Бұл науқанның жөні бөлек, ерекше болайын деп тұр. Ауыл әкімдерін енді халық сайлайды. Бұрын-соңды мұндайды өткізіп көрмеген едік. Осы жаздың маңызды саяси оқиғасы 25 шілде болып белгіленді. Жалпы сайлауға түсетін кандидат 25 жастан асқан, бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасының азаматы болуы және жоғарғы білімі де болуы керек. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған маңызды қадамдардың бірі. Өйткені реформа жергілікті басқару жүйесіне қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Ауыл тұрғындары өздерінің көңілінен шығатын және әлеуметтік талаптарын орындай алатын әкімін таңдайды. Ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзімі өзгерген жоқ. Олар 4 жылға сайланады.
Бұл сайлауға Маңғыстау облысы бойынша «Nur Otan» партиясынан 8 кандидат тіркелді. Оның ішінде Бейнеу ауданы бойынша 4 кандидат Сарға ауылына Еміл Тұрлан Хабибуллаұлы, Есет ауылына Ізбасаров Амандық Дүйсенбекұлы, Төлеп ауылына Нұрхожаев Базарбай Орынбасарұлы және Сам ауылдық округінің әкіміне Жапаров Өтеғали Айтқалиұлы сайлауға түсіп жатыр.
14 шілде күні сағат 18.00-ден бастап, 23 шілде сағат 00:00 аралығында үгіт-насихат науқаны басталды. Үгіт басталған екі күнде үміткерлер халықпен кездесіп, өздерінің сайлау алды бағдарламаларымен таныстырып, ұсыныстарын тыңдады. Партия өз кандидаттарын ұсына отырып, бірінші буын әкімдердің ел Президенті ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықпен өзара әрекеттестігінің жаңа мәдениетін қалыптастыра отырып, заманауи тәсілдерді енгізу болып табылады.
"Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды," деген Мемлекет басшысының сөзімен қорытындылаймын. Ауыл тұрғындарын сайлауға белсенді қатысуға шақырамын.
Тұралы Жолышов,
«Nur Otan» партиясы Бейнеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары