Ағайынды Рысқалиевтар - Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның інісі, ҚР Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Аманжан Рысқалиевке қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлауынша, Атырау облысының экс-әкіміне өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену, қылмыстық топ құру және оны басқару, лауазымдық уәкілетін асыра пайдалану және пара алу деген айып тағылған. Ол осы айып бойынша кінәлі деп табылып, 17 жылдан бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Ал оның інісі А. Рысқалиев 16 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза кесілді. Айып парағына сәйкес, Бергей Рысқалиев Атырау облысы әкімдігінің өзге лауазымды тұлғаларымен алдын ала келісе отырып, өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, өзіне сеніп тапсырылған аса ірі көлемдегі мемлекеттің ақшалай мүлкін иеленген. Ол осы әрекеті арқылы мемлекетке келген 72 миллиард теңге зиян келтірген. Қылмыстық іс 754 томнан тұрады. Сотталушылардың сотқа келмеуіне байланысты үкім сырттай шығарылды. Айта кетелік, Бергей Рысқалиев Атырау облысын 2006-2012 жылдар аралығында алты жылдай уақыт басқарған. Бүгінде ағайынды Рысқалиевтарға халықаралық іздеу жарияланған.