Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына өкпені жасанды желдететін «Hamilton G5» аппараты, рентгендік-диагностикалық «С-дуга Ares MR» және хирургияға қажетті «4К мен 3D» форматтағы лапароскопиялық бейнекешені берілді. Соңғы үлгідегі медициналық аппараттарды «Тотал Е энд П Дунга ГмбХ» ЖШС сыйға тартты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Аманбек Жұмыровтың айтуынша, жылына 600-ден астам бала ауруханада ем алады. Оның 40 пайызы – 1 жасқа дейінгі балалар. Балаларға көмек көрсету үшін сапалы медициналық аппараттардың өңірде болуы маңызды. Қазіргі таңда аурухана соңғы үлгідегі үш құрылғымен толығып отыр. Мұның барлығы науқастарға жедел әрі сапалы қызмет көрсету үшін керек.
«Лапороскопиялық тіреуіш инвазиялық ота, оның ішінде балалардың ішкі құрылысына ота жасауда қажет болатын маңызды құрылғының бірі. Екінші аппарат «С-дуга Ares MR» деп аталады. Бұл травматологиялық аурулардың алдын алуға көмегін тигізеді. Сондай-ақ ауруханадағы науқастар үшін ауадай қажет болып отырған «Hamilton G5» аппараты да келді. Енді балалар ауруханасы тарапынан көмек көрсету деңгейі артады деген сенімдеміз», - деді ол.
Сонымен қатар Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев аймақтағы денсаулық сақтау саласының жақсаруына үлес қосып, демеушілік көрсеткен «Тотал Е энд П Дунга ГмбХ» компаниясының өкілдеріне алғыс айтты.
Ал «Тотал Е энд П Дунга Гмбх» компаниясының менеджері Шон Ларком ынтымақтастық әлі де жалғасатынына сенім білдірді.
«Ақтау қаласында 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Сондай-ақ «Доңға» кенорны арқылы өнім бөлу жөніндегі келісімді ұмытпай, әрбір міндеттемеге үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Осы ретте екі арадағы келісімнің 2039 жылға дейін ұзартылғанына қуаныштымыз. Менің де балаларым бар, сондықтан Ақтау қаласындағы кішкентай тұрғындардың денсаулығы жақсы болғанын қалаймын. Балаларға қолдау білдіру үлкен жауапкершілік деп білеміз және бүгін сыйға тарту етілген аппаратуралар расында да үлкен пайдасын тигізетініне сенімдіміз. Маңғыстау өңіріне көмектесуге әрдайым дайынбыз», - деді Шон Ларком.
Бүгінде аймақтағы дәрігерлер жаңадан берілген құрылғыларды тиімді пайдаланып жүр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА