Жаңаөзенде өткен халықтық марафонға 1000-ға жуық адам қатысты. Олар 7 шақырым жолды жүгіріп өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Халықтық марафон «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның 55 жылдығы мен «Бизнес 3 күнде» жобасы аясында өтті. Спорттық шара 4 жас санаты бойынша ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын ұстанған қала тұрғындары Р.Өтесінов атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінен бастап жібек жолы базарына дейін жетті, әрі қарай теміржол вокзалына бағыт алды. Сондай-ақ «Мұнайшы» мәдениет үйінің алдымен Сәтпаев көшесі арқылы Ә.Тұяқов атындағы стадиондағы мәреге келді. Марафон нәтижесі бойынша ерлер арасынан 1-орынды 55 жастағы Бақтыбай Қойланов алды. Ол – жас кезінен бастап спортпен шұғылдануды әдетке айналдырған азамат. «Бүгінгі халықтық марафонда жүлделі 1-орынға ие болдым. 7 шақырым қашықтықты жүгіріп, мәреге бірінші келу шапшаңдықты, табандылықты талап ететіні белгілі. Таңертең мұздай суға түсу, күнде жүгіру менің сүйікті ісімнің бірі болғандықтан марафонда қиналмадым. Мәселе орын алуда емес, қатысуда. Мұның өзін үлкен жетістік деп есептеймін. Сондықтан да жастарды, жалпы халықты салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға шақырамын», - дейді марафон жеңімпазы Бақтыбай Қойланов.
Ал әйелдер арасында жүзден жүйрік шыққан Әйгерім Құлатаева 20 жасынан бері жүгіруді әдетке алналдырған. Ол өз жеңісін «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның 55 жылдығына арнайтынын айтты.
Жаңаөзен қаласы спорт бөлімінің басшысы Мұрат Әлиевтың айтуынша, мұндай ауқымды спорттық шара екінші рет өткізіліп отыр.
«Марафонға жиналған тұрғын көп болды. Барлығы да шараның қызықты әрі тартысы өтуіне атсалысты. Жарыста оза шауып, мәреге алғашқы келген жеңімпаздарға қомақты сыйлықтарды тағайындадық. Алдағы уақытта да халықтың салауатты өмір сүруіне, спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін турнирлер мен марафондарды өткізу жоспарда бар», - дейді ол.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="77952,77950,77953,77951"]