Маңғыстауда жыл басынан бері қалта ұрлығы өскен. Оның 95 % Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында болып отыр. Қылмыстардың ашылмай қалғанын ескере отырып, 57 автобусқа бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл туралы Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қанат Таймерденов есеп беру кездесуінде мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

«Мал ұрлығының алдын алу мақсатында ауыл-шаруашылығы малдарын чиптеу мәселесі ведомствоаралық комиссияда екі рет қаралды. Бүгінгі таңда атқарылған шаралардың нәтижесінде 16 мың жылқы чиптелді», — деді Қ.Таймерденов.

Айта кетейік, бүгінде облыста барлығы 502 мың 791 мал тіркелген, оның ішінде ірі мүйізділер — 21 114 бас, уақ мал – 459 762, жылқы – 76 105, түйе – 68 350.

«Сондай-ақ пәтер ұрлығы мен қоғамдық орындардағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында көшелерде бейнебақылау камералары орнатылып жатыр. Ақтау қаласындағы көпқабатты үйлердің кіреберістеріне 500-ден аса, Жаңаөзен қаласында 110 бейнебақылау камерасы орнатылған», — деді Қанат Таймерденов.

Сондай-ақ Жаңаөзенде 2019 жылдың бірінші тоқсанында «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ қаражаты есебінен көшелер мен қоғамдық орындарда 120 камера орнатылмақ.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Көрнекі суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз