Соңғы бес жылда Маңғыстау облысының негізгі капиталына 3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Облыстың экономикалық әлеуетін арттыруда “Ақтау теңіз порты” арнайы экономикалық аймағы маңызды нысан болып саналады. Осы орайда mangystaumedia.kz сайты "Ақтау теңіз портының" Басқарма төрағасының орынбасары Бағлан Кеңбейловпен тілдесіп, жаңа жобалар туралы сұрады.
- Қазір экономикалық аймақтың инвестициялық әлеуеті қандай? Алдыңғы жылдармен салыстырғанда инвестиция тарту көлемі артты ма?
- Бүгінгі таңда экономикалық аймаққа салынған инвестициялардың жалпы көлемі - 324,9 миллиард теңгені құрап отыр. Оның ішінде шетелдік инвестициялар – 170,02 миллиард теңгені құрады. 461,5 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, 2272 жұмыс орны ашылды. Инвестиция тарту көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсті, себебі экономикалық аймақтың аумағы кеңейтіліп, жыл сайын жұмыс күші артып келеді.
- Маңғыстау облысының экономикалық әлеуетін арттыруда қай салалар жетекші рөл атқарады, қай салаларға инвестиция тартқан жөн деп санайсыз?
- Өткен жылдары 3,83 миллиард теңгеге шикізат өнімі экспортталды. Бұрын 50 қатысушы компания болса, қазір олардың саны - 52-ге жетті. Өткен жылдан бастап 24 жоба іске асырылып, аяқталды, 28 жоба жүзеге асу сатысында тұр. 2024-2026 жылдары бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланған, оның ішінде ірілерін айта кетейін: химиялық өнімдерді шығаратын «Topan Chemical Industries» және «Chem Invest Export» компаниялары. Жобалардың жалпы құны - 29,7 миллиард теңге, 80 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Экономикалық аймақтың негізгі бағыты - өңдеу өнеркәсібі, қойма шаруашылығы және логистика Экспортқа бағытталған экономикалық аймақтардың бірі болғандықтан, экспорттың негізгі арналары Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Германия, Франция елдері. Ал Ақтау аймағына маңдай тіреген шетелдік инвесторлар арасында Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан, Сингапур, Түркия, Германия. Ақтаудағы экономикалық аймақта қызметтің 25 басым түрі аясында өндіріс бар. Аймақта материалдар өндірісі, мұнай-химия, құрылыс өнеркәсібі үшін материалдар, машиналар мен жабдықтар өндіру сынды өңдеу өнеркәсібі сынды бағыттар болып отыр. Біз осы салаларды енді негізге ала отырып, тағы инвестиция тарту жағын қарастырудамыз. Себебі, әлі де көптеген жұмыс орнын ашу жоспарда тұр.
-Экономикалық аймақтың көлемін кеңейту, жұмысын жандандыру жайлы ел Президентіның нақты тапсырмасы бар екені белгілі. Осы себепті бірнеше порттың біріктірілгені белгілі, олардың инфрақұрылымын дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
- Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында экономикалық аймақтың құрамына Ақтау теңіз сауда порты, «Баутино» жүк ауданы, Құрық портының аумақтары енгізілді. Экономикалық аймақта туризм саласы белсенді дамып келеді. Оның ішінде ірі жобалардың бірі – «Sembol Constructon and Engineering» ЖШС 2020 жылы пайдалануға берген Rixos Water World Aktau көпфункционалды қонақүй кешені. АЭА аумағындағы әрбір жоба өзінің мультипликативтік әсерін көрсетеді, экспортқа және ішкі сұранысты жабуға бағдарланған өнімнің жаңа түрлері шығарылады, жаңа жұмыс орындары құрылады, салық түсімдері қамтамасыз етіледі.
Бұл жұмыстар аясында, порттардың инфрақұрылымын дамыту шараларымен қатар, экономикалық аймақта контейнерлік хаб құру көзделген.
Қазіргі таңда экономикалық аймақтың мерзімін 2053 жылға дейін ұзарту туралы Үкімет шешімі күтілуде. Аталған жұмыстармен тоқтап қалмай жұмысты жаңғырту мен заманауи жетілдіру үнемі назарда.
—Сұхбатыңызға рахмет.