©
Бейнеу аудандық әкімдігінің мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімі Бейнеубек Әбілов, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, Қоғамдық кеңестің мүшелері, бөлім басшылары, ауыл әкімдері және мекеме басшылары қатысты. Жиынды аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Шайхы Азанов ашып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қысқаша түсінік берді. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Бейнеубек Көңілімқосұлы ауданның жағдайын жақсартуда өткен жыл ішінде қандай істердің атқарылғандығы туралы баяндама жасап, Қоғамдық кеңес алдында есеп берді. Аудан халқы жыл сайын өсіп келеді. Былтырмен салыстырғанда аудан халқы 1400 адамға өсіп, қазіргі таңда 69500-ге жеткен. Елге оралған қандастар мен аудандағы демографиялық өсімнің артуы көңіл қуантады. Барлық көздерді қоса есептегенде әлеуметтік қорғау саласына бөлінген қаржы былтырмен салыстырғанда 11 пайызға өскен. Есепті мерзім ішінде жұмыссыздықты азайту мақсатында адамдарды ақылы қоғамдық жұмысқа тарту, бос жұмыс орын жәрмеңкелері, жұмыспен қамту ұйымдары арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу, «Жастар практикасы» бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан істері мен қатар ауданның барлық салалардағы әлеуметтік дамуы жайлы егжей-тегжейлі баяндалды. Соның ішінде тек бір мысалын айта кетсек, денсаулық сақтау саласында орталық ауруханаға өткен жылы 2 хронодиализ аппараты мен рентген аппараты және жедел жәрдем бөлімшесіне бір санитарлық автокөлік алынған. Сонымен қатар, 2019 жылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік келісіміне сай 350 млн. теңгеге компьютерлік томограф пен 78 млн.теңгеге УДЗ аппараты сатып алынбақшы. Есеп беру жиналысында аудан әкімі Бейнеубек Әбілов барлық салалар бойынша атқарылған жұмыстар мен жетістіктері туралы баяндап, алдағы орындалатын міндеттерді саралады. Жиналыста Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныс, пікірлері тыңдалып, қойылған сұрақтары мен мәселелеріне аудан әкімі нақты жауап берді. Қоғамдық кеңес мүшелері ауданда есепті мерзім ішінде атқарылған жұмыстарға ризалықтарын білдіріп, аудан әкімінің жұмысына жақсы баға берді.Үміт ҚАЗДАЕВА, Бейнеу ауданы