©
Ақтауда қала әкімі Ғалымжан Ниязовтың халықпен есеп беру кездесуі өтті. Қала тұрғындары әкімнің есебін тыңдап, көкейіндегі сауалдарына жауап алып қайтты. Ғ.Мұқырұлы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін негізгі нәтижелермен қоса қала әкімдігі іске асырған жұмыстарға тоқталды. Былтыр Ақтаудағы өнеркәсіп кәсіпорындары 222,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, құрылыс жұмысының көлемі 60,1 млрд теңгені құраған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі - 434,3 млн теңге. Қала бойынша жаңадан 11575 жұмыс орны ашылған. 1624 қала тұрғыны жұмысқа орналасса, жұмыссыздар саны – 2503. 2018 жылы салық және басқа да түсімдерден бюджетке 341,3 млрд теңге түскен.Баспана
Ақтауда 11 категория бойынша 9161 адам үй кезегінде тұр. Былтыр 32 шағынауданнан 478 пәтер берілген. «7-20-25» бағдарламасы бойынша қалада 29 жекеменшік құрылыс мекемесі айнылысып жатыр. Ақтау қаласы 2 млрд 79 млн теңгеге 254 өтініш қабылдап, республикада үштікке енген. Қала бойынша жалпы көлемі 661,5 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. «Халық санының белсенді өсіп, ауыл халқының қалаға көшіп келуіне байланысты Бас жоспарға өзгеріс енгізу керек болып отыр. Бас жоспар 2012 жылы бекітілген. Қалада 29 849 Га жер болса, оның 9 мың Га ғана тұрғын үйге, мәдениет ошақтарына, басқа да нысандарға арналған. Қалғандары өндірістік аймаққа арналған. 2000-2010 жыл аралығында 71 мың адам жер кезегінде тұр. 2010 жылдан бастап 10 соттық жер беру бойынша арыз қабылдау тоқтатылған. Осы мәселені шешу бойынша жобалар жасақталып жатыр», - дейді Ғ.Ниязов. Сондай-ақ қала басшысы 19 ш/а тұрғын үйлер мәселесіне қатысты ескертуді де айта кетті. «Ол шағынауданның әлі газ, су, тогына жоба жасалмаған. Сондықтан бұл жер бойынша құрылысшылардың эскизді жобаларын өткізіп, лимитін беріп жатқан жоқпыз. Ертеңге күні құрылыс салып, оны халыққа сатса, тұрғындар арызын айтып әкімдікке келеді. Сондықтан абай болуға шақырамыз», - деді ол.Автожол
Ақтау қаласы бойынша жергілікті маңыздағы ұзындығы 200 шақырым автожол бар. Оны күтіп ұстау бойынша 611 млн теңге қаржы бөлінген. «Сондай-ақ бағдаршамдар мен жаяу жүргінші өткелдері көп қозғалатын мәселе. Былтыр 57 бағдаршам жаңасына ауыстырылды. Қазір халықтың сұранысы бойынша жаяу жүргінші өткелдерін жарықтандыруды қолға алмақпыз. 1 ш/а толықтай тротуармен қамтылды», - дейді қала әкімі.Қоғамдық көліктер
Автобустардың жаңармауы республика бойынша Ақтауда ең төмен жолақы болуымен байланысты дегенді айтты қала басшысы. «Қала бойынша 6 маршрутта 70 автобус жүреді. Оның 20-сы - шетелдік автобус. Қалта ұрлығы жиілеуіне байланысты 58 автобусқа 73 бейнекамера орнатылды. Сондай-ақ “infobus” мобильді қосымшасы халыққа ұсынылды. Бұл жұмыстарға жауапты жеке кәсіпкерлерге тағы 20 автобус, Мұнайлы ауданына қарасты мекемелерге де 20 автобус сатып алуды тапсырдық. Бір автобустың құны 30-68 млн теңге аралығында», - деді ол.Көгалдандыру
«Бұрын қаланы көгалдандыру жұмыстарын «Қала жолдары» мекемесі атқарған. 1325 адам жұмыс істеді. Мекеменің 471 млн теңге қарызы болған еді, оның бүгінде 320 млн теңгесін төледі. Былтырғы конкурста көгалдандыру жұмыстарын «Қазақ зағиптар қоғамы» жеңіп алды. «Қала жолдарының» 130 маманын соған жұмысқа кіргізгенбіз. Бірақ сынға көп ұшырады, өздеріңіз білесіздер. Сол себепті ақылдаса келіп, көгалдандыруды «Қала жолдарына» қайта беретін болдық».Лифт шаруашылығы
«2002 жылға дейін салынған 174 көпқабатты үйде 337 лифт бар. Стандартқа сәйкес бір лифтінің жұмыс істеу уақыты 25 жылдан аспауы қажет. Бұған дейін тұрғын үйлердің бір лифтілерін ауыстырғанбыз, биыл тағы 20 лифтіні ауыстыру үшін 160 млн теңге қаржы бөлінді».Пәтер иелері кооперативі
Ақтауда барлығы 70 ПИК бар. Бір жылда оларға қатысты 377 арыз түскен. Осыған байланысты әкімдік олардың жұмысын жіті қадағалауды қолға алған. «Былтыр ПИК-тердің жұмысы қанағаттандырған жоқ. Қала әкімдігіне қарайтын тұрғын үй инспекциясы деген мекеме бар. Ондағы 3 маман күні-түні жұмыс істейді. Олар жұмыстары дұрыс орындалмаса ПИК-терге ескерту береді. Ескерту орындалмаса, айыппұл салады. Соңында сотқа береді. Бұл процестің бәріне 6 айдай уақыт кетеді. Инспекция құзырында ПИК-тің қаржылық-шаруашылық әрекеттерін тексеретін құжат жоқ. Сондықтан қалалық қоғамдық кеңес жанынан комиссия құрдық. Осы комиссия ПИК-тердің жұмыстарын тексеретін болады. Олар 30 теңге тарифтің қайда кетіп жатқанын айтуы керек деп тапсырма бердім. Бірақ ол ПИК басшыларына ұнамай жатыр. Бірақ бәрін анықтап, түбіне жетеміз», - дегенді айтты Ғ.Мұқырұлы.Білім беру
Ақтауда 84 балабақша бар. Онда 14644 бала тәрбиеленіп жатыр. 2018 жылы барлығы 11495 орындық 9 балабақша ашылды. Балабақшамен қамтамасыз етуді 100 пайызға жеткізу үшін салынып жатқан тұрғын үйлердің астыңғы қабатынан бөбекжай ашу да жоспарланған. «Үш ауысымдық оқу да өзекті мәселе. Мұнайлы ауданының өзінен 1345 бала қалаға қатынап оқиды. Бұған себеп – Мұнайлы ауданында мектеп салатын жердің, екіншіден, орыс тілінен дәріс беретін мұғалімнің жоқтығы. Қазір қалада 6 мектептің жобасы дайын тұр. Жаңадан ашылған перинаталдық орталыққа қарама-қарсы 900 орындық мектеп салынады. 18,19 ш/а 1200 орындық, Шығыс-1 ш/а 300 орындық мектептің жобасы қаңтарда дайын болады. 31,32 шағынаудандарда мектеп салатын жер жоқтығын бұрын айтқанбыз. Соған байланысты «Эль дивино» мейрамханасына қарама-қарсы (31 а ш/а) 3 гектар жерді иесі мектеп құрылысын салуға берді», - деді әкім.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН