©
- Жармағанбет Қайырмағанбетұлы, қасиетті өлкенің қара шаңырағы – Маңғыстау ауданының берекелі де мерекелі 90 жылдық асқаралы асуы құтты болсын!
Маңғыстау ауданы – ежелден халық тығыз қоныстанған, ұлттық қадір-қасиетті сақтай білген, тарихы терең, өркениеті жағынан кемел өңір. Ауданның соңғы жылдардағы даму қарқыны туралы не айтасыз?
– Маңғыстау ауданының жер көлемі 4701832,3 гектарды құрайды. Оның ішінде 3245145,4 гектары ауданның босалқы жері, ауыл шаруашылығына арналған жер – 1084778,7 гектар. Ауданда бүгінде 38700 адам тұрады, 7 ауылдық округ, 5 ауылға қарасты барлығы 21 елді мекен бар.
Ауданымызда бірқатар жұмыстар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылуда. Айта кетсек, аудан түлегі, меценат С.Мұңалбаевтың туған ауылы Шетпеге тартуы ретінде заманауи «Азамат» спорт кешені мен жүзу бассейні салынды. Шетпе ауылынан екі 50 орындық «Алдияр», «Нұрсая» жекеменшік балабақшалары, А.Меңдалыұлы атындағы орта мектеп жанынан спорт алаңы, Шетпе ауылы тұрғыны, жеке кәсіпкер М.Қармысовтың мал сою алаңы және мал базары, мал өнімдерін консервілеу цехы іске қосылды.
Шетпе ауылында қиыршық тас өндіретін кәсіпорындардың көмегімен ауылішілік жолдар жөнделді.
Мектеп түлектерінің бастамасымен ауылдарға, оқыған мектептеріне көмек жасау шарасы қарқынды жүрді. Соның нәтижесінде Ұштаған ауылының орталық саябағына балалар үшін жүзу бассейні, фонтан салынып, жарықтандырылып, жүзден аса жас ағаштар егілді. Мектеп бітірушілер саябағы бой көтерді. Мектеп музейі ашылды. Ұштаған, Өтес ауылдарында автобус аялдамалары кірпіші қаланып, Өтес мектебі жанынан жылыжай салынды. Бес мектепке брусчатка, жаяу жүргіншілер жолдары төселді. 2018 жылы да аталған жобалар жалғасын тауып, Онды орта мектебінің түлектері мектеп жанынан жылыжай, Қызан ауылы азаматтарының бастамасымен құны 110 млн. теңге жаңа спорт ғимараты салынып пайдалануға берілді. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Жыңғылды ауылынан ауыл азаматы, жеке кәсіпкер Т.Ерманов екі пәтерлік 2 тұрғын үй салып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін 4 отбасыға табыстады.
– Тау-тасы аңыз боп өрілген Маңғыстау тарихи орындарға, аңыз-мұраларға өте бай. Соның ішінде сіздің ауданда да мәдени мұралар жетерлік. Сол киелі орындарды қалпында сақтап, оны болашақ ұрпақтарға мирас ету мақсатында аталған нысандарға қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Мәдени мұраларымызды жаңғырту жұмыстары назардан тыс қалған жоқ. Тобықты жерасты мешітіне тазалық, абаттандыру, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сисем ата қауымында түнемелік үй, Ақшымырау ауылында Есен Ерменбет ата қауымына түнемелік үй, республикалық маңызы бар Шетпе-Жетібай автожолы бойында орналасқан Есен ата қорымына, Ұштаған ауылында Ақтөбе қауымында да түнемелік үй салу жұмыстары жүргізілді.
– Бүгінде барлық ауыл-аймақта әлеу-меттік салаға баса назар аударылып, сол бағытта көптеген жұмыстар тыңғылықты өз нәтижесін беруде. Аудан бұл бағытта қандай шаруалар атқарып жатыр?
– Шетпе ауылындағы 16 пәтерлік 2 қабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізілді. Шетпе ауылынан ашық спорт алаңы салынып, ауданның 90 жылдығы мерекесінде пайдалануға берілмек. Бұдан басқа ауданның мерейтойы қарсаңында Өтес ауылынан балалар ойын алаңын салу, Жармыш ауылынан спорт кешенін салу жұмыстары жүргізілуде.
– Маңғыстау өңірінде ауыл шаруашылығының негізі – дәстүрлі мал шаруашылығы, оның ішінде тұрбалы және шахталы құдықтардың тұздылығы төмен тереңдегі жерасты суын пайдаланып, жыл бойы табиғи жайылымда бағылатын қой, жылқы және түйе шаруашылықтары дамыған. Ауыл шаруашылығы сапалы да мол өнім өндіру көзі деп алатын болсақ, малдың өміршеңдігі мен өнімділігін, өнім сапасын арттырудың қандай жолдарын қарастырып, қандай жанды жұмыстар жүргізілуде? Мал санының арту көрсеткіші қалай?
– Ауданның ауыл шаруашылығының негізі – мал шаруашылығы, оның ішінде қой, түйе, жылқы шаруашылықтары. Аудан көлемінде 381 шаруа қожалығы, 10 ұйымдасқан шаруашылық, 4 ауыл шаруашылығы кооперативі қызмет етеді.
Шаруа қожалықтарында 1627 адам жұмыс жасайды. Аталған қожалықтар мал басын өсіріп, егін егіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен бірге тұрақты жұмыс орны болуда. Көптеген шаруа қожалықтары отбасылық негізде құралған.
Мал саны жылдан-жылға өсіп келеді. Күні бүгінде Маңғыстау ауданындағы мүйізді ірі қара саны 8525, қой-ешкі саны 180 мыңнан асса, түйе саны 23100-ге, жылқы саны 41260-қа жетіп отыр. Бұл дегеніміз – облыс көлеміндегі мал санының жартысына жуығы Маңғыстау ауданының еншісінде деген сөз.
Ауданның ауыл шаруашылығының негізгі бағыты – мал шаруашылығы, соның ішінде ет, сүт, жұмыртқа өндіру. 2018 жылдың 8 айында 2118,0 тонна тірілей салмақта ет, 2090,3 тонна сүт, 78,9 мың дана жұмыртқа өндірілді.
«Нақхан» шаруа қожалығы қазіргі уақытта күніне 200 литр қымыз өндірсе, жыл ішінде 36 тонна қымыз дайындауды жоспарлап отыр.
«Сегізбай ата» АШК 2018 жылдың 8 айында өңірдегі шаруа қожалықтары мен жеке тұлғалардан 3 тонна мал етін қабылдап, 10500 дана бұқтырылған ет консервісін шығарды. Сонымен бірге балық (кефаль) консервісін шығарып бастады. Қазіргі уақытқа дейін 6000 дана балық консервісі шығарылды.
Өткен жылдың 8 айында 2189,1 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылса, осы жылдың есепті кезеңінде 2791,3 млн. теңге өнім өндірілді.
– Осы аталған саладағы малды азықтандыру жолдары қалай?
– 2017 жылы жергілікті жерден 23 734 тонна мал азықтық шөп дайындалды. 6 тонна мал азықтық шөп былтырдан қалып, сақтаулы тұр. 2018 жылы 25 мың тонна мал азықтық шөп дайындауға жоспар жасалынды. Дайындалғаны – 19602 тонна.
Қоспалы мал азықтық жем әкелумен тұрақты 11 жеке кәсіпкер айналысады. Мал азықтық жем жеткілікті мөлшерде келіп тұр. Бүгінгі күні 179 вагон кебек жем (8950 тонна) алынып қолжетімді бағада сатылуда.
– Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылықты дамытудың 2013–2020 жылдарға арналған «Агробизнес – 2020» бағдарламасында, жайылымды суландыру мен шалғай жайылымдағы мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударылған. Осы бағдарлама аясында қандай өзгерістер орын алып жатыр?
– 2018 жылдың 8 айында «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында 8 құдық қазылып, 3 құдыққа сұраныс беріліп тұр. Сонымен бірге шаруа қожалықтардың өз күшімен 5 құдық, «Өзенмұнайгаз» АҚның көмегімен 1 фонтан қазылды.
– Қазір өңірде жылыжайлар қолға алынып, оның пайдасын көріп жатқан аймақтар да баршылық. Әңгімеңізді өңірдегі егін шаруашылығы жөнінде өрбітсек?
- Егін шаруашылығы Жыңғылды, Өтес, Ақтөбе, Онды, Шайыр селолық әкімшілік аумақтарында өсіріледі. 2017 жылы егістік жер 247,4 га құрады. 25 шаруа қожалығы 189,2 га жерге тамшылата суару қондырғысын пайдаланды.
Биыл да «БаТа» ауыл шаруашылық кооперативі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға өнімін өткізу үшін 8 719 470 теңгеге шартқа отырды.
Биыл 37 шаруа қожалығы 261,4 га жерге егін екті. Оның ішінде 27 шаруа қожалығы 200,48 га жерге тамшылата суару қондырғысын пайдаланып отыр.
Қазіргі таңда аудан көлемінде жеке азамат тардың жылыжайлар салуы қолға алынып келеді. Өткен жылы 3 жылыжай салынса, биыл 8 жылыжай жұмыс жасап тұр.
– Қазір біздің елімізде бизнесті дамытудың бұрын-соңды болмаған қолайлы ахуалы туып отыр. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бастап, аталмыш салаға айрықша көңіл бөліп отыруы, сол арқылы республикадағы банктердің оны қаржыландыруды жақсы жолға қоюы тікелей мұрындық болуда. Кез келген еңселі елдің экономикалық өсімі мен өркендеуінің негізі болып табылатын осы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері әкеліп жатқан табыстары қандай?
– Ауданда тіркелген орта және шағын кәсіпкерлер саны 2915 адам болып, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,2 пайызға өсті (01.09.2017 жылы – 2693). Кәсіпкерлікке ден қойып, өз ісін ашам деген барлығы 44 адамға осы жылы 159,77 млн.теңге несие берілді (өткен жылы 39 адамға 120,2 млн. теңге несие берілген).
Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың «Nur Kapıtal» өңірлік бағдарламасы аясында Маңғыстау ауданы бойынша жалпы сомасы 662,1 млн. теңге болатын 35 бизнес-жоба тапсырылып, оның ішінде жалпы сомасы 460,3 млн. теңге болатын 23 жоба банктерге қаржыландырылуға жіберілді. Осы жобалар іске асса, қосымша 160-тан астам жаңа жұмыс орындары құрылатын болады.
Аудан кәсіпорындары өнеркәсіп өнімдерінің маңызды түрлерін өндіру бойынша (қиыршық тас карьерлері, «Каспийцемент» ЖШС, т,б) а.ж. 8 айында 350,1 млрд. теңгенің өнімдерін өндірді.
– Өңіріміздің шөлейт аймақ екені баршамызға мәлім. Су мәселесі қалай шешілуде?
– Ауданда 12 ауылдық округке қарасты 21 елді мекен болса, соның қазіргі уақытта 10 ауылдық округ, 14 елді мекеніне «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша орталықтандырылған су жүйесі тартылған. Ауылдық елді мекендердің орталық сумен жабдықтау бойынша үлесі 2017 жылдың қорытындысымен 67% құрап отыр.
«Тұщыбек селосындағы селоішілік су құбыры, сұйық қойма, су тазалағыш қондырғы және есептеу аспабы қондырғысы құрылысы» бойынша 2015–2016 жылы 239,7 млн. теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 12,073 шақырым құрылыс жұмыстары аяқталды.
Жалпы ұзындығы 33,514 шақырым «Жыңғылды ауылдық округіндегі ауылдарды ауыз және техникалық сумен қамтамасыз ету» және «Жыңғылды ауылына есептеуіш құралдарын орнату, 2-кезең» құрылысының жұмыстарына 2016 жылы – 350,0 млн. теңге, 2017 жылы 370,8 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстары жүргізілді. 2018 жылға 218,8 млн. теңге қаржысы қаралып, жұмыстары аяқталуда.
Жалпы ұзындығы 18,624 шақырым «ҚазбаАқшымырау су құбыры құрылысына» (жоба құны – 259 577,0 мың теңге) 2017 жылға 49 000,0 мың теңге қаржы бөлініп, жұмыстары жүргізілді. 2018 жылға 149 608,0 мың теңге қаржысы қаралып, жұмыстары аяқталды.
Жалпы ұзындығы 23 шақырым «Басқұдық–Бекі топтық су құбырын қайта құрылымдау құрылысына» (жоба құны – 125 797,0 мың теңге) 30 000,0 мың теңге қаржы бөлінді. 2018 жылға 83 811,0 мың теңге қаржы қаралып, жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Облыстың көліктік-коммуникациялық жүйесі қазіргі заманғы барлық көлік түрлері және байланыс жүйесімен қамтылып отыр. Ауданды қаламен, ауыл-аймақпен байланыстыратын автокөлік жолдары қалай?
– Маңғыстау ауданы аумағында 272 шақырым республикалық дәрежедегі автокөлік жолы, 242,6 шақырым облыстық дәрежедегі автокөлік жолы және 298,6 шақырым аудандық дәрежедегі автокөлік жолдары бар. Осы аудандық дәрежедегі 298,6 шақырым автомобиль жолдарының 120 шақырымы асфальтобетон қосындысы бар қатқыл табанды, ал 178,6 шақырымы жартылай қиыршық тасты құрайды.
2014–2016 жылдар аралығында «Шетпе–Қызан автомобиль жолын қайта құрылымдау 21–49 шақырым» жұмыстарына 1 900,0 млн. теңге қаражат бөлініп, 28 шақырым асфальт жол пайдалануға берілген болатын.
Осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында 2017 жылы «Шетпе–Қызан автомобиль жолының 49–85 шақырым (Тасмұрын–Мәстек аралығы) аралығын қайта құрылымдау» жұмысына жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жоба құны 2 млрд. 645 млн. 289 мың теңге.
2018 жылы 230,304 млн. теңге, 2019 жылы 2,414 млрд. теңге қаржы жоспарланған.
«Шетпе-Ұштаған автокөлік жолын орташа жөндеу жұмыстарына 2018 жылға – 780,722 млн. теңге бөлінді. Тұщықұдық ауылына кіре беріс жолын орташа жөндеуге 519 млн. теңге қаржы бөлінді.
– Елбасы тапсырмасымен «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Соңғы жылдары осы бағдарлама аясында облысымызда кең ауқымдағы жұмыстар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде көптеген отбасылар жайлы баспанамен қамтамасыз етілді. Айта кету керек, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы тек қалада ғана емес, сонымен қатар облыс аудандарында да қарқынды жүргізілуде емес пе?
– Тұщыбек, Қызан, Шебір, Шайыр, Ұштаған ауылдарынан «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша 4 пәтерлі муниципиалдық (коммуналдық, жалгерлік) тұрғын үй салынды.
2018 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 58 маманға 9 764,3 мың теңге біржолғы көтерме жәрдемақы берілді.
– Білім бағыты қай уақытта да басты назарда. Соңғы кезде аталған салаға ерекше мән беріліп жатыр. Жалпы аудандағы білім көрсеткіштеріңіз қандай? Бұл сала бойынша қуантарлық жаңалықтарыңыз бар ма?
