Бүгін «Жас батыр» спорт мектебінде дзюдодан жасөспірімдерге арналған мастер класс өтті. Елдің әр өңірінен келген 200-ге жуық спортшы қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған шеберлік сағаты ертең басталатын «Жас батыр кубогы» ашық республикалық турнир аясында өткізіліп жатыр. Келген спортшыларға дзюдодан ХДШС, ҚР-ның жастар арасында ұлдар құрамасының жаттықтырушысы, Маңғыстау облысы ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы Айбек Имашев және дзюдодан Азия чемпионы, Еуропа кубогінің иегері, Ұлттық құраманың мүшесі Бауыржан Нарбаев оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп, татамиде жеңіс алып келетін тиімді әдістерді үйретті.
Алдымен спортшылар алғашқы жаттығуларды жасап, дене қыздырып алды. Содан соң ұтымды әдістерді жеке-жеке көрсетті, ал жасөспірім спортшылар жаттығу әдістерін қайталады.
«Шеберлік сағатының беретін мүмкіндігі, тәжірибесі өте көп. Біз бүгін спортшыларға ұстап қалу, тізерлеп ұстау әдісі, қарсыласты арқасына ұстау әдісін ғана көрсеттік. Ал қалған қылқындыру, ауырту әдісін көрсеткен жоқпыз. Себебі жасөспірімдерге бұл әдістерді қолдану әлі ерте, сондай-ақ ауырлық тиеді. Сондықтан тік тұрып қарсыласпен күресіп, шалуды ғана үйреттік. Сонымен қатар әдістерді оңтайлы қолданудың қыр-сырымен бөлістік», - дейді Маңғыстау облыстық ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы Айбек Имашев.
Оның айтуынша, негізгі мақсат – жас спортшылардың шеберлігін шыңдау. Бұған дейін де дзюдодан ұлттық құраманың мүшелері Бауыржан Нарбаев, Сұңғат Жұбатқан, Руслан Мұсаев, Бауыржан Сағынғалиұлы облыс аймағында шеберлік сағат өткізіп жүр.
«Турнир аясында тек жасөспірімдер ғана шеберлік сағатынан өтпейді. Төрешілер мен бапкерлер де бір-бірімен тәжірибе алмасып, өз біліктілігін шыңдайды. Арнайы осы спорттық жарыс үшін ҚР жасөспірімдер құрама командасының аға бапкері Бақытжан Төребеков, Дзюдо федерациясының рефери директоры, Қазақстан еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мухсин Нұртазин келді. Осы ретте жарыстың жоғары деңгейде өтуі үшін төрешілік семинарын өткізеді», - дейді «Жас батыр» спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов.
Айта кетейік, ертең Ақтауда жасөспірімдер арасында «Жас батыр кубогы» ашық республикалық турнир өтеді. Турнирге қатысуға 29 команда келген, қазіргі таңда 774 спортшы тіркеліп тұр. Спортшыларды тіркеу жалғасып жатыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН