Өңірімізде арзан пәтер іздеп, сан соғып қалып жатқан салымшылар қатары азаяр емес. Әдетте құрылысы енді басталған тұрғын үйлердің пәтер бағасы өте төмен болады. Сонысымен елді қызықтырған үйлердің бірқатары заңсыз салынып жатыр. Соған сәйкес жиған-тергенін баспана алуға берген тұрғындар қалтасынан қағылуда. Осы орайда жауапты басшылар аталған заңсыздықтың жолын кесуді қолға алды. Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысы Дәурен Өтепқали осы мәселе бойынша газетімізге сұхбат беріп, пәтер алғысы келетін тұрғындардың қандай құжаттарға мән беруі керек екенін айтты.
– Тұрғын үй салу үшін құрылыс компаниясының қандай рұқсаты болуы керек және пәтер алушылар қандай құжаттарға мән беруі керек?
– Бүгінде облыс аумағында заңсыз салынған құрылыстар өте өзекті мәселе болып тұр. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңына сәйкес құрылыс салуға қойылатын негізгі талаптар бар. Біріншіден, жер телімі рәсімделеді. Екіншіден, сәулет-жоспарлау тапсырмасы дайындалады. Бұл жерде коммуналдық қызметтермен келісім шарттар жасақталады. Үшіншіден, эскиздік жоба, яғни салынатын құрылыстың сыртқы келбеті жасалады. Бұл міндетті түрде бас сәулетшімен келісіп жасалатын дүние. Төртінші кезең – жұмыс жобасы. Осы жоба міндетті түрде сараптаманың оң қорытындысынан өтуі керек. Қандайда бір жобада сараптаманың оң қорытындысы болмаса, құрылыстың ешқандай заңды күші жоқ деген сөз. Соңғы бесінші кезеңде, Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына құрылысты бастау туралы хабарлама берілу керек. Осы бес кезең – құрылысқа қойылатын негізгі талаптар. Ал біздің өңірде бірқатар құрылыс салшылар ешқандай рұқсатнама құжаттарын рәсімдемеген. Сол себепті олардың салған тұрғын үйлері заңсыз деп танылып отыр. Сондықтан пәтер алушылар құрылыс мекемесінен осы тұрғын үйді салуға арналған рұқсат құжатын талап етуі керек. Сондай-ақ Ақтау қаласындағы 23-шағын аудандағы №100 ғимаратта орналасқан МО бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына келіп, заңды және заңсыз салынып жатқан тұрғын үйлер туралы толық ақпарат алуға болады. Ақтау қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімі де қай тұрғын үйдің заңды құжаттары бар немесе жоқ екені туралы ақпарат береді.
– Әуел баста заңсыз құрылысты салуға неге жол берілді? Құрылыс компаниялары тұрғын үйдің құрылысын бастамай жатып, олардың жолын кесуге болмас па еді?
– Қалада құрылыс салу жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын қарқынды басталды. Ол кезде арнайы жүйе болған жоқ. Құрылыс мекемелері алдымен жер телімін алды, сосын арнайы рұқсатнамасыз тұрғын үйлер салды. Осы үрдіс бүгінге дейін жалғасып келеді. Рұқсатсыз тұрғын үй салу санаға әбден сіңіп кеткен. Соның нәтижесінде қаланың кез келген жеріне үйлер салынып, бейберекетсіздік орын алды. Қазір сол үйлерге баратын инфраструктура жоқ. Зардабын тұрғындар тартып отыр. Сондықтан қазіргі таңда қалада құрылыс жұмыстарын жүйелеу үшін тұрғын үйлерді салуды азайттық. Алдымен инфрақұрылымды жолға қоюымыз керек. Содан кейін үй салуға рұқсат береміз. 2022 жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Заңсыз құрылыс тұрғындармен қатар құрылыс салушының өзіне де зардабын тигізеді. Шығынға ұшырайды, үстінен қылмыстық іс қозғалады. Мәселен, 2022 жылы 5 қабатты тұрғын үйді бұздық. Басында құрылыс-монтаж жұмыстары рұқсатсыз басталған. Сол тұрғын үйге біз бір жыл бұрын жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргіздік. Ол кезде үйдің іргетасы енді ғана көтеріліп, бірінші қабаттың қабырғасы жартылай қаланып тұрды. Тексеру нәтижесінде құрылысты тоқтату жөнінде нұсқама бердік. Алайда кәсіпкер ескертуді елеген жоқ. Ол тұрғын үйді тез бітіріп, салымшылардың қолына пәтердің кілтін беріп, ары қарай тұрғындар арқылы рұқсатнама құжаттарын рәсімдеуді көздеген. Біздің сотқа жүгінгенімізге қарамастан, ол тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жалғасып жатты. Нәтижесінде ол үйге қатаң шара қолдануымызға тура келді. Бұл жерде құрылыс салушы кәсіпкер құжаттарға немқұрайлы қарамағанда, жағдай басқаша болар еді. Әр мекеме өз жұмысына жауапкершілікпен қараса, ешқандай қиындық туындамайды. Ондай жағдайда керісінше, біздің басқарма көмектесуге дайын. Ал құрылыс салушы қандай да бір заңсыз әрекеттерге баратын болса, жауапты мамандар мен облыс әкімдігі қатаң шараларға баруға мәжбүр. Салып қойған тұрғын үйлерді бұзу да оңай емес. Себебі ол заңға сәйкес салынбаған. Үйлердің арасы тығыз.
Үй салу барысын бастан-аяқ тексеріп жүретін техникалық және авторлық қадағалаушы болуы керек. Әр құрылыстың басында техникалық қадағалаушы үйдің берік салынуына, қолданылатын материалдардың сапасына жауапты. Ал бұл заңсыз құрылыстарда ешқандай техникалық қадағалаушы жоқ. Сол үшін біз ол үйлерге кепілдік бере алмаймыз.
– Облыста қанша заңсыз құрылыс анықталды? Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтиже беріп жатыр ма?
– Жалпы біздің басқарманың жүргізіп жатқан жұмысының нәтижесінде заңсыз тұрғын үйлер бойынша 35 талап-арыз сотқа жолданды. Қазіргі таңда 33 талап-арыз бойынша соттың шешімі шықты. Бір талап-арызбен медиациялық келісімге келдік. Тағы бірі бойынша сот процесі жүріп жатыр. 33 нысанның ішінде бесеуі мәжбүрлі түрде бұзылды. Жалпы әр тұрғын үй жеке комиссияда қаралады. Соның нәтижесінде бірқатар құрылыс компанияларға құжаттарын заңдастыруға мүмкіндік те берілді. «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ-дан құрылыстың сапасына оң қорытынды алған жағдайда, құрылысты жалғастыруға рұқсат береміз. Бүгінде комиссияның 7 отырысы өтіп, 30 нысанның құрылысы талқыланды. Соның бірқатарына құрылысын жалғастыру үшін құжаттарын рәсімдеуге уақыт берілді. Алайда осы күнге дейін сол мүмкіндікті пайдаланбай, жауапкершіліктен қашып отырғандары да бар. Біз алдағы уақытта қанша нысан бұзылатынын нақты айта алмаймыз. Бірақ тек қана 5 қабатты емес, 6-7 қабатты тұрғын үйлерге де бұзу жұмыстары жүреді. Қазір жүргізіліп жатқан қатаң шаралардың нәтижесінде заңсыз құрылыстар саны біршама азайды. Құрылыс салушылар рұқсатнама алып, құрылысты бастауға ден қойып жатыр.
– Заңсыз құрылысқа ұрынған салымшылар қаржысын кері қайтара ала ма?
– Құқығы бұзылған салымшылар сот орындау шыларына хабарласуы керек. Себебі құрылыс салушы мен алушының арасындағы азаматтық тұрғыда жасалынған келісім шартқа әкімдік немесе мемлекеттік орган араласқан жоқ. Бұл жерде тұрғындар тек заңға жүгініп, соттың шешімі арқылы ақшасын қайтара алады. Әкімдік бұл істерге араласпайды.
– Алдағы уақытта құрылыс салушы мекемелерге қойылатын талаптар күшейе ме?
– Әрине, бұл мәселе республика деңгейінде қаралып жатыр. Бұрын-соңды келісім шарт жасақталған жағдайда әкімшілік хаттаманың сомасы 1 миллион теңге шамасында болса, қазір 100 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар құрылысы енді жүріп жатқан үйлерге жарнама жасауға тыйым салынды. Осы жылдың соңына дейін заң талаптары күшейтіледі.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Айгүл ОРЫНБАЕВА
Маңғыстау газеті