©
ЖИТС—жұққан адамға ажал құштыратын ауру саналады. Алайда, науқас бұл дертке бірден шалдыға қоймайды. ЖИТС-ке жеткізетін жұқпа—АИТВ, яғни, адамның иммундық тапшылық вирусы. Ал маман дәрігерлер адам қанының талдамасынан АИТВ табылса, одан қауіптенудің жөні жоқ екенін, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталыққа келіп, емделуі керектігін айтады. Жақында орталықтың диспансерлік бөлімінің меңгерушісі Әлия Төлемісқызы ЖИЕНҒАЛИЕВАМЕН әңгімелескенімізде осы мәселеге қатысты сұрақ қойған едік.
- ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығындағы дәрігерлерге көрінген науқастың аты-жөні құпия сақтай отырып, ем жасалады. Олар ауруынан толыққанды айыға ала ма?
- Пациенттер дертінен толық жазылып кетеді дей алмаймыз. Бірақ ем-дом жасаймыз. Біз қолданатын ем түрін антиретровирустық терапия (АРВТ) деп атайды. Ондағы мақсат—АИТВ белсенділігін толық басу, яғни вирустың кең таралуын тежеу. Қазіргі таңда вирустың көбеюін тоқтататын, иммундық жүйені қалпына келтіруге мүмкіндік беретін препараттар бар. Бұлардың саны жиырмадан астады. Бұл әрі-дәрмектер—Зидовудин, Ламивудин, Невирапин және басқалар. Жаңадан шыққан Призиста, Интеленс, Тивикай сияқты препараттар да бар. Дәрі-дәрмектерді қабылдаған кезде ережені қатаң ұстанса, емнің нәтижесі жақсы болады. АРВТ препараттардың белгілі комбинация және қатаң уақытымен қабылдауы АИТВ қадағалауын қамтамасыз етеді. Науқасқа дәрігердің тағайындауы бойынша күнделікті, тұрақты 3 препаратты қолдануы ұсынылады. Өздігімен ештене өзгертуге болмайды.
- Емді уақытылы қабылдамайтын немесе емделіп жүріп, арасын үзіп алатын науқастар да бар шығар?
- Әрине, ондай науқастар аз да болса кездесіп қалады. Кейбіреулер ем қабылдау кезінде дәрі-дәрмектердің жағымсыз әрекеттері пайда болуынан сескенеді. Жүрек айнуы, іш өтуі, іштің ауырсынуы сияқты әсерлері болуы мүмкін, бірақ бұл симптомдар бірнеше күннен кейін жойылады, емді тоқтатпау қажет. Мұны әрдайым ескерт іп жатамыз. Уақытында дәрігерге қаралған жағдайда, емнің коррекциясын түзетіп береді. Өздігінен емді тоқтатқан жағдайда вирустың дәріге тұрақтылығы пайда болады да, емнің нәтижесі ойдағыдай болмайды. Дәрілердің қабылдау тәртібін сақтау дегеніміз—дәрігер тағайындаған емді толық орындау. Аптасына бір немесе екі рет дозаны қабылдамай қалған жағдайда емнің пайдасы төмендейді. Тек белгілі бір концентрацияда ағзаға түскен препараттар вирустың көбеюін тоқтатады. Препараттардың концентрациясы азайған жағдайда, вирустың белсенділігі күшейіп, ол «оянады», сосын қайтадан СД4 жасушаларында көбейіп, оларды бұзады.
- Бүгінде қанша науқас ем қабылдап жүр?
- Биылғы 1-қазанға дейін АИТВ-мен есепте 160 науқас тұр. Олардың арасындағы 137 адам АРВ терапиясын қабылдап жүргендер. Яғни 85,6%. Жылдың сонына дейін 15 науқасты емге алуды жоспарлап отырмыз. Қазір көп науқастар ауруы анықталған соң уақытымен емін бастап кетті, бұл олардың ғұмыр жасын ұзартады және қатардан қалмай, қалыпты өмір сүруіне септігін тигізеді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА