©
Биыл «КазТрансОйл» компаниясының құрылғанына 20 жыл толады. Осы мерейлі мерекені лайықты атап өтуді мақсат еткен кәсіпорын ұжымы атаулы оқиғаға орай жыл ішінде жиырма игі істі іске асырғалы отыр. Соның алғашқысы- Ақтау қаласында өткен тал егу акциясы айта жүретіндей, тәлім-өнегесімен есте қалатындай шара болды.
Соңғы бірнеше жылда ару қала-Ақтау қатар түзеп, сән жарыстырған көрікті үйлерімен, жасыл-желек, көз жауын алар түрлі-түсті гүлдерімен , тазалығымен таңдандырар әсем көше, шағын аудандарымен ерекше құлпырып кеткендей. Наурызда бірнеше күн бойы жауған жауыннан кейін қарбалас күндердің хабаршысындай тал-теректер бір сілкініп, бүр жарып, жасыл жапырақтарын жайғалы тұр. Тіршіліктің өн-бойына қан жүгірткен көктемнің әрбір күнін пайдаланып, қимылдап қалар қолайлы кез қазір.
Ежелден келе жатқан дәстүріміз–тал егуді бастап кететін де осы мезет. «КазТрансОйл» компаниясы ұжымы бұл мүмкіндікті дер шағында тиімді пайдаланып отыр. Биылғы жылы аталып өтетін кәсіпорынның жиырма жылдығына орай «Компанияның 20 жылдығына-20 игілікті іс» деген атпен өтетін кешенді шаралар тал егуден мұнай құбыршылары аллеясын құрудан бастау алмақ.
«Жасыл эстафета» алдымен еліміздің оңтүстігі-Шымкентте басталды. Құрылымдық бөлімшелер ішінде оны алғашқы болып Батыс филиалда Құлсары мұнай құбыры басқармасы жалғастырды. Міне, кезек Ақтауға да келіп отыр. Эстафета Атырау мен Ақтөбеде мәреге жетпек. Көктем күндері мұнай құбыршылары Астанада және өзге де өңірлерде 2 мың тал екпек.
Бүгінгі ақниет, ықыласқа орай күн де шуағын молынан төкті. Ақтаудың 15 шағын ауданының теңізге бет түзеген сән-салтанаты, келісті келбет-еңсесімен ерекшеленген зәулім үйлері нұрға шомылып, айрықша көз тартады. Жүздеріне шуақ қонақтаған компания қызметкерлері де ерекше көңілді. Түрлі-түсті шармен безендірілген алаң, қалықтаған музыка әуені де көптің көңіл-күйімен әсем үйлесім тапқандай.
Салтанатты шараны кіріспе сөз сөйлеп Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының бастығы Е.Сүйіндіков ашты.
— «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы- еліміздің мұнай-газ саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізген кәсіпорындардың бірі. Компаниямыз мемлекет алдында мұнай тасымалдау саласындағы міндеттемелерін орындап ғана қоймай, сонымен қатар өңірлердің әлеуметтік дамуына да қомақты үлес қосып келе жатқандығын мақтанышпен айта аламыз. Осы 20 жыл ішінде «ҚазТрансОйл» компаниясы 40 әлеуметтік нысан салып, өңірлерге сыйға тартты. Маңғыстау жайында айтсақ, 2012 жылы аймаққа жеткізілетін Еділ суының көлемін арттыру және халықты сумен қамту мақсатында Бейнеу елді мекенінде су сорап стансасын салдық. Бұған қоса станса қуатын арттыру үшін 2016 жылы қосымша реконструкция жасалды. Ал бүгін Маңғыстаудың мұнай құбыршылары өз қолдарымен тал егіп, қаламыздың гүлденуіне үлестерін қосады. Мерейлі 20 жылдыққа орай өзге де әлеуметтік және экологиялық шараларды жоспарлап отырмыз. Мұнай құбыршыларының аллясы - компания нысандары орналасқан қалаларда демалыс саябақтарын жасау сияқты игілікті істердің бастамасы, мамандарымыздың еңбегіне деген құрметтің белгісі,--деді Еркін Бермұханұлы.
Жиырма жыл ішінде компания қалыптасу, өсу, өркендеу кезеңдерінен өтті. Еліміз экономикасының дамуына лайықты үлес қосып келе жатқан, биік асуларды меже еткен берекетті ұжымның табыс-жетістігінде ардагерлердің төгілген маңдай тері бар. Қиындыққа мойымай, аптап ыстыққа күйіп, аязға тоңып, үскірік желге кеуде тосып, қайрат-жігер танытқан, төзімділік көрсеткен, өлкенің өнегелі шежіресін ерлік істерімен жазған аға ұрпақ өкілдерінің еңбегі қандай мадаққа да лайық. Солардың бірі, компанияның құрметті ардагері Есенгелді Қызылқұлов «1997 жылы 2 –сәуірде Шығыс пен Батыс өндірістік басқармасының бірігуімен «ҚазТрансОйл» компаниясының құрылғандығын, негізгі қызметіне мұнай құбырлары арқылы мұнай тасымалдау және су жеткізу жататын Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы- еуропалық стандартта жұмыс жасайтын Акционелік қоғамның Батыс филилалының аса ірі құрылымдық бөлімшелерінің бірі екендігін» атап өтіп, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген дәстүрімізді жалғастырып жатқан ізбасарларының ізгі іс, баянды бастамасына табыс, сәттілік тіледі.
... Күн арқан бойы көтерілмей жатып, белсенділік танытып, бел шеше іске кіріскен көпшілік біраз жұмыстарды еңсеріп тастады. Екі аттам арақашықтықта қаз-қатар тізілген шұңқырларға құнарлы қара топырақ салынып, су құйылып, талдар отырғызылып, қарбалас қимыл қыза түсті.
— Өндіріс бөлімінде іс жүргізуші болып жұмыс істеймін. Бүгін бір керемет күн болды. Қаланың көркеюіне үлесімізді қосқанымызға қуанып отырмын. Талдар бой түзеп, көлеңкесінде демалып, өзіміз салған аллеяда серуендеп жүрер сәтті армандаймын. Зулап аққан уақыт емес пе, ол күндерді де көрерміз. «Біздің еккен тал еді» деп көңіліміз көк тіреп, кейінгілерге мақтанышпен айтармыз да,-дейді жас маман Әсел Тұқманова.
— Екі жүзге тарта қызметкеріміз осында жүр. Екі жүз тал ектік. Ауа-райы да тамаша бүгін. Күн жарқырап тұр. Көңіл-күйіміз де көтереңкі,-деп кәсіподақ комитетінің төрағасы Амандық Ақшин де әңгімеге ыңғай танытып жатыр. Біздің сөзбен жеткізе алмағанымызды суретпен көрсетіп қалайын дегендей, әріптесім Талант Құсайын фотоапаратын әрбір қимылға , қайталанбас сәттерге бағыттап, сырт-сырт түсіріп, тыным таппай, жүгіріп жүр.
Ия, ертең-ақ, аллея Ақтаудың ең көрікті жеріне, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналар. Сол күнді бірге қызықтауға жазсын!
Болат Үмбетов Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН