Еліміздің демографиясы дамып, бала туу көрсеткіші артуда. Соңғы 10 жылда жыл сайын бала туу көрсеткіші 1,4 пайызға өсіп отырған. Ана мен бала денсаулығы – ұлт болашағы. Облыстық ана мен бала орталығында да дүниеге келген балалар саны көбейіп, жүкті әйелдер саны өскен. Онда 2019 жылы 8 312 әйел ана атанса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 8 456-ға жеткен. Ал 2021 жылы қаңтар айында 743 ана сәбиін дүниеге әкелген. Жақында біраз жылғы еңбегін ана мен бала денсаулығына арнаған, Маңғыстау облыстық ана мен бала орталығының директоры Жапырақ Кеңесханқызы Епеновамен тілдестік.
- Жапырақ Кеңесханқызы, орталықта босануға келген әйелдерге көрсетілетін медициналық көмек түрлеріне қандай да бір шектеулер бар ма?
– Перзентханаға босану үшін келген ана мен бала денсаулығы орталықтың басты назарында болады. Оларға жасалатын УДЗ, анализдер, тексеру жұмыстары барлығы тегін. Алайда кейбір босанғанына бірнеше ай өткесін қаралуға келгендер немесе тұрғылықты жерінде дәрігерлер бола тұрып, өзі таңдаған дәрігерге УДЗ-ға түсу үшін келген келіншектер ақылы қаралады. Ал патологияда немесе шұғыл жағдайда түскен жүкті келіншектерге медициналық көмек тегін көрсетіледі. Нәрестелердің де денсаулығы бақылауға алынып, екпелері салынады. Бізде хирургиялық орталықта жасақталған. Қандай да бір ота жасау керек болған жағдайда оларға осы орталықта ота жасалады. Басқа жаққа ауыстырып әлек болмаймыз. Егер қажеттілік болса, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан дәрігерлер шақыртамыз. Келген мамандар ауру деңгейіне қарап, аса ауыр науқасты ғана өздерімен алып кетеді. 2020 жылы 9 баланы, осы жылы 4 баланы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы республикалық маңызы бар көмек көрсету медициналық орталықтарына жібердік. Олар – жүрегінде ақауы бар, көзіне ота жасау керек балалар. Сондай-ақ мерзімінен ерте туған балалардың көздері жетілмей қалуы орын алады. Осындай кездерде біздер республикалық маңызы бар көмек көрсету медициналық орталықтарына өтінім береміз. Олар санитарлық авиациямен келіп, ата-анасының рұқсатымен алып кетеді. Бұл жерде біздің міндетіміз – дертті дер кезінде анықтау.
– Кесір тілігінің көбею себебі неде?
– Кесір тілігінің көп болуының әр түрлі себебі бар. Бір рет кесір тілігімен босанған келіншек араға біраз уақыт салып, күтінуі керек. Ал олар балаларының арасын жиі босанады. Сондықтан бір рет кесір тілігімен босанған анаға бірнеше рет кесір тілігімен босануға тура келеді. Басқа елдерде төртінші, бесінші баласын кесір тілігімен босану деген көп естілмейді. Біздер үшінші рет кесір тілігімен босанған аналарға жатыр түтікшелерін байлауды ұсынамыз. Олар көбіне бас тартады. Міне, кесір тілігінің көбею себебінің бірі – осы.
Екіншіден, соңғы кезде әйелдерде қан қысымының жоғарылауы өте көп. Қан қысымы мөлшерден тыс көтеріліп, соның салдарынан зәр шықпай қалуы немесе бүйрек асқынулары болуы ықтимал, тіптен миына қан құйылып кетуі де мүмкін. Сонымен қатар қазіргі кезде қант диабеті ауруы дендеп бара жатыр. Мен көптен бері осы салада жұмыс істеп келе жатырмын. Бұрын бұл ауру сирек кездесетін. Бір әйел қант диабетімен ауырса, бәріміз сол әйелдің жанында жүретінбіз. Қазір бұл дерт өте көп. Тіптен жасарып бара жатыр. Қант диабетімен ауыратын аналардың балалары мөлшерден тыс үлкен болады. 4-5 келі салмақта болады. Тек ірілік қана емес оның иығы да үлкен болады. Бұл – макросомия деген диагноз. Диагнозда баланың иық сүйегі үлкен болады. Мұндай кезде босану жолдарынан шыққан кезде балаға зақым келеді. Қолдары сынып кетуі мүмкін, бас немесе кеудесі тұрып қалады. Көбінесе босанатын аналар – 45-ке дейінгі әйелдер. Белсенді босанатын аналар – 20 мен 35 жас аралығындағы аналар. Олардың көпшілігі гамбургер, kfc, хотдог жеп, газдалған сусын ішеді. Осылайша, дұрыс тамақтанбаудың кесірінен қант диабеті көбейіп отыр. Қозғалыстың, жүрістің жоқтығы мен семіздік те кесір тілігіне себеп болуда. Қант диабеті барларда қан қысымы да болады. Осы екі аурудың жасарып бара жатқаны қынжылтады. Сондықтан тек қана аналар емес, барлық адам өз денсаулығы үшін дұрыс тамақтануды қолға алуы керек.
– Көптеген әйелдерде жатырдан тыс жүктіліктің болуы, баланың іште жатып шетінеуі сынды жағдайлар жиі орын алып жатады. Баласын ай, күніне жетіп босануы үшін аналар не істеу керек?
– Бұл – біздерді қобалжытатын мәселенің бірі. Себебі соңғы кезде жатырдан тыс жүктілік көбейіп кетті. Одан кейін, іште баланың дамымай қалуы, жүрегі соқпай қалуы көптеп орын алуда. Мұндай жағдайлар көбінесе 2-3, кейде 4 ай мерзімде болады. Кейбір әйелдерде ол тіптен қайталанып жатады. Барлығы әйелдердің өз денсаулығына немқұрайлы қарауынан болады. Не себепті іштегі бала дамымай қалады? Себебі ол ананың жатырында асқынулар болуы мүмкін. Жыныс арқылы берілген асқынулар да болады. Былтыр баласы іштен дамымай қалған аналар биыл да осы жағдаймен қайта келіп жатады. Олай болмайды. Бір рет дамымай қалса, оның себебін іздеу керек. Дәрігерге барып, жоспарлы түрде емделіп, көтеру керек. Дәрігерге барып жоспарлы түрде көтергісі келетінін айту керек. Дәрігерлер талдамаларына қарап, емдеу жүргізеді. Жүктілікке дайындайды. Дәрумен жеткіліксіздігін тексерту керек.
Неге жатыр түтікшесінде тұрып қалады? Жатырдан тыс жүктіліктің де орын алу себебі осыдан болуы мүмкін. Сонымен қатар жатырдың жабысуы, түтікшенің қабынуынан болуы ықтимал. Қалқанша безінің де әйел денсаулығында атқаратын рөлі өте зор.
Әйелдер денсаулыққа баса назар аударуы керек. Өмірге дені сау ұрпақ әкелу әйелге байланысты. Сондықтан өз денсаулығымызға салғырт қарауға жол бермеуіміз керек. Дұрыс тамақтану, жиі қозғалыста болу, салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды. Біздің мінез-құлқымыздың бір қалыпта болуы да үлкен рөл атқарады. Келешекке дені сау ұрпақ жалғау – бізге артылған жауапкершілік. Дені сау ұрпақ дені сау анадан екенін ұмытпау керек.
– Қазір еліміздегі пандемияға байланысты босануға келген аналар мен серіктеріне қандай талаптар қойылған? ПЦР-тест тапсыру міндетті ма?
– Иә, әрине. ПЦР-тест міндетті түрде тапсырылуы керек. Босануға келген аналар мен серіктері босану залына келгенде тест тапсырулы, қорытындысы теріс әрі 7 күндік болу керек. Жүкті әйелдерге 37 аптасында ПЦР-тест тапсыру керектігін айтамыз. Кейбір әйелдерде осы уақытқа жетпей су кету, ерте босану болуы мүмкін. Бізде 29-30 аптасында қан қысымы көтеріліп келгендер де бар. «Тест тапсырмағансың, талдама жасату керексің» деп оларды қуып жібермейміз. Сол себепті біздің перинаталдық орталықтың бір бөлігін жауып, КВИ орталығын жасақтадық. Вирус жұқтырғандар мен пневмония болған жүкті әйелдер сонда жатқызылады. Егер мана айтып өткендей тест уақыты өтіп кеткен немесе ерте босану болса, провизор бөліміне барып, тест тапсыра алады. Егер оң нәтиже байқалса, осы КВИ бөліміне жатқызылады. Ал, серіктері вирусқа қарсы сынама тапсырылған, нәтижесі теріс болуы керек. Аяғына тәпішкесі, мақта-матадан киімі және бетпердесі болуы міндетті.
– Жапырақ Кеңесханқызы, көптеген аналар босанғаннан кейін берілетін қобдишаның берілмей жатқанын тілге тиек етуде. Бұл туралы не айтасыз?
– Иә, бұл сауал өте орынды. Өткен жылы ана мен бала орталығында жаңа туған сәбилерді күтіп, қарауға арналған жиынтық дайындау үшін тендерден «Али-Сан Тұмар» компаниясы жеңіп алған болатын. Осы компания облыстық ана мен бала орталығына 2020 жылы 8 000 дана медициналық қобдиша әкелуі керек еді. Пандемия салдарынан сауда, көлік, логистика салаларында үлкен қиындықтар орын алды. Соңғы жиынтық мамыр айында ғана жеткізілді. Осыдан кейінгі елдегі жағдай бәрімізге белгілі.
Компания өкілдері біздерге бірнеше мәрте хабарласты. Олар жиынтық ішіне енетін термометр аппаратын көршілес Қытай елінен алатын болғандықтан, мәселе туындап отырғанын жеткізді. Жиынтыққа енетін термометрден басқаларын жеткізуге де ұсыныстарын айтты. Бірақ келісім шарт бойынша тізімдегі барлық заттарды әкелуге міндетті. Қобдиша ішінде тізім көрсетілген. Ал толық заттар берілмесе, аналар тарапынан тағы теріс пікір қалыптасатын болды. Сондықтан жиынтық толық болмауына байланысты компаниямен келісім шарт бұзылды.
Ал қобдиша алған кезде аналар алғандығын растап, қол қояды. Биыл 5 000 дана жиынтыққа тапсырыс бердік. Қажет болған жағдайда қосымша тапсырыстар беретін боламыз.
– Жапырақ Кеңесханқызы, сіздің бұл сұхбатыңыз арқылы өз денсаулығын екінші орынға қоятын аналар мен болашақ ана болатын қыз-келіншектерге ой тастадық деген сенімдемін. Қарбалас жұмыс арасында уақыт тауып, берген сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан Гүлнара ТАСБОЛАТОВА