Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы жаңа КТ аппараты және эндоскопиялық кешенмен толықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Соңғы үлгідегі медициналық құрылғыны «Тоталь Е энд П Дунга ГмбХ» компаниясы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында табыстады. Облыстық балалар ауруханасының директоры Аманбек Қабдешұлының айтуынша, аталған құрылғы науқас балалардың ішек құрылысын, өкпесін тексеруге арналған.
«Бұл құрылғы әлеуметтік жоба арқылы «Total» компаниясының демеушілігі және Маңғыстау облыстық әкімдігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен беріліп отыр. Мамандар үшін КТ аппараты мен эндоскопиялық кешеннің көмегі зор. Себебі ауыр жағдайда ауруханаға келетін науқастарды емдеуге мүмкіндік береді. Қазір дәрігерлер берілген құрылғыны пайдаланып, өз жұмыстарын бастап кетті», - дейді облыстық балалар ауруханасының директоры Аманбек Қабдешұлы.
Жалпы бұған дейін балалар ауруханасында жылжымалы КТ аппараты болған. Десе де қызмет көрсету сапасы төмен. Осы орайда мамандар жаңа құрылғының мүмкіндігі жоғары болатынына сенеді.
Еске сала кетейік, былтыр да «Total» компаниясы өкпені жасанды желдететін «Hamilton G5» аппаратын, рентгендік-диагностикалық «С-дуга Ares MR» және ИВЛ аппаратын табыстаған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Сурет автордан