Маңғыстау облысында жыл соңына дейін 60 спорттық секция ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы жолдаған жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керегін, сонымен қоса, әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажеттігін айтқан болатын.
Осыған сәйкес, облыс әкімінің бақылауымен жарты жыл ішінде Маңғыстауда 17 спорт түрінен 39 үйірме ашылды.
Кеше Қарақия ауданында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Қошқарбаев пен облыстық үстел теннисі федерациясының төрағасы Ерболат Қожабаев үстел теннисін дамыту бойынша меморандумға қол қойды, делінген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, балалардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау үшін үстел теннисі федерациясы аймақтағы барлық үйірмені арнайы құрал-жабдықпен қамтуда.