Бейнеу ауданындағы орта мектептің 3 оқушысы Ақмола облысында орналасқан «IQanat High School of Burabay» мектеп-пансионатының тегін грантын жеңіп алды. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Шохан Жаулиев мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, 2021 жылдың мамыр айынан бастап республика бойынша ауыл мектептеріне арналған «Iqanat» олимпиадасының қорытынды кезеңі өткен болатын. Бейнеу ауданынан 8 оқушы бақ сынаған.
«Республикалық кезеңге 8-9 сынып оқушылары қатысты. Аудандық кезеңде оқушылар жаратылыстану және гуманитарлық пәндер бойынша тест тапсырды. Кейін облысқа 8 оқушы іріктеліп алынған. Олимпиаданың облыстық кезеңі қорытындыланып, Боранқұл орта мектебінің 9 сынып оқушысы Серік Тегісбаев, Атамекен орта мектебінің 8 сынып оқушысы Марал Маратова және Сыңғырлау мектеп-бөбекжай кешенінің 8 сынып оқушысы Нұрғиса Орысбай жеңімпаз атанды. Енді оқушылар Бурабайдағы «Iqanat» мектеп-пансионатында тегін білім алады»,- деді Шохан Жаулиев.
Айта кетейік, IQanat High School of Burabay - бұл «Iqanat» олимпиадасының Республикалық кезеңінің финалистері, ауылдық жерлерден келген 200 дарынды оқушыға арналған мектеп-пансионат. Финдік технологиялар бойынша жобаланған білім ордасында тәжірибелі педагогтар елдің болашақ зияткерлік элитасын халықаралық стандарттар бойынша оқытады.