Елімізге жұмыс іздеп келіп, туберкулезбен ауырып қалған шетелдіктер үш жылдан бері тегін медициналық тексеруден өтіп, емделуде. Олардың емханада тексерілуі мен еміне жұмсалатын шығынды «Проект ХОУП» («Project HOPE») денсаулық сақтау қорының ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресуге арналған жаһандық қоры өтеп, қаржыландыруда. Жаһандық қордың қолдауымен Қазақстанда еңбекші мигранттар арасында туберкулезді трансшекаралық бақылау және емдеуге бағытталған бірнеше шара табысты жүзеге асырылып, биыл мәресіне жетті.
Таяуда аталмыш жоба аясында Ақтау қаласында бір жылда жүзеге асырылған жұмыстарды қорытындылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Оны ашып, жүргізіп отырған «Жолдас» үкіметтік емес ұйымының Ақтаудағы жоба үйлестірушісі Гүлнәр Жақаева жаһандық қор жобасының алты айға ұзартылғанын хабарлады.
Осы жарты жылда туберкулезге қарсы қызмет, бастапқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінің және үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) арасында Орталық Азия Республикалары мен басқа елдерден келетін еңбекші мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің туберкулезден сапалы емделуіне, оларды кемсітушілікті азайтуға бағытталған өзара тиімді іс-қимылды жолға қоюға тиіспіз,-деді ол.-Солтүстік-шығысы Атырау және Ақтөбе облыстарымен, оңтүстікте Түрікменстанмен, шығысында Қарақалпақстанмен шектесетін Маңғыстау облысына өзге елдер мен өңірлерден жұмыс іздеушілер көптеп келуде. Көші-қон қызметінің мәліметтері бойынша өткен жылы Түрікменстаннан 4686, Түркиядан 2851, Өзбекстаннан 124106, Ресейден 4993 және Ираннан 360 мигрант тіркелген. 2016 жылы 46 шетелдік және 4 ішкі мигранттан туберкулез ауруы табылса, биыл шет елдерден келген 15 мигрант туберкулезге шалдықты. «Жолдас» үкіметтік емес ұйымы арқылы былтыр 5, биыл 6 адамнан туберкулез таяқшасы табылған. Олардың барлығы дер кезінде емделуге жіберілді. Еңбекші мигранттарды медициналық тексеруден өткізу үшін Ақтау қалалық №1 және №2 емханалармен, Мұнайлы аудандық орталық ауруханасымен тығыз байланыста жұмыс жүргізудеміз. Ал олардың құжаттарын реттеуде «Мейірім» қоғамдық ұйымының көмегіне жүгінеміз.
«Жолдас» ҮЕҰ туберкулезге қарсы диспансерден емделіп шығып, еліне кету үшін құжаттарының дайындалуын күтіп жатқан еңбекші мигранттардың барлығын бірінші қажетті азық-түлікпен, санитарлық құралдармен толық қамтып отыр. Арнайы ұйымдастырылған шаралар барысында туберкулезбен ауыратын мигранттар мен олардың отбасына сыйлықтар да ұсынылды.
Басқосуда туберкулезге қарсы диспансер директоры Қуат Титанов 2015-2017 жылдары өңіріміздегі ішкі және сыртқы мигранттарды туберкулезден тексеруден өткізу мен емдеудің тиімділігі жөнінде әңгімеледі.
Сондай-ақ ішкі істер басқармасының, ЖИТСтің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың, жоба аясында жұмыс жүргізіп келе жатқан емханалар өкілдері еңбекші мигранттарды тіркеу мен медициналық тексеруден өткізу шараларын жақсарта түсуге байланысты өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА.