Есімі өзгертілген кейіпкеріміз Айман деструктивті діни теріс ағымды ұстанушылардың ортасында 6 жыл қамауға бергісіз өмір сүріпті. Ол салафизм ағымдағылардың өз ортасында қандай екенін жасырмай әңгімелеп, олардың шын бет-бейнесін ашып берді...
– Айман, ата-баба жолынан айнып, адасқан ағым жетегінде кеткен қаракөз әпке-қарындастың қатарында сіз де болдыңыз. Ата діннен безіп, ағым қуалап, дәстүрден аттап жүріп, үйірге қайта қосылдыңыз. Оған да «Шүкір» делік. Енді сол өткеніңізден өзгелер сабақ алса жақсы. Адасу неден басталды?
– Иә, білместікпен басымды тау-тасқа ұрғаным рас. Өзіңіз айтқандай, үйірге қосылғаным үшін Құдайға тәубә! Мен намазды 15-16 жасымда ағамның таныстыруымен Ханафи мәзһабымен намаз оқитын бір ападан үйренгенмін. Бірақ үйдегілер намаз оқып, орамал тағуыма қарсы болды. Сосын күйеуге шығуға мәжбүр болдым.
– Күйеуіңізбен қалай таныстыңыз? Танысқан кезіңізде намаз оқитын ба еді?
– Интернет арқылы таныстым. Ол кезде ол да намаз оқып бастағанына көп болмаған, діни білімі жоқ еді. Сөзіміз жарасып, отау құрдық. Ол кезде ол да Ханафи намазымен оқып жүрді. Біраз уақыт өткеннен кейін өзгере бастады. Себебі көршілеріміз сәләфи ағымының өкілдері болды да, соның ықпалында кетті. Бірақ маған ештеңе айтпайтын. Мен тек үйде балаларға қарап отырдым. Кейін үшінші балама аяғым ауырлап, ауруханада жатқанымда ғана оның ұсталғанын естідім.
– Кімнен естідіңіз? Нақты қандай себеппен ұсталды?
–Ауруханада жатқанымда күйеуімнің туыстарынан естідім. Атырау қаласында болған терактіге қатысы болғаны үшін және «жиһадқа» барамыз деп дайындалғаны үшін ұсталды.
– Ол оқиға туралы жалпы білесіз ба?
– Мен оны кейіннен білдім. Сирияға кету мақсатында қаражат пен адамдар жинап, кетейін деп жатқан кезінде әшкере болды. Бір үйде жиналып, жоспар құрып отырған кезде құқық қорғау органдарының арнайы операциясы ұстады. Араларында кәдімгі үлкен атыс болған. Өлгені өліп, қалғаны құрыққа ілінген. Оның ішінде менің күйеуім де бар. Кейін соттың үкімімен 12 жылға сотталды.
– Одан кейін сіз қайда қалдыңыз? Қалай күн көрдіңіз?
– Одан кейінгі өмірім өте қиын болды. Үш баламен жалғыз басты ана атандым. Басымызда үй болмады. Қолымда құндақтаулы бала болған соң жұмыс та жасай алмадым. Өзімнің әке-шешемнің көмектесетін жағдайы жоқ еді. Бауырларымның да өз отбасы бар. Туысқандарымнан осындай жағдай басымнан өтіп жатқаны үшін ұялдым... Сол кезде маған салафизм ағымындағы күйеуімнің жақтастары хабарласып, көмектесті. Үй берді. Менің басқа барар жер, басар тауым болмағасын, шарасыздан сол жаққа барып тұрдым.
– Ол қандай орын? Сізден басқа кімдер тұрады ол жақта? Қанша уақыт тұрдыңыз?
– Ол жерді сәләфизