Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов халық алдында есеп берді. Былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталып, баяндама жасаған соң тұрғындар сауалына жауап берді. Тұрғындар сауалының басым бөлігі ПИК, қоғамдық көлік және шағынауданішілік құрылыстарға қатысты болды. Жиында көтерілген мәселелер мен сұрақтардың бірнешеуін ұсынып отырмыз. Майра Бекжанова: «7-12-3-те тұрамыз. Анам 88 жаста. 7-12-1-де бұрын авиакасса болған. Иесі қазір оны жалға беріп қойған. Тұрғындарға ортақ территорияны иемденіп, қазір асхана салып жатыр. Құрылыс салдарынан қазір терезеден ештеңе көрінбейді. Анам үлкен кісі болған соң көшеге қарап, парадты да тамашалап отыратын. Осы құрылысты салуға қалай рұқсат алғанын білмедік. Екінші сұрағым, 27 ш/а 16 мектепте немерелерім оқиды. Үлкен мектепте бір ғана спортзал бар. Дене шынықтыру сабағын шағын залда 3 сынып бірігіп өтеді. Осыны шешсеңіз». Қала әкімі құрылыс саласы басшысына тұрғынмен бірге барып, мән-жайды анықтап, шешуді тапсырды. Ал спортзалға қатысты білім бөлімі қарастырып, балалардың сабақ кестесін үйлестіретінін жеткізді. Жақсылық Мәмедалиева: «Тыныштық» тұрғын үйінде тұрамын. Қазір үй өте көп салынып жатыр, дегенмен сапасы нашар, терезелерінен жел гулейді. Сосын үйлердің алды тазаланбайды, ПИК 49 теңгеден алады. Бірақ осы уақытқа дейін жұмыс істеген жоқ. Ғ.Ниязов: ПИК – Кеңес үкіметінен кейін көтерілмеген мәселе. Елбасы өткенде олардың халыққа қызмет көрсетуі бойынша заң жасау қажеттігін өзі айтқан болатын. Заң сәуір айында қолданысқа енеді деп отырмыз. Оған дейін жұмыстар істеп жатырмыз, себебі бір жылда 377 арыз түсіп отыр. Қалалық тұрғын үй инспекциясында 3 адам қызмет етеді. Олар үлгермейді. «Тыныштықтан» арыз түскенін білемін. Қазір ПИК бойынша қоғамдық кеңес құрылды. Төрағасы – Киікбай Жақыпұлы деген азамат. Түскен арыздарды жинап, әр ПИК-ті тексеретін болады. Бұрын салынған үйді қабылдарда 12 мекеме қол қоятын, қазір тапсырыс беруші, құрылысты салушы, авторлық және техникалық қадағалаушы ғана қол қояды. Олар бізге әкеліп тапсырады. Біз оларды тексере алмаймыз. Сондықтан тұрғындарға айтарым, үйді сатып аларда, үйге көшерде, кем-кетігін жеткізсеңіздер. Қарасай Сүйірбаев: «Шығыс-3» ш/а тұрғынымын. Су, канализация, көше жарығы, асфальт мәселесі әлі жасалмай келеді. №1 автобус та жүріп бастаған еді. Интервалы 1 сағат болған соң халық мінбей, тоқтап қалды. 15-20 минут сайын жүріп тұрса, халық мінер еді. Ғ.Ниязов: №1 автобусты ашқанбыз. Оның ұзындығы 41 шақырымға созылып кетті, айналып шығу үшін қанша уақыт кетеді. Сол себепті оны қайта қарау керек. «Каспий» ӘКК-мен сөйлесіп жатырмыз, конкурс ұйымдастырып, бұл мәселені шешуге тырысамыз. «Шығыс-3» бойынша газдың құрылысын аяқтадық, халыққа берілді. Су мен канализация мәселесіне келсек, жердің бәрі халыққа берілгендіктен, оларға орын қалмаған. Жолға қатысты конкурс өтіп, мердігер анықталды. Бірақ су мен канализация жасалғанша жол құрылысын тоқтатып отырмыз. «Шығыс-3» бойынша жоба қаржысы 800 млн болып тұр. Қаржының ретіне қарай жұмыс істеледі. [caption id="attachment_70311" align="aligncenter" width="1024"] Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов[/caption] «Шығыс-3» ш/а тағы бір тұрғыны Қуат Қожабай да су мен канализация жүргізу, қала ішін жарықтандыру мәселесін көтерді. Одан соң 31а, 31б, 32а, 32б шағынаудандарының атауындағы әріптерді алып тастауды. 32,33,34 деп атауды ұсынды. Ғ.Ниязов: Бұл сұрақ мені де толғандырып жүр. Дұрыс сұрақ. Бас жоспар 2012 жылы бектіліп кеткен. Бір әріпті алып тастау үшін қаншама құжатты өзгерту керек. Қайта қарастырған кезде бұл мәселені де көтереміз. 2-топтағы мүгедек, зейнеткер Дариға Тасарова облыстық мүгедектер қоғамының ғимараты мен мүмкіндігі шектеулілердің баспана мәсеселін көтерді. «Ол ғимаратты мен барып көрдім. Оған жауапты мекеме банкротқа кеткен соң оны басқа мекеме сатып алды. Сондықтан сіздің қоғамның мәселесін, қарап, шешеміз», - деді қала басшысы. Еңлік Ибраева: 13 ш/а тұрамын. №5 автобуспен қатынаймыз. Бірақ ол 30-35 минут сайын келеді. Жұмысқа, сабаққа баратын оқушылар, студенттер қыстырылып пазикке мінеміз. Өзі сыймай жатқан халыққа кондуктор «ысырылыңдар» деп айқайлайды. Осы №5 автобустың мәселесін шешіңізші. Жамал Кетарова: Жасым 80-ге таяды. 33 ш/а тұрғынымын. Аялдамаға жету, одан мініп-түсу қиын. Одан бөлек автобустар кей аялдамаларға тоқтамай кетеді. Осыны қадағаласаңыздар. Жетібай Құбашев: Қазір №5 бағыт бойынша 10 минут сайын 14 автобус жүріп жатыр. Интервалы ұзақ емес. Аялдамаға қатысты сауалды қарастырамыз.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="70312,70310,70313,70308,70311,70305,70314,70315,70309"]