Маңғыстау облыстық ауруханасында жүктілігі 37 аптадан асқан әйелге күрделі ота жасалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты МО Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Бұл ота әйелдің жүрегінде ауыр ақаудың және жүректегі ревматизм ауруының болуына байланысты жасалған. Облыстық аурухана дәрігерлері жүкті келіншекті ультрадыбыспен зерттеу кезінде осындай диагноз қойған.
Кардиохирург Альберт Абұлхасовтың айтуынша, жүкті келіншектің өкпесінің ісіп кетуіне байланысты оның демалуы қиындай түскен. Бүйрегі мен бауыры ауырып, дәрігерлердің көз алдында жағдайы нашарлаған.
Ақ халаттылар өзара ақылдаса келе кесарь тілігін жасап, өмірге дені сау ер баланың келуімен 5 сағатқа созылған ота сәтті аяқталған. Ал анасының қос жармалы қақпақшасы тарылғасын протездеу қажеттігі туындап, ашық түрде жүрекке ота жасауға тура келген.
Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеуінше, күрделі отаға кардиохирургтер, гинекологтар, сонымен қатар Ақтөбе қаласынан шақыртылған ультрадыбысты зерттеу дәрігері, кардиохирург, оның көмекшісі және анестезиолог қатысқан.
Ауруханада екі апта жатып емделген соң, әйелдің жағдайы жақсарған күннен бастап баласымен бірге үйіне жіберілді. Дәрігерлерге жиі хабарласып отырады. Өзінің денсаулығы туралы мәлімет беріп, қажеттілік туындаса олардың кеңесіне жүгінеді. Айта кету керек, облыстық перинаталдық орталығының және біздің аурухананың кардиохирургтарының біліктілігін арқасында осындай қиын отаны жасап шықтық. Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасы да қажетті қолдауды көрсетіп отыр, - дейді Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры Болатбек Қаюпов.
Айта кетейік, Маңғыстау облыстық ауруханасы тегін медициналық көмекпен қоса Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы да тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