Университет қабырғасында арнайы оқу бағдарламасы аясында дәріс берген Вайоминг университетінің профессоры Джордж Гладнейдің сөзі есімде. Мәні мынаған саяды: «Қазақстанның құнды қазынасы – жер қойнауындағы қазба байлықтары ғана емес, тұмса қалпы бұзылмаған байтақ дала қадіріне жеткенге – құт, сонысымен құнды».
Қазақ даласының қай қиыры да қиялыңды қияға самғатар табиғат таңғажайыбына толы. Көрікті мекен көз арбайды, тау-тасының тарихы – тылсым, небір аңыз-әпсананың сілеміне жетелейді. Түп бастауға түгел үңілер болсақ, әлі де болса ғылым қарымы жете қоймаған мың жылдық тарихымен мәшһүр Маңғыстау даласын туристік бағдар ретінде әлемге әйгілеуде әлеуеті зор. Алайда өңірде туризм саласына жан бітіру үшін атқарылған жұмыстарға қарамастан, өрісті саланы өркендету бір ізге түсе қойған жоқ. Әсіресе экотуризмді түбек экономикасын дамыту тетігі ретінде іске қосуда ілгерілеу аса баяу екені байқалады. Маңғыстауда туризмді мандытпай тұрған осы және өзге де мәселелер жөнінде «Vizit Aktau» туристік агенттігінің директоры Ербол Байжігітовпен сұхбат құрдық.
– Ербол мырза, Маңғыстау туризмінің бүгінгі беталысы қандай және сапалы туристік қызмет көрсету талабының үдесінен шыға алдық па?
– Ресми деректерде Маңғыстауға былтыр 500 мыңға жуық турист келді делінген. Бұрнағы жылмен салыстырғанда өсім байқалады. Бұған бірқатар факторлар ықпал етті. Қазақстан бойынша Ақтауда алғаш рет туристерге арналған чартерлік рейс қатынай бастады. Жылы жағажай аумағында «Rixos Water world Aktau» көп функционалды қонақ үй туристік кешенінің іске қосылуы туристердің ағынын арттырып, өңір экономикасының өзге салаларына да оң серпін берді. Былтыр Ресей мен Ираннан аптасына бес чартерлік рейсті күтетінбіз. «Визит-Актау» мекемесінің басты қызметі туристерді әуежайдан күтіп алу, қонақ үйге орналастыру әрі туристік турлар мен соқпақтарды ұйымдастыруға бағытталған. Былтыр біздің мекеме 10 мыңнан астам туристі күтіп алды. Биыл чартерлік әуе қатынасы 22 мамырдан бастап қайта қалпына келеді. Рейстер аптасына 5-6 мәрте орындалады деп күтілуде.
Маңғыстауға келетін туристердің басым бөлігі көршілес Ресей, Иран, Әзірбайжан елдерінен. Олар теңіз жағалауындағы жайлы демалысты қалайды. Әсіресе сәуір мен маусым аралығында түбекке табан тірейтін туристер легі толастамады. Шартты түрде өңірде туристік қызмет нарығын шетелдіктер мен отандық туристерге арнап екі санатқа бөлуге болады. Шетелдік туристер жол талғамайтын көлік турларын таңдайды. Алыстан ат арытып жеткен туристерге бағытталған туроператор сұранысқа сай ағылшын тілінде сөйлейтін гид пен қосымша трансфер қызметтерін де көрсетеді. Қазіргі таңда облыс аумағында бір күнде жүзден аса жол талғамайтын көлік турлары өтеді. Алайда туристік маусымның қызған тұсында жүйелі әрі сапалы қызмет көрсетудің тізгінін тең ұстау қиынға соғады. Жол талғамайтын көлік турларының құны жоғары болғасын жұрттың тегіс қолы жете бермейді. Өзге өңірлерден келушілер есебінен автобус турларына сұраныс артып тұр. Алайда жол мен жайлы көліктің жоқтығы қолбайлау болып, келушілер көрсеткішіне теріс әсер етіп отыр. Туризм саласындағы сарапшылар болашақта туристер саны екі есеге ұлғаяды деп болжайды. Бұл ретте өңірдегі туристік аумақтардың рекреациялық сыйымдылығын арттыруға айрықша мән берілуі керек. Жергілікті турагенттіктер туристердің үлкен ағынына әзір емес. Сондықтан мемлекеттің қуатты қолдауынсыз өңірде туризмнің оңалып кетуі қиын.
Бүгінде Маңғыстау аумағындағы ең танымал туристік нысан – Бозжыра шатқалы. Бұған Бозжыра төңірегінде туындаған пікірталас та септігін тигізгені сөзсіз. Бозжыраға дейін тасжол салу жобасы жуық арада іске асуы тиіс.
Маңғыстаудың әлемдік туристік нарықта өзінің лайықты орнын табуға бірегей мүмкіндігі бар. Еліміздің тарихи ескерткіштерінің 70 пайызы Маңғыстау аумағында орналасқан. Ал еуропалықтар көне өркениет жұрнағы ежелгі тарихи жәдігерлер мен киелі орындарды көруге құлшыныс танытады. Кәрі түбек төсіндегі орта ғасырлық сәулет өнерінің озық үлгілері діни туризмнің жоғары деңгейде дамуына мол мүмкіндік береді. Ежелгі сәулет туындылары санатындағы тау шатқалдары мен жердің тастақ қабатынан ойылып жасалған жер асты мешіттеріне шетелдік туристер арнайы тур аясында аялдайды. Киелі жерлерге аяқ басар алдында дәрет алу керек екенін білеміз. Ел ішінде бұл мәселеде екі жақты пікір қалыптасқан. Алайда түбі бір түркі еліне мәшһүр тұлғалар тарихына әлем назарын аудару, ұлттық бірегейлігімізді айқындайтын дәп-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттау арқылы этномәдени туризмді өрістету мүмкін екенін ескеру қажет. Бұл жерде мәселенің бір ұшы тур қызметін жетік үйлестіру әрі экскурсия жетекшілерінің кәсіби біліктілігіне келіп тіреледі. Кез келген турист сол елдің заңына бағынады, жетекші гид өзі бастап апарған туристер тобына әулиелік жерлерге зиярат етудің ережесін түсіндіруі шарт, сонда ғана қоғамдық тәртіп пен мораль қағидаттарына қайшы келетін іс-әрекеттерге жол берілмейді. Сондықтан мұндай жайттар өлкеде зияраттық туризмнің дамуына тұсау болмауы тиіс. Қазір «Қызылкүп–Шопан ата – Бозжыра – Бекет ата» бағытында тур жүріп жатыр. Бекет атаның басына жылына жүз мыңға жуық жан барып, зиярат етеді екен.
– Сіз алғашқылардың бірі болып Маңғыстау өңірінде визит орталығын салдыңыз. Визит орталықтардың туристік инфрақұрылымды дамытудағы орнын айтып өтсеңіз.
– Халықаралық тәжірибеде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан экологиялық материалдардан жабдықталған визит орталықтар мен глэмпингтер туристер үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауды көздейді. Орталыққа келушілер туристік нысандар жөнінде мол ақпарат алады және оңтайлы туристік бағдарлар мен соқпақтарды таңдау мүмкіндігіне ие болады. Тарихи-мәдени нысандар маңында инфрақұрылымды дамытуда сапар орталықтарын салудың маңызы зор. Мен пандемия тұсында отбасыммен еліміздің түкпір-түкпіріне сапарладым, ең кемі дәретхана жоқтығынан жол бойын жайлаған жайсыздық ішкі туризмнің ілгерілеуіне кедергі екенін ұқтым. Қырық градус ыстықта құла түзге бет алған турист күн көзінен қалқалайтын көлеңке таба алмай қай тесікке тығыларын білмей дал болады. Бұл мәселе әсіресе Маңғыстау үшін аса өзекті. Өз тәжірибеммен бөлісейін. Еуропа елдерінде туризмнің өзіндік ерекшеліктері бар, тарихи-мәдени нысандар тығыз шоғырланған. Ал Маңғыстауда бір орыннан келесі межеге жету үшін 60 немесе 80 шақырым жолды еңсеру қажет. Бозжыра шатқалының өзіне жету үшін бір бағытта 300 шақырым жол жүріп өтесіз. Орта жолда Жаңаөзен қаласынан өзге ешқандай инфрақұрылым жоқ. Бұл – ойландыратын жайт.
Былтыр Америка Құрама Штатына арнайы сапарладым. Лос-Анжелес қаласынан әйгілі «Гранд Каньон» шатқалына дейін жол жүрдім. Шатқалдан 60 шақырым қашықта күре жол бойында кішігірім ауыл бар. Ауыл төңірегінде қызмет көрсету деңгейі қонақ үйлерден кем түспейтін 40-тан астам мотель орналасқан. Діттеген жеріне жеткенше діңкесі құрып келе жатқан турист сәл дамылдап, аптығын басып, сапарын жалғау үшін барлық жайлы жағдай жасалған. Адам қарасы қалың. Туристерді тарту әрі ағынын арттыру үшін алдымен туристік аумақтар сапалы инженерлік-көлікті және туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Мәселен Бозжыра шатқалына демалыс күндері екі жүзге жуық адам барады. Мұндай мөлшердегі туристердің басын бір локацияға біріктіру үлкен жүктеме. Кептеліс туады. Мәселен «Гранд Каньон» шатқалында арнайы шарбақтар орнатылған, сақтық шаралары қатаң сақталады. Бозжырада мұның бірі де жоқ. Жалпы Бозжыра бағытындағы басты жолға бес аялдама орнату қажет. Нәтижесінде иін тірескен көліктер қозғалысын бір ізге түсіру мүмкін болады. Былтыр тиісті орган өкілдерімен өткен көшпелі кеңесте өңір туризмінің тамырына қан жүгірту үшін қандай іс-шаралар атқарылуы тиіс деген сауал талқыланды. Ойталқы барысында қорық күзетшілерінің көліктерін жаңарту, шетелік туристерге лайықты қызмет ұсынатын әрі толымды ақпарат бере алатын үш тілді жетік меңгерген кадрларды даярлау мәселесі де сөз болды.
– Туризмді табыс көзіне айналдыру мүмкін бе?
– Көптеген елдерде туризм индустриясына экономиканың тынысын ашатын тағы бір шұрайлы жол ретінде қарайды. Тұтас мемлекеттер осы саланың арқасында жан бағып отыр. Америкада ерекше қорғалатын аумаққа ену үшін арнайы өткізу пунктінде төлем жасалады, туристерге ақпараттық брошюралар береді. Кіру құны адам басына 40 доллар шамасында бекітілген. Әрі Ұлттық парктер ауқымында көлік қозғалысы жіті қадағаланады. Бозжыра «Жабай ұшқан» мемлекеттік табиғи қаумалының аумағында орналасқан. Алайда шатқалға жету үшін адам басына 290 теңге төлейсіз. Бұл– туристерден түсетін түсім тым аз деген сөз. Егер біз әр көліктен 5 мың теңгеден талап етсек немесе жеке меншік туристік операторлармен орташа баға негізінде жылдық абонемент беру жөнінде келіссек, жағдай мүлдем басқаша болар ма еді. Жиылған қаржы қорық аумағын қорғау әрі күзетумен айналысатын қызметкер жалақысын көтеруге, кәсіби біліктілігін арттыруға, заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтуға мүмкіндік берер еді.
Мемлекет жетілген инфрақұрылым ұсынса, бизнес туризмді жандандыруға әркез мүдделі. Мәселен, жол мен жарық желісі жалғанса, жергілікті кәсіпкерлер жол бойында сапалы сервис салуға бет бұрары сөзсіз. Күре жолдар желілерінде сервис инфрақұрылымын дамыту – экономиканың серпінді дамуына сеп болатын фактор. Сондықтан жыл өткен сайын өсімі еселенген түбекке табан тірейтін туристер нөпіріне төтеп бере алатындай жайлы қызмет көрсету нысандары көбірек бой көтерсе дейміз. Бұл – бір тараптан түсімді молайту мәселесі. Алдағы уақытта Ақтауда ақпараттық пункт ашуды жоспарға енгіздік. Кәсіпкерлерге ой салатын дүние – Ақтау–Жаңаөзен бағытындағы тас жолға тағы бір сервистік нысан өздігінен сұранып тұр. Сондай-ақ магистральды жолдар бойындағы жанармай құю бекеттерін реконструкциялау жұмысы жүргізілуі тиіс. Жол бойындағы бизнесті гүлдендіру бағытында Құрама Штаттардан үйренеріміз көп. Елімізде әлі де болса автожол бойындағы жанармай құю бекеттеріне жапсарлас жайлы сауда орындары мен әжетханаларды орналастыру үрдісі баяу жүріп келеді.
– Өңірде туризм есебінен тұрғындарды жұмыспен қамту қандай деңгейде?
– Мемлекеттің экономиканы әртараптандыруға ұмтылысы туризмнің өркендеуіне оң ықпал етті. Туризм саласында ұзақ мерзімді стратегиялық жоспар құру арқылы тұрақты дамуға әрі мардымды нәтижеге қол жеткізе аламыз. Біз шетелдік тәжірибелерді зерделеу әрі ілгерілеу үстіндеміз. Әрине, өңірде тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған туристік агенттіктер бар. Маңғыстау өңірінде туризм саласында инвестиция қаржысы есебінен нақты жобалар кезең-кезеңімен іске асырылса, тұрақты әрі ауқымды жұмыс орындарын құру мәселесі де өз шешімін табарына сенімдімін.
– Туризм индустриясында туристік брендинг ұғымы кең таралған. Осы жөнінде пікіріңіз қандай?
– Әрине, отандық туризмді дамытуда қажетті инфрақұрылымды қалыптастырумен қатар ұлттық брендті жасау маңызды.
Туристік бренд – белгілі бір елдің халықаралық аренадағы жарнамасы. Бренд – елдің ерекшелігін сипаттайтын басты нышан. Халықаралық нарықта отандық туристік өнімдерді насихаттаумен Kazakh Tourism мекемесі айналысады. Менің ойымша, жарнамалау ісін кәсіби білікті мамандар көмегіне жүгіну арқылы жандандыру керек әрі халықаралық туристік форумдарда отандық компанияларды қолдауды қуаттау аса қажет. Туризм саласында оң имидж қалыптастыру қиын, оны жоғалту оңай.
– Өңір туризміне қатысты сізді толғандыратын тағы қандай мәселелер бар?
– Тағы айта кетер бір мәселе – өңірде туристік полиция қызметін ұйымдастыру. Отандық туризмнің оң имиджін қалыптастыру мен туристер қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде құқық қорғау органдары өкілдерінің қызметі маңызды. Кейде табиғат аясында дем алуды жоспарлаған тұрғылықты халық өкілдері мен туристер арасында түсініспеушілік орнауы мүмкін. Мұндай жайттар ұдайы назарда болуы үшін туристік полиция өз қызметін ұтымды ұйымдастыруы тиіс.
Туризм, шын мәнісінде, жетік ұйымдастырушылық қабілетті, ерік-жігерді талап етеді. Бұл салада кешенді әрі ыждағатты жұмыс қана ырысқа кенелтеді. Осыны еске ұстау ләзім.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
«Маңғыстау» газеті
23.05.2024