- Әділбек Құлынтайұлы, Сіз мұнайлы қала тұрғындарына бұрыннан белгілі адамсыз. Бұдан бұрын да осы қалада жұмыс жасап, тиянақты іс атқарып кеттіңіз. Оны халық ұмытқан жоқ. Қарақия ауданын көп жылдар бойы басқарып, ауданның әлеуметтік экономикасының, оның ішінде ауылшаруашылық, шағын және орта бизнес салаларының қарқында дамуына қолтаңбаңызды қалдырған білікті де тәжірибелі басшысыз. Жаңаөзен қаласына әкім болып тағайындалғаныңызға бір жыл бола қойған жоқ. Қандай жұмыстар атқарылды, алда қандай жоспарларыңыз бар?
- Рахмет. Әңгіменің басында бірінші кезекте халқыма алғысымды білдіргім келеді, өйткені, осы қала маған жұмыс жасаған жылдары сенім білдіріп, халқыма қалтқысыз қызмет етсем деген жігерімді шыңдады.
Ал, енді күнделікті қызметке келер болсақ, Жаңаөзен қаласының ағымдағы жағдайы бірқалыпты. Басы аман, бауыры бүтін, басында баспана, қолында жұмыс, дастарханында ас, елінде тыныштық пен бірлік болса соның өзі жетіп жатыр. Бұл айтылғандардың барлығы біздің елімізде қазіргі күнде бар.
Өзіңіз білетіндей, Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан қабылданған бірқатар ұзақ мерзімді бағдарламалардың арқасында Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы серпінді.
Елбасымыздың, облыс басшылығының қолдауымен, мұнайшылар қаласы жаңару мен жаңғыруды бастан кешіп жатыр деуге болады.
Қазіргі таңда қала бойынша ең өзекті мәселелердің бірі – апатты және тозығы жеткен үйлердің жағдайы.
Өзіңіз білетіндей, бұл үйлер 1960-1970 жылдары салынған. Олар негізінен 1-ші, 2-ші және 3-ші шағын аудандарында орналасқан. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Жаңаөзен қаласындағы апатты және тозығы жеткен үйлерді жоюдың 2018-2022 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды.
Қазіргі таңда қала бойынша барлығы 262 көпқабатты тұрғын үй бар, олардың 53-і тозығы жеткен үйлер. Оның ішінде, «Шаңырақ» шағынауданындағы №59 апатты жағдайдағы үй тұрғындарына бюджет қаражаты есебінен пәтерлер сатып алынды. Қазіргі кезде №59 тұрғын үйдің тұрғындары толықтай көшірілді. Сонымен қатар, жеке инвестор есебінен «Арай» шағынауданында жалпы көлемі 75 мың шаршы метр 1376 пәтерлі 6 қабатты 23 үй «Бейбітшілік» кешені салынады. Кешеннің 24%-ы немесе 310 пәтері тозығы жеткен үйлердің тұрғындарына тегін беріледі.
Осы өзекті мәселені шешу жолдарының тетігін жүйелі түрде жалғастыра отырып, 5 жыл ішінде қаладағы тозығы жеткен үйлердің проблемасы толықтай шешіледі деп жоспарлап отырмыз.
Апатты жағдайдың алдын алу үшін, бұдан бөлек тағы да 56 көп қабатты үйлер қалада орналасқан 33 кәсіпорын қаржысы есебінен жөнделмек. Қазіргі таңда 26 тұрғын үй толықтай жөнделіп, 25 тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары алдағы қараша айында қолға алынатын болады. Мәселе менің жіті бақылауымда.
Сонымен қатар, Рахат ауылының «Мерей» ш/а тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, қалалық су тазарту имаратынан «Мерей» ш/а дейін су құбырын тарту, «Бостандық», «Рахат, «Ақсу», «Мерей» және «Жұлдыз» ш/а жеке тұрғын үйлерін су тасқынынан қорғау, төтенше жағдайды болдырмау үшін дренаж жүйесінің құрылыстары басталмақ.
«Қазақстанды цифрландыру» бағдарламасы бойынша медицина ұйымдары 2018 жылғы 1 сәуірден бастап кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне толықтай көшірілді.
Маңғыстау облысында орта және шағын бизнесті қолдау мақсатында қолға алынған «Нұр Капитал» жобасын жаңа тұрақты жұмыс орындарын құратын инвестициялық мақсаттағы бастама деп ерекше атауға болады.
Жыл басынан бері «Нұр Капитал» шағын және орта бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасы аясында облыстық Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің шешімі негізінде бүгінгі таңға дейін 686,8 млн.теңгеге 31 кәсіпкерлік жоба мақұлданды. Барлығы 367 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қазіргі таңда 1–кәсіпкерлік жоба «Арманда» ЖШС «Жиhаз жасау цехын кеңейту” жобасы бойынша екінші деңгейлі банк арқылы 30,0 млн.т. қаражатын алды.
Қалған 30 жоба бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімдеу жұмыстары жалғасуда.
Қаланың және іргелес елді-мекендерінің тұрғындарының тыныштығын, қауіпсіздігін сақтау, қылмыстың алдын алу мақсатында барлығы 67 бейнебақылау орнатылған.
Оның 38-і жедел басқару орталығына, 29-ы «Қауіпсіз аула» бойынша тірек пункттарына қосылған.
Бұдан басқа, қала инженерлік инфрақұрылымдар салынып, жаңартылды.
Бір сөзбен айтқанда, сонау өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында іргестасы қаланған қала өсе, өркендей келе кең байтақ Отанымыздың батыс өңіріндегі өндірістік қаланың біріне айналып отыр. Халқының саны да тез өсті. Содан бері де жарты ғасырды артқа тастаған қала дидары бүгінде адам танымастай өзгерді, зәулім нысандар бой көтерді, ажарланды, көркейді. Бірақ бұл да мүмкіндік шегі емес, жаңарулар алда да бола бермек. Жасампаз жылдардың жемісі деген, міне осы!
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңаөзеннің 50 жылдығына орай ардагерлерге төсбелгі табысталды- Жаңаөзен қаласы осы жылы өзінің жарты ғасырлық мерекесі, қала мен оның тұрғындары үшін үлкен бір белес. Осы күнге дайындық қандай?
- Өздеріңізге белгілі ағымдағы жылдың 5-ші қазанында Қазақстан халқы тағы бір тарихи оқиғаның куәсі болды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын Қазақстан халқына ұсынды.
Қарапайым халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталған Елбасының Жолдауын бірауыздан қолдаған жаңаөзендіктер қаламыздың 50 жылдық мерейтойының дайындығына үлкен ұйымшылдықпен, жауапкершілікпен келді деп айтуға болады.
50 жылдық мерекеге орай жауапты тұлғалардан құрылған комиссияның құрамы, арнайы іс шаралар жоспары бекітілді.
Жоспарлы түрде ай сайын түрлі бағытта мәдени-спорттық көпшілік шаралар өткізілді, қолға алынған әлеуметтік маңызы зор үлкен жобалар іске асырылды, нақ айтатын болсақ: әрқайсысы 900 орындық үш мектеп, 3 балабақша, фитнес орталығы, көптеген кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілді. Өзіңіз байқағандай күн санап қаланың архитектуралық келбеті де ұлттық нақышпен безендіріліп, өзгеріп келеді. Көшелердегі лайк-бокстарда, билбордтарда тұрғындардың, әсіресе өскелең ұрпақтың рухани баюына, қазақтың игі дәстүрінен тәрбие алуына өзіндік септігін тигізетін Абай, Әл-Фараби, Төле би, Ахмет Байтұрсынов т.б. тұлғалардың нақыл сөздері жазылып, заманауи пішінді архитектуралық мүсіндер орнатылды.
Жаңаөзен қаласының 50 жылдық мерейтойы аясында қаланың тарихында алғашқы рет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде гемодиализ орталығының пайдалануға берілуін ерекше атап өткім келеді. Бұған дейін «созылмалы бүйрек жетіспеушілігі» диагнозыменен ауыратын науқастар облыс орталығы – Ақтау қаласындағы медициналық ұйымдарға барып, ем алуға мәжбүр болса, енді науқастар алысқа бармай, сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмектіжаңадан салынған орталық арқылы алуға қол жеткізді.
Ауыл тұрғындарына қолжетімді, сапалы медициналық көмек көрсету және қаладағы №1,2 емханаларды ықшамдау мақсатында ағымдағы жылдың маусым айының 1-нен бастап Рахат ауылында № 3 емхана іске қосылды.
Осы жасалған жұмыстар нәтижесінде, әрбір пайдалануға берілген нысан арқылы қала тұрғындарына жаңа жұмыс көздері ашылуда, мәселен күні кеше жаңа оқу жылының қарсаңында пайдалануға берілген үш мектеп арқылы біз 190 тұрғынды жаңа тұрақты жұмыспен қамтуға қол жеткіздік.
Сонымен қатар, мереке аясында жұртшылықтың сұранысы бойынша Жаңаөзен қаласында Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының өнерпаздары бір апта бойы Жаңаөзен жұртжылығын шынайы өнерімен суысындатып, олардың рухани баюына, этикалық талғамының артуына септігін тигізіп, жоғары дәрежеде қойылымдарын халыққа ұсынды. Жалпы алдағы уақытта облыс әкімі Ералы Лұқпанұлының қолдауымен Жаңаөзен қаласында Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының филиалын ашуды жоспарлап отырмыз, бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ қала тұрғындары үшін тағы бір ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – ауыз су жетіспеушілік мәселесі де мереке күндері шешімін тауып, тәулігіне 30 000 м3 Еділ суын тазартатын имарат іске қосылмақ.
Бір сөзбен айтқанда, бұл іске асырылып жатқан шаралар Елбасымыздың Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау арқылы қала тұрғындарының әл-ауқатының өсуіне әсерлі жағдай туғызып отыр деп айта аламыз.
- Әділбек Құлынтайұлы, Жаңаөзен қаласының 50 жылдығы мерекелік шаралары мен атқарылар істер ауқымы жөнінде айта кетсеңіз?
- Кеше республикамызға танымал, белгілі ақындардың мүшәйрасы өтті. Одан кейін бүгін «Жыр арқауы – Жаңаөзен» атты республикалық айтыстың екі кезеңі өтеді. Кеште Ә.Тұяқов атындағы стадионда қаламыздың өнерпаз әнші-бишілерінің мерекелік концерті болады. Ардагер мұнайшы Ғ. Абдразақов туралы «Алтын қолды адам» атты деректі фильмінің тұсаукесері болмақ. Ал жаңа ғимараттар мен нысандардың ашылу рәсімдері қазанның 20-сы күні жоспарлануда. Атап айтар болсақ, су тазарту имаратын іске қосу, «Тәуелсіздік» алаңындағы субұрқақты пайдалануға беру, «Жалымбетов» медициналық орталығының жаңа ғимаратының ашылуы, жаңа балабақша және тағы осы секілді нысандардың ашылу рәсімі салтанатты түрде өтетін болады. Одан кейін «Нұрлы да жырлы Жаңаөзен!» қорытынды гала концерт өтеді.
Қызметіміздің әділ төрешісі қашанда халық. Сол үшін де халықтан аянып қаларымыз жоқ. Қала мен ауыл тұрғындар үшін жасалатын жұмыстарымызды оңды бағытта жалғастыра береміз. Оған бізде толықтай бар. Оған дәлел ел үшін атқарып жатқан күнделікті қызметімізге ел қашан да риза. Ол біздерді қанаттандырады. Алдағы мақсат, халықтың осы жақсы көңіл күйін сақтап, мерейлі мерекені лайықты қарсы алу болып табылады. Міне, осылайша алда болатын мерейлі мерекені де лайықты атап өтуге дайынбыз. Осындай қолға алынып атқарылып жатқан жұмыстар мерекеден кейін де жалғаса береді.
ТҮЙІН. Жаңаөзен қаласы қазір қай жағынан алғанда да жақсы қалыпта және тұрғындардың көңіл күйі де жақсы. Себебі, қала басшылығының қызметі тұрғындар тілегінен шығып отыр. Өйткені, олардың күнделікті өмір сүруіне не қажетердің барлығы қарастырылған. Жарық пен су бар. Тұрмыста қолданылатын «көгілдір отын» шаңырақтың төрінде маздап тұр. Тұрғындардың тұрмысы да күн санап жақсарып келеді.
Тұрмысымды түзеймін деп еңбек жасап талпынған әр үйде кем дегенде бір-екіден көлік бар. Дастарханы да дәмге толы. Басы аман, бауыры бүтін дегендей тіршілік кешіп жатыр. Осы жақсылықтардың барлығы, біріншіден адамның өзінің талпынысы болса, екіншіден елдің жағдайын жасауға мүдделі орындардың нәтижелі жұмыстарының жемісі екендігінде дау жоқ. Жақсы күндеріміз жалғаса берсін! Жаратқан ием осыны бізге нәсіп етсін!
Сұхбаттасқан Закария ИСАҒҰЛОВ, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы