Облыс орталығында алғаш республкиалық деңгейде трансплантат және диализдегі науқастар арасында спорттық жарыс өтті. Облыстық мүгедектер спорт клубында ұйымдастырылған жарысқа аймақ басшысы Ералы Тоғжанов арнайы қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Жарыс спорттың дартс, үстел теннисі, волейбол, боулинг және 50 метрге дейінгі қашықтықта жүзуден өтті.
- Біздің ұйым шараны ұйымдастыруға атсалысып, қолдау көрсеткен Маңғыстау облысының әкімдігіне, облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғыс айтады. Арнайы келіп спортшыларға сәттілік тілеп, рухани күш, жігер сыйлаған облыс әкімі Ералы Лұқпанұлына ризашылығымызды білдіреміз. Жарыстың ашылуына қатысып ғана қоймай Е. Лұқпанұлы біздің спортшылармен үстел теннисін бірге ойнап, үлкен қолдау көрсетті. Ақтау қаласында республикалық спорт жарысының өтуі өте маңызды деп есептеймін. Жарыстан жеңімпаз атанғандар шетелде өтетін халықаралық спорт сайысына қатысуға мүмкіндік алатын болады. Бұл - өмір сүруге деген құштарлықты арттыратын мотивация, - дейді «Өмір тынысы» қоғамдық ұйымының төрағасы Жәнібек Оспанов.
Жарысқа Астана мен Алматы қалаларынан және Маңғыстау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарындағы трансплантат науқастардан бөлек Ресей мемлекетінің 30 спортшысы қатысты. Жалпы ішкі органдарын алмастырған азаматтардың арасындағы Бүкіләлемдік спорттық ойындар ең алғаш 1978 жылы Англияда өткен. Сол кезде жарысқа 99 адам қатысқан екен.
- Мұндай спорттық жарыс ұйымдастыру арқылы біз трансплантат науқастардың денсаулығын нығайтамыз. Бір жағынан бұл жарыс 2018 жылы Италияда және 2019 жылы Англияда трансплантат науқастар арасында бүкіләлемдік жазғы спорт түрлерінен өтетін жарысқа дайындық есебінде ұйымдастырылып отыр. Адам өзінің денсаулығына байланысты қоғамнан артта қалып қоймауы керек. Денсаулығына байланысты өзін төмен ұстамау да тиіс деп санаймын, - дейді «Өмір тынысы» қоғамдық ұйымының төрағасы Жәнібек Оспанов.
Тартысты өткен жарыстың қорытындысында волейболдан командалық есепте бірінші орынға Алматы облысының құрамасы лайық деп танылса, екінші орынға Ақтау қаласының командасы және үшінші орынға Алматы қаласының командасы тұрақтады. Дартстан бірінші орынды астаналық Ж. Оспанов иеленсе, екінші және үшінші орындарды ақтаулық М. Шалабаев мен С. Калменовтар өзара бөлісті. Одан бөлек боулингтен ерлер арасында алматылық Е. Мұхамадиев, ресейлік Ю. Савелье, қостанайлық А. Ерғалиев және әйелдер арасында астаналық Г. Смайлова, ресейлік Л. Царегородцева, ақтаулық Г. Ізтілеуова жеңімпаз атанды. Жүзуден 18 бен 39 жас аралығындағы ерлер арасында астаналық Ж. Имашев, тараздық А. Есқалиев, алматылық Ж. Екінбаев және 40 пен 65 жастағы ерлер арасында астаналық Ж. Оспанов, Ю. Кандалов, алматылық Ж. Нұров жеңіске жетті. Үстел теннисінен ерлер арасында бірінші орынды қостанайлық А. Ерғалиев, ресейлік Ю. Савелье, әйелдер арасында қостанайлық Л. Табажанова қанжығаласа, екінші және үшінші орындардан алматылық Ж. Екінбаев, А. Түйғанбаев, Ж. Нұров, А. Ховдахан, Б. Ниетжанова, ресейлік Л. Царегородцева көрінді.
Венера МИРЛАН