– Білім сапасын көтеру үшін ауданның білім беру жүйесінің бюджеті жылдан-жылға өсуде. Биылғы білім саласына бөлінген қаржы 3 млрд. 544 402 мың теңге. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша аудандағы 25 балабақшада (19 мемлекеттік, 4 жекеменшік балабақша. 1 мемлекеттік шағын орт, 1 жекеменшік шағын орт.) 2435 бала тәрбиеленіп отыр. Өткен жыл соңында мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 85%-ды құраса, 2018 жыл аяғында 100% мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 3–6 жас аралығында барлығы 100 бала кезекте тұр. Ауданда жалпы білім беретін 22 мектеп бар. Ондағы оқушы саны – 7756. Аудан бойынша 2018 жылы ҰБТ-ға 404 мектеп бітірушінің 386-сы, яғни 95,6 пайызы қатысып, тестілеуден өтті. ҰБТ-ның орта балы 89,4 болды. "Алтын белгі" белгісіне үміткер 26 мектеп бітірушінің 26-сы да өзінің үздік білімін қорғады. Ауданның 21 мектебін де қазіргі таңда 1051 мұғалім қызмет атқаруда. Оның жоғары білімдісі – 862 (82%).
Биыл аудандағы 5 мектепке (Шетпе гимназиясы, Б.Жұмалиев, А.Меңдалұлы, Е.Айшуақұлы, Қаратөбе) робототехника алынды. Қаратөбе орта мектебіне жергілікті бюджеттен 10,0 млн. теңге бөлініп, мектепке жаңа автобус алынды. Ауданда 7 орта мектеп жанынан жылыжай салынды. Аудан орталығының Ащыбұлақ шағынауданынан 600 орындық орта мектеп салынып, пайдалануға берілді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда әрбір мемлекеттік қызметке 16 үміткерден келеді– Аудан тұрғындарының денсаулық ахуалы қалай, оларға қандай медициналық мекемелер қызмет көрсетеді?
– Аудан тұрғындарына 145 керуеттік орталық аурухана, 10 дәрігерлік амбулатория, 8 медициналық пункт, Е.Оразақов атындағы туберкулезге қарсы санаторий медициналық қызмет көрсетеді. Аудан бойынша 79 дәрігер, 274 мейірбике бар. 2018 жылдың 6 айында да ана өлімі болған жоқ.
Өткен жылмен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі бала өлімі 6дан 4-ке (10,3-тен 7,2-ге) азайды. Аудандық ауруханаға 2018 жылдың 6 айына «Д» есептегі науқастар үшін барлығы 37 000 000 млн. теңгеге дәрі-дәрмектер әкелінді.
– Сіз басшылық етіп отырған ауданның мәдениеті және спорт жетістіктері қаншалықты?
– Аудандағы мәдени-көпшілік шаралардың басым көпшілігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Астананың 20 жылдығы, Маңғыстау ауданының 90 жылдығы аясында өтуде. 330 мәдени-көпшілік шара өтіп, 43686 көрермен қамтылды.
2017 жылы 73 клубтық құрылым жұмыс жасап, оған 1258 өнерпаз қатысса, биыл Ақшымырау, Ұштаған ауылдарынан 4 үйірме ашылып, 1325 өнерпазы бар 77 клубтық құрылым жұмыс жасауда. 77 клубтық құрылым ішінде 326 өнерпазы бар 13 ұжым «Халықтық» атағын алған. Жармыш ауылынан 200 орындықты кітапханасымен бірге селолық мәдениет үйінің құрылысына жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Аудандық орталық кітапхананың жаңадан құрылысына ЖСҚ-сы жасақталып дайын тұр. Қаражат бөлінсе алдағы уақытта құрылысы салынатын болады. 2014–2017 жылдар аралығында демеушілердің көмегімен Тұщықұдық, Шебір, Шайыр, Ақшымырау, Шетпе ауылдарынан спорт кешендері құрылысы салынып, пайдалануға берілді.
Осы жылы Қызан ауылынан ауыл тұрғындарының, кәсіпкерлердің және өндірістік мекемелердің көмегімен спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Биыл тағы да жеке кәсіпкер С.Мұңалбаевтың демеушілігі мен Ескі Шетпеден ашық спорт ойын алаңы салынып, қазан айында пайдалануға беріледі деп күтілсе, «Самұрық-Қазына әл-ауқат қоры» АҚ-ның демеушілігімен Жыңғылды ауылынан, Қосбұлақ шағынауданынан балалар ойын алаңдары салынып жатыр.
Жалпы «Самұрық-Қазына әл-ауқат қоры» АҚ-ның демеушілігі арқылы барлық ауылдарға кезең-кезеңмен спорттық алаңдар салу жоспарланып отыр. Спортшыларымыз әлем, Азия, Европа чемпионаттары мен кубоктарына, алыс-жақын шетелдердегі ірі халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр.
– Елбасының Жолдауында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру міндеттері қарастырылғаны белгілі. Маңғыстау ауданында осы бағдарлама шеңберінде жұмыссыз азаматтарды қабылдау, халықты жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, жұмыссыз азаматтарды оқыту және даярлау, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
- Халықты жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 2330 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелді. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне тіркелген жұмыссыздар саны – 1271 адам, өзін-өзі қамтығандар саны – 134 адам. Ресми тіркелген жұмыссыздардың саны 501 адамды (5/50–134 адам) құрады, жұмыссыздық деңгейі 2,3%. Ағымдағы жылы кешенді жоспар бойынша 1624 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарланды. Кешенді жоспарда қойылған 1624 адамнан 9 ай ішінде 1429 адам жұмыспен қамтылды немесе жоспар 88,5%-ы орындалды.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 80 адам оқыды, 40 адам оқуды бітіріп, одан 5 адам жұмысқа орналасты.
Сондай-ақ Халықты жұмыспен қамту орталығына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау құрамында 463 адамы бар 80 отбасынан өтініш қабылданды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 37 адамға көбейген. Төленген қаржы 17 984 000 теңгені құрады. Жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау бойынша жыл басынан бері 94 адамға 5 млн. 731 мың теңге төленді. Оның ішінде онкология ауруымен ауыратындарға – 60 адамға 3 млн. 752 мың, өкпе ауруымен ауыратындарға – 26 адамға 1 млн. 626 мың теңге, тұрмыстық қиындыққа тап болған 1 отбасына 72 мың теңге, денсаулығын емдетуге – 7 адамға 281 мың теңге төленді.
Аз қамтамасыз етілген отбасыларға тұрғын үй көмегін тағайындау бойынша жыл басынан бері 19 отбасына 487 мың теңге төленді.
Халықты жұмыспен қамту орталығына 463 адамы бар 80 отбасынан өтініш қабылданып атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 17 млн. 948 мың теңге төленді.
Ауданда 1784 мүгедек бар, оның ішінде 1 топ мүгедек саны – 110, 2-топ мүгедек саны – 828, 3-топ мүгедек саны – 566, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 280.
9 мамыр мерекесіне байланысты Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген адамдарға (Ауған соғысына қатысушылар, бейбіт кезде әскери қызметін атқару кезеңінде қайтыс болған әскери қызметшілердің ата-аналарына, ҰОС жесірлеріне, ҰОС кезінде тылда еңбек еткен адамдарға СА кезінде мүгедек болғандарға) барлығы 214 адамға 218 млн. 59 мың теңге аударылды.
168 мүгедектен санаторий-курорттық емдеумен қамтуды сұраған өтініш түсіп, оның ішінде 90 мүгедек Көкшетау қаласындағы «Алмаз» санаторийіне барып, денсаулығын оңалтып қайтты.
22 мүгедек жеке көмекші қызметін пайдалануда. Жыл басынан бері 12 мүгедектен 28 рет инватакси қызметін пайдалануға сұраныс түсіп, сұранысы қанағаттандырылды. Бес жалғызбасты қарттарға және 61 мүмкіндігі шектеулі балаларға үйден арнаулы әлеуметтік қызметті 15 әлеуметтік қызметкер көрсетеді.
Аудан кәсіпкерлерінен және мемлекеттік мекемелерден 28 мүгедек мүжәлсіз отбасына 1 млн. 52 мың теңгенің көлемінде қаржылай және күнделікті тұтынатын қажетті азықтүліктермен қамту бойынша қайырымдылық көмегі көрсетілді.
– Әңгімеңізге рақмет. Қарт Маңғыстаудың бақ-берекесі артып, жаңғырып, жайнай берсін!
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР