Республикалық дәстүрлі «Ақ бидай» ауыл спорты спартакиадасы өз жалауын көтерді. Облыстық спартакиада құрамына енген волейболдан (ерлер, әйелдер) спорт жарыстары 1, 2 шілде күндері Құрық ауылындағы спорт кешенінде өтіп, жеңімпаздар анықталды. Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығымен алтыншы рет өткізіліп отырған ойындардың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Е. Күмісқалиев, облыстық спорт басқармасының басшылығы және аудан құрама командалары қатысты. Салтанатты сапқа тұрғызылған құрамалар алдында сөз кезегін алған Е. Күмісқалиев жарысқа қатысушыларды құттықтай отырып, сәтті өнер көрсетулеріне тілектестік білдірді. «Ауданымызда спорт түрлері жақсы дамыған, саладағы қол жеткізген жетістіктерміз де толымды. Осыны ескере отырып, жарыс өткізуді бізге беріп отырған басқармаға рахмет! Кездесулер жоғары деңгейде өтеді деген сенімдемін» - деді. «Спорт - денсаулық кепілі. Спорт - ел мен елді жақындастыратын достық дәнекері. Белгілі бір нәтижелер тынымсыз төккен тер мен ұдайы жүргізілген жаттығулардың арқасында келеді. Сондықтан спорт жолында жүрген жалындаған жастарымызға бағындырар биіктеріңіз көп болсын демекшімін!» - деген спорт басқармасы төрағасының орынбасары Р. Элизарованың сөзін қатысушылар зор өрлеу үстінде қарсы алды. Мемлекеттік әнұран орындалып, ән мен күйге кезек берілді. Екі күн бойы алаң төрін дүбірге бөлеген аламан сайыстардың нәтижесінде ерлер арасында Маңғыстау ауданының командасы топ жарса, Бейнеу ауданы екінші, Мұнайлы ауданы үшінші орындарды иеленді. Әйелдер арасында Мұнайлы командасының мерейі үстем болса, маңғыстаулықтар екінші, қарақиялықтар үшінші орындарға иелік етті. Жарысты ұйымдастырушылар тарапынан қатысушы командалардың әрқайсысына кубок пен медал, дәрежелі дипломдар табысталды. Бірінші орынды жеңіп алған құрамалар Ақтөбе қаласында өткізілетін алтыншы республикалық спартакиадада облыс намысын қорғайтын болады.
Жалғас АЙТҚҰЛОВ