Кеше «Ақжайық» алаңында «Каспий» футбол командасы 0:3 есебімен жеңіске жетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ойынның 36 минутында «Каспий» сапының ойыншысы У. Сали алғашқы голды салды. Содан соң Д. Караев есепті еселеді. Ойынға қосымша 4 минут қосылған болатын. Аталған соңғы минутты «Каспий» ойыншылары ұтымды пайдаланды. Яғни Р. Сахалбаев қарсылас қақпаға гол салып, жанкүйерлерін қуантты.
Ал «Ақжайық» командасы өз алаңында есеп аша алмады.
«Каспий» командасының бас бапкері Срджан Благоевич матч туралы өз пікірін білдірді.
«Ауа-райының аптап ыстығы алаңдағы ойыншыларға өте қиын болды. Мен өз ойыншыларым мен қарсыластарымның күш-жігерін мақтан етемін. «Ақжайық» - қазіргі уақытта өсіп келе жатқан және нақты тұжырымдамасы бар команда. Ал біз осы ойынға мұқият дайындалдық. Алдыңғы ойындардан біраз тәжірибе алып, қателікпен жұмыс істедік.
Алдағы 5 күнде тағы бір ойын бар. Содан кейін қысқа демалысқа шығамыз. Онда демалып, маусымды жалғастыру үшін жаңа күш аламыз. Біздің осы маусымдағы мақсатымыз – Лигада қалуымы және өткен маусымға қарағанда жетістікті көбейту. Естеріңізге сала кетейін, өткен маусымда біз 17 ұпай жинаған едік, ал қазір маусымның ортасындамыз, 19 ұпай бар. Бұл біздің алға басқанымызды анық көрсетеді. Біздің жеке амбицияларымыз алға жылжуға мүмкіндік береді», - дейді ол.
Қазір «Каспий» командасы турнирлік кестеде 5-орынға тұрақтады. Десе де бас бапкер Срджан Благоевичтің айтуынша, кестедегі ұпай саны тұрақсыз. Себебі бір жеңіліс немесе жеңіс кесте көрінісін тез өзгертеді.
«Сондықтан нақты нәтижеге қол жеткізіп, топ команда ретінде көрінгіміз келсе, әр ойында ең жақсы ойын өрнегін көрсетуіміз керек», - дейді ол.
Еске сала кетейік, 29 мамыр күні «Жас Қанат» стадионында маңғыстаулық «Каспий» нұр-сұлтандық «Астанамен» кездеседі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер «Каспий» ФК алынды