 3000-нан астам адам қатысты, көпшілігі – оқушы мен студент.
Ол барлық іс-шараларды Маңғыстау облысының мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарымен, атап айтқанда облыстық экология департаменті, облыстық жануарлар дүниесі орман шаруашылығы аумақтық инспекциясы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы, қалалық және аудандық әкімдіктер, Yessenov univercity, туризм колледжі, Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, «Білім-Инновация» лицей-интернаты, «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС бірге өткізеді.