Бейнеу ауылындағы көшелердің біріне Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімі берілді. Бұл туралы Бейнеу аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Марат Болысов мәлім етті.
Оның айтуынша, аудан көлемінде ескірген және қайталама атаулары бар көшелерге жаңа атау қоюға облыстық ономастика комиссиясы шешім қабылдады.
«Тарихи тұлғалардың есімдерімен көше атауы жаңарады. Осы орайда, Бейнеу және Ақжігіт ауылындағы көшелерге жаңа атау берілді. Мәселен, М. Хибас көшесімен бағыттас орналасқан Мәди Бегенов көшесі енді Әлихан Бөкейханов көшесі болып белгіленді. Бұл ақпараттың барлығы облыстық ономастикалық комиссияға алдын-ала жіберіліп, көше атауын өзгертуге рұқсат берілді», - деді Марат Болысов.