Жақында Ақтауда дзюдодан «Жас батыр кубогы» республикалық ашық турнирі өтті. Турнир 2006-2008, 2009-2011 жылдары туған жасөспірім ұл, қыздарға арналды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдалды
Жарыс алдында жас спортшыларға мастер класс ұйымдастырылды. Шеберлік сағатын дзюдодан ХДШС, ҚР-ның жастар арасында ұлдар құрамасының жаттықтырушысы, Маңғыстау облысы ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы Айбек Имашев және дзюдодан Азия чемпионы, Еуропа кубогінің иегері, Ұлттық құраманың мүшесі Бауыржан Нарбаев жүргізді.
Фото авторы - Т. Құсайын
Содан соң жарысқа арнайы келген дзюдодан ҚР жасөспірімдер құрама командасының аға бапкері Бақытжан Төребеков, Дзюдо федерациясының рефери директоры, Қазақстан еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мухсин Нұртазин төрешілер мен бапкерлерге жиын өткізді. Осылайша бапкерлер де, спортшылар да жарыс алдында дайындық жүргізіп, тәжірибе алмасып, біліктілігін шыңдады.
Балуандар бәсекесі басталды
Ал 22 мамыр күні республикалық турнирдің салтанатты ашылуы өтті. Байрақты бәсекеге ел ішінен 1100-ға жуық спортшы қатысты Оған Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев, Самбодан ҚР ұлттық дәрежедегі спорт шебері, Азия, әлем чемпионы Сергей Волобуев, ҚР самбо федерациясының вице-президенті Айдос Амангелдіұлы, Дзюдо федерациясының рефери директоры, Қазақстан еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мухсин Нұртазин, дзюдодан ҚР жасөспірімдер құрама командасының аға бапкері Бақытжан Төребеков және тағы басқа спорт шеберлері арнайы келді.
«Құрметті спортшылар, Маңғыстау өңіріне қош келдіңіздер. Спорттық сында жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Осы ретте Маңғыстау облысы әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының атынан спортшыларға тек сәттілік пен жеңіс тілеймін. Турнирді ашық деп жариялаймын», - деді басқарма басшысы Қанат Жұмабаев.
Содан соң «Жас батыр» спорт мектебінің директоры Манарбек Жұбатқанұлы сөз сөйледі. Дәстүрлі түрде өткізілетін жарысты жеңіспен аяқтаған спортшылар есімін атап, отандық дзюдошылардың нәтижелеріне тоқталды. Сондай-ақ келген қонақтарға алғыс айтып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Татамиде топ жарғандар
Турнирдің алғашқы күні спортшылар 34, 38, 42, 46, 50, 55, 60 және +66 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Нәтижесінде Маңғыстау облысы 4 қола, 4 күміс, 3 алтын жүлдені еншіледі. Атыраудан келген балуандар 6 қола, 3 күміс, 1 алтын алса, Батыс Қазақстан обылсы 1 алтынды қанағат етті. Ал алматылық спортшы 1 алтын, түркістандық спортшы 1 қола, қызылордалықтар 3 қола, 1 алтын жүлдені қанжығаға байлады.
Екінші күні 24 келіден бастап +50 келіге дейінгі спортшылар өзара бақ сынасты. Нәтиже бойынша, маңғыстаулық балуандар 5 қола, 3 күміс, 4 алтын алды. Алматылықтар 4 қола, 2 күміс, 1 алтын жүлдені қанжығаға байлады. Ал Атыраудан келген спортшылар 2 қола, 1 күміс жүлдемен марапатталса, Қызылордадан келген балуандар 2 қола, 2 күмісті қоржынға салған. Батыс Қазақстанның спортшылары 1 алтын, күміске ие болса, ақтөбеліктер 1 қола және алтын медальмен марапатталды.
Осылайша жалпы есеп бойынша Маңғыстау облысы 1-орын алды. Жүлделі 2-орынды Атыраудан келген команда еншіледі. Ал 3-орынды алматылық команда иеленді.
Жеңімпаздар дипломдар мен арнайы кубокпен марапатталды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер «Жас батыр» спорт мектебінен алынды