©
– Қыдырберді Әндірұлы, өзіңіз басшылық ететін Қарақия ауданының тыныс-тіршілігі туралы ел аузынан тұшымды, ақпарат құралдарынан жағымды жаңалықтар естиміз. Мерейлі мерекеде ауданның бүгінгі келбеті, әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы нақты мәліметтеріңізбен бөліссеңіз.
– Иә, ауданымыз өзінің торқалы тойына абыройымен жетті. Жерімізде елімізді жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттыра түсуге, игілікті өмір сүруге жол ашатын кенорындары бар екені белгілі. Әлеуметтік ахуалы жақсы, тұрмыс-тіршілігі толымды болған өлкеде халықтың өсім көрсеткіші де жоғары болатыны түсінікті жайт. Біздің аудандағы туу көрсеткіші – 2018 жылдың 9 айының есебімен айтар болсақ, 835 сәби. Бұл дегеніміз – шамамен әр айда бір шаңырақ қуанышқа кенеледі деген сөз. Ауданымыз өңірдің доноры десек те болады. Экономикалық даму мен өсуі бойынша да алдыңғы қатарға шықтық.
Ал Қарақия ауданының өнеркәсіптік өнімдерінің ауқымына келер болсақ, биыл қаңтар–қыркүйек аралығында оның көлемі 705,9 млрд. теңге қаражатты құрады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 193 млрд. теңгеге жоғары көрсеткіш. Өнеркәсіптік өндірістің индексі 102 пайызға жетіп, бұл көрсеткіш бойынша ауданымыз облыс көлемінде 36,9 пайызын, яғни 3/1 бөлігін қамтып отыр. Өнеркәсіп өндірісі саласында аудан алғашқы қатарда деп айта аламыз. Негізгі капиталға салынар инвестиция көлемі 2018 жылдың қаңтар–тамыз айларында 108,4 млрд. теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ инвестиция көлемі 19 млрд. теңгеге артты.
Ал аудандағы құрылыс жұмыстарының көлемі 2018 жылы 8 айы бойынша 46,4 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 2,6 есеге көбейді. Бұл облыстық көрсеткіштің 42,4 пайызын құрап, ауданымыз тағы да 1-орынға шықты.
– Білім беру, оқу-ағарту, денсаулық сақтау салаларындағы ахуал қандай деңгейде? Мемлекеттік ауқымдағы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы Қарақия ауданында ойдағыдай жүзеге асырылуда ма? Жас мамандарға тиесілі қаражат бөлініп, баспана беріліп, әлеуметтік мәселелері қамтамасыз етіліп келе ме?
– Білім беру саласында қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында өңірімізге қажетті мамандарды шақыру бойынша 29 маманға 104,5 млн. теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде білім саласына – 14 маман, денсаулық сақтау саласына – 13 маман, мәдениет саласына – 1 маман, ветеринария саласына – 1 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Аудандағы 17 білім беру мекемелерінде 9191 бала оқыса, 19 мектепке дейінгі ұйымдарда 2020 сәби тәрбиеленуде. Осы салаларда 2129 адам еңбек етеді, оның 915-і – педагог мамандар. Оқытушы мамандардың біліктілігіне де баса назар аударып келеміз. Қазіргі күнде бұл бағытта 560 мұғалім білім жетілдіру курстарынан өтті.
Соңғы оқу жылында 10 оқушы «Алтын белгі», 7 оқушы «Үздік аттестатпен» оқу ордасын абыроймен аяқтады. 3-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі білім көрсеткіші 99,7%-ға жетті.
Өлкеміздегі білім ошақтарының әлеуметтік базаларына да ерекше назар аударудамыз. Биыл Құрық ауылы Аппақ елді мекенінен жаңа 300 орындық мектеп пайдалануға беріліп, жанынан 25 орындық «Қарлығаш» шағын орталығы ашылды.
Ал аудандағы денсаулық саласында 71 дәрігер, 329 мейірбике қызмет етеді. Мамандар аудан гранты бойынша білім алып, осы жылы 7 маман жұмысқа қабылданды (хирург, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, эпидемиолог, офтальмолог).
Медициналық мекемелердің техникалық базасы мен жабдықтарын жаңғырту жұмыстары назардан тыс қалған емес. Биыл Жетібай орталық ауруханасында медициналық құралдармен жабдықталған травматология бөлімшесі ашылды. Құрық орталық ауруханасында «Ерсай Каспиан Контрактор» ЖШС қолдауымен балалар емдеу бөлімшесі жөндеуден өтті.
Елбасы Жолдауында барлық салаларды цифрландыру, цифрлық бағдарламаларға көшіру міндеттері қойылғаны белгілі. Осы мақсатта ауданымыздағы барлық емдеу сауықтыру мекемелері интернет жүйесіне қосылып, 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап медициналық құжаттар толықтай электрондық құжат айналымына көшірілді.
Мәдени, сауықтыру, салауатты өмір салтын насихаттау ісіне мемлекеттік маңыз берілген. Бұл орайда 2018 жылы Қарақия ауданында жалпы саны 236 мәдени, 66 спорттық шаралар ұйымдастырылды. Аудан бойынша мәдени 64 клубтық кұрылым бар, оның ішінде 29 үйірме, 35 шығармашылық ұжым жұмыс жасайды және ауданның спорт мектептерінде 54 топта 832 бала спортпен шұғылданады. Бұқаралық спортпен 11478 тұрғын шұғылданып, бұл көрсеткіш жалпы Қарақия ауданы халқының 31% құрап отыр.
Осы орайда биыл Құрық ауылында осы елдің тумасы Бердіқожа Боранбаевтың демеушілігімен «Туған жерге тағзым» – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа спорт залы салынып, «НКОК» компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі аясында Сенек ауылында спорт кешені құрылысы басталып кетті. Сонымен қатар геолог-ардагерлердің ұсыныстары бойынша Құрық ауылында геолог-барлаушылар музейі ашылғанын мақтанышпен айта кеткім келеді. Ал аудан өнерпаздары Ақтау қаласының 55 жылдығына орай Қарақия ауданының мәдениет күнін жоғары деңгейде өткізді.
Жалпы аудандағы халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі де артып келеді. Мәселен, осы жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 2411 жаңа жұмыс орны ашылды, бұл жоспардың 82,4 пайызын құрады. Оның 2096-сы (86,9%) тұрақты жұмыс орындары, 315-і (13,1%) уақытша жұмыс орындары. Бұл жұмыс орындарының басым бөлігі «Ерсай Каспиан Контрактор» ЖШС және оның мердігер мекемелерінде құрылып отыр.
– Ауданның ауыл шаруашылығы қарқыны қандай? Биыл өңір экономикасының әлеуетін арттыруға бағытталған «Нұр капитал» жобасы іске қосылғанынан хабардармыз. Бұл бағдарлама Қарақия ауданындағы орта және шағын кәсіптің дамуына, шаруашылықтың бой көтеруіне қандай мүмкіндік берді?
– Нақты сандармен сөйлетсек, аудандағы ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 2018 жылдың 8 айында 1072,7 млн. теңгені (2017 ж. 8 айында 989,3 млн.тг) құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанды 102,2 пайыз болып отыр.
Қазіргі уақытта аудан бойынша 485 шаруа қожалығы тіркелген, оның 41-і егін шаруашылығы. Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2018 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара малы 25,5%-ға (2018 ж. – 2292 бас, 2017 ж. – 1826 бас), қой 9,2%-ға (2018 ж. - 47607 бас, 2017 ж. – 43585 бас), ешкі 0,0%-ға (2018 ж. - 8915 бас, 2017 ж. – 9288 бас), жылқы 14,6%-ға (2018 ж. - 11202 бас, 2017 ж. 9778 бас), түйе 8,0%-ға өсті (2018 ж. - 9934 бас, 2017 ж. - 9195 бас), құс 20,5%-ға артты (2018 ж. - 3911 бас, 2017 ж. – 3246 бас).
Бүгінгі күнге дейін ауданымызда 2349 кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп (2017 ж.– 2214 кәсіпкерлік субъектілері), өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106,1 пайыздық көрсеткішке жетті.
Осы ретте «Нұр капитал» бағдарламасының арқасында кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары өз жұмыстарын жемісті атқарып жатқанын да айта кеткім келеді. Бұл бағдарлама «Туған жер» жобасы аясында халықтың қоғамдық санасын жаңғырту арқылы елдің, аймақтың экономикасына айрықша атсалысу – шынайы патриотизмді ояту мақсатында құрылған болса, осы мақсат бүгінде іс жүзінде нәтижелі болды дей аламыз. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға негізделген «Нұр капитал» бағдарламасы бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауынан құны 354 млн. 792 мың. теңге болатын 24 жоба қолдау тапты. Жобалар бойынша 217 жаңа жұмыс орындары құрылатын болады. (4 жоба ауыл шаруашылық, 9 жоба өндіріс саласы, 2 жоба туризм саласы, 9 жоба қызмет көрсету бағытында).
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Нұрлы жер»: 8 айда 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй берілдіНәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында бүгінгі күні 20 азамат 77,8 млн. теңгеге шағын несие алды.
Ал «Бизнестің жол картасы–2020» бизнесті қолдаумен дамытудың бірыңғай бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктерден 5 кәсіпкер 72,7 млн. теңгеге несие алды.
2018 жылдың 1 қыркүйек жағдайына барлық экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмысшылардың орташа жалақысы 260 168 теңгені құрап, 2017 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда екі есе өсті (01.09.2017 ж. – 126 483 теңге).
Сонымен қатар біздің өлке ірі кенорындарымен де халықтың қазынасын ұлғайтып отырғанын білесіздер. Қарақия ауданындағы ірі өнеркәсіптік компаниялары ел экономикасы мен халық игілігіне табысты қызмет етіп жатыр. Бұл қатарда «Жетібаймұнайгаз» «ММГ» АҚ өндірістік басқармасы, «Ерсай Каспиан Контрактор» ЖШС, «Құрық Порты» ЖШС, «Өзенмұнайгаз» АҚ және басқа да сервистік компаниялар («ОСК», «ОКК», «ОТК», Жетібай тас карьерлері) бар. Қарақия ауданы тек әлеуметтік жағынан ғана емес, рухани мұраларға да бай. Ең алдымен ауданымыздың басты байлығы – оның адамдары, әсем табиғаты, елдің тарихы мен киелі орындары. Біздегі Бекет ата, Шопан ата, Жылан тау, Кендірлі, Үстірт секілді аймақтар – тек Маңғыстаудың мақтанышы ғана емес, күллі қазақ жұрты үшін қасиетті, қадірлі жерлер.
– Әңгімеңізге рақмет!Жайық НАҒЫМАШ