Бейнеуде аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан ашық турнир өтті. Бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов, жасөспірімдер арасында Маңғыстау облысының аға жаттықтырушысы Асхат Камалов, бокс бойынша Олимпиадалық резервке мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің басшысы Жандарбек Исановтар жарысқа арнайы қонақ ретінде шақырылып, ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өткізілген жарысқа көршілес Қарақалпақстан Республикасынан, Атырау облысының Құлсары қаласынан, Маңғыстау облысына қарасты барлық қала, аудандардан 100-ге жуық спортшы қатысып, өзара сынға түсті. Төрт күнге созылған байрақты бәсекеде төрешілер шешімімен Ақтау қаласының құрама командасы І орын, Мұнайлы ауданының құрамасы ІІ орын, Бейнеу ауданының құрама командасы ІІІ орынға ие болып, жарыс жеңімпазы атанды. Сонымен қатар «Жеңіске деген жігері үшін» аталымына Қарақалпақстан Республикасының спортшысы Олжабай Қалмұратов лайық деп танылса, «Ең үздік боксшы» аталымы Мұнайлы ауданынан Қадыр Ағажанға, «Ең үздік жекпе-жек» аталымы бейнеулік Амандық Ақботаев пен Маңғыстау ауданынан Бәтеш Қуанышқа бұйырды. «Ең үздік төреші» аталымы Маңғыстау ауданынан Ұлағат Қосаевқа берілді. Жеңімпаздар Бейнеу аудандық мәдениет және спорт бөлімінің медаль, кубок, дипломдарымен марапатталды.
Үміт ҚАЗДАЕВА