Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының ұйытқы болуымен Маңғыстау гуманитарлық колледжінде «Көңілді старт» атты эстафеталық жарыс өтті. Спорттық шара дүниежүзілік денсаулық күніне орай ұйымдастырылды.
- Жалпы денсаулық күні 1948 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен аталып өтеді. Бұл күннің негізгі маңызы-әрбір адамның жеке тұлға ретінде өзінің денсаулығына көңіл бөліп, оны сақтауға және жақсартуға үндеу. Осы бағытта облыстық денсаулық сақтау басқармасының және облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының ұйытқы болуымен қала, аудандарда түрлі деңгейдегі шаралар өткізілуде. Соның бір парасы-бүгінгі студенттер арасында ұйымдастырылып отырған эстафеталық жарыс,-дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Бауыржан Әнуарбек.
Сайысқа «Жалын» ДТА-13, «Сұңқар» ДТА-22, «Болашақ» ДТБ-21 командалары қатысты. Қатысушылар кім жылдам, қаппен секіру, батпақтан өту, ракетамен шарды соғу, хоккей ойыны, капитандар сайысы бойынша сынға түсті. Олардың өнерін арнайы жасақталған қазылар алқасы бағалады.
- Жыл сайын білім ордасында денсаулық күніне ерекше көңіл бөлінеді. Әр түрлі бағытта спорттық шаралар ұйымдастырып, оған студенттерімізді қатыстырып, салауатты өмір салтын насихаттап отырамыз. Бүгін таңертең ертемен студенттердің қатысуымен флешмоб ұйымдастырып, дене жаттығуларын жасадық. Жалпы колледж қабырғасында волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақтан жарыстар жиі өткізіліп тұрады,-деген Маңғыстау гуманитарлық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Сармалаева бүгінгі таңда колледжің күндізгі бөлімінде 945 студент білім алатындығын, оларға 81 ұстаз дәріс беретінін атап өтті.
Тартысты өткен сайыста шапшаңдығымен, команданың ұйымшылдығымен ерекшеленген «Сұңқар» ДТА-22 командасы жарыстың бас жүлдесін қанжығасына байлап, жарыс жеңімпазы атанды.
- Бүгінгі жарыс өте тамаша ұйымдастырылған. Біздің команда жарысқа екі күн дайындалды. Өзім болашақ дене тәрбиесі пәнінің болашақ мұғалімімін. 10 жасымда әкем киокушинкай каратэ-доға жетелеп әкеліп, қатыстырды. Осы жылдар аралығында бірнеше республикалық жарыстардың жеңімпазы атандым. Румынияда өткен халықаралық жарыста алтыннан алқа тақтым және Ресейде өткен халықаралық жарыста күміс меадльді иелендім. Болашақта дене тәрбиесінен мықты маман болып шығып, шәкірт тәрбиелегім келеді,-дейді Маңғыстау гуманитарлық колледжінің студенті Жаңылсын Бекназарова.
Екінші орын «Жалын» ДТА-13 командасына бұйырса, үшінші орынға «Болашақ» ДТБ-21 командасы лайық деп танылды. Сондай-ақ, флешмоб биінен қыздар арасында бірінші орын МДБ-11 иеленсе, екінші және үшінші орынды БФ-11 мен МДБ-12 командалары өзара бөлісті. Одан бөлек, жарысқа белсене қатысқаны үшін «Үздік ойыншы» аталымымен Диляра Халмуратова, «Үздік капитан» аталымымен Жанболат Құрбанов марапатталды. Жеңімпаздар дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Венера МИРЛАН