Қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасындағы ҚР Кубогінде маңғыстаулық қос балуан жеңімпаз атанды. Нұрдәулет Жарылғапов 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде күміс және түйе балуан белдесуінде алтын жүлденің жеңімпазы атанса, әйелдер арасында Райгүл Қалдыбаева 78 келіде қола жүлдеге ие болды. Байрақты бәсеке 1-4 мамыр аралығында Шымкент қаласында өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Аса ауыр салмақтағы балуандар арасында «Түйе балуан» жүлдесі жарыстың төртінші күні сарапқа салынды. Боз кілемде 42 балуан белдесіп, ақтық сайыста Нұр-Сұлтан қаласының балуаны Олжас Шынкеев пен маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов кездесті. «Түйе балуан» 14 секундтың ішінде анықталды. Жеңімпаздарды Қазақстанның бірнеше дүркін "түйе балуаны", ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ш.Тұрсынов пен "ЗакКар" қазақ күресі клубының директоры А.Зикиров марапаттады. Ал әйелдер арасындағы белдесуге Қазақстанның түпкір-түкпірінен 54 спортшы қатысты. 78 келі салмақта белдескен Райгүл Қалдыбаева шымкенттік А. Амангелдиева мен солтүстік қазақстандық Н.Маратоваға жол беріп, үшінші орынға ие болды. 78 келі салмақтағы балуандарды СҚО "Қызылжар арландары" қазақ күресі клубының директоры Е. Мырзабосынов марапаттады. Қазақ күресін бұқаралық негізде дамыту және оны халықаралық жарыс дәрежесіне дейін жеткізу мақсатында өткен Қазақстан Республикасының Кубогіне республиканың барлық өңірінен 630 балуан қатысты. Ерлер 8 салмақ және "Түйе палуан" санаты бойынша, әйелдер 7 салмақ бойынша күресті. Нағыз балуандарға тиісті біліктілік талаптарынан өткен төрешілер қазылық жасады.
Суреттер Қазақ күресі федерациясының парақшасынан