
© Талант ҚҰСАЙЫН
Қазгидрометтің хабарлауынша, осы жылдың сәуір айы солтүстік жарты шардың көптеген елдері, соның ішінде Қазақстан үшін метеорологиялық тарихтағы ең жылы кездердің бірі болды. Еліміздің көптеген аймақтарындағы орташа ауа температурасы әдеттегі мәндерден 1-6 градусқа жоғары болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сәуір айында ауа температурасының рекорды жаңартылды. Мысалы, Ақтау метеорологиялық бақылау станциясында 19 сәуірде абсолютті максимум +30,1°C тіркеліп, 2014 жылғы рекордты (+25,0°C) жаңартты. Көкшетауда температура +26,3°C-қа жетіп, 2020 жылдың алдыңғы абсолюттік максимумынан (+24,2°C) асып түсті. Ал Қостанай мен Петропавлда тиісінше + 29,3°C және +28,0°c ең жоғары температура тіркеліп, 1982 жылғы алдыңғы рекордтардан асып түсті (+27,2°C және +25,0°C).
- Сәуірдің үшінші онкүндігінің басында елдің басым бөлігінде температураның жоғары фоны сақталды, Қазақстан қалалары бойынша жаңа рекордтар пайда болды. Мәселен, 21 сәуірде Ақтауда +31,5°С байқалды, осылайша 1975 жылғы рекорд жаңартылды (+29,0°С), Петропавлда ауа температурасы +28,8°С дейін көтерілді, 1982 жылғы абсолюттік максимум +26,9°С болған. 22 сәуірде Атырауда термометр бағанасы +31,2°С дейін көтерілді, осылайша 2012 жылғы рекорд жаңартылды (+29,5°С), Орал қаласында абсолютті максимум +28,4°С құрады, осылайша 1967 жылғы рекорд жаңартылды (+27,8°С), Жезқазғанда ауаның максималды температурасы +27,7°С байқалды, осылайша 2023 жылғы рекорд жабылды (+26,1°С), 27 сәуірде Ақтауда рекордтық көрсеткіш +30,7°С дейін жетті, 1989 жылы +27,3°С болды, - деді Қазгидрометтің баспасөз қызметі.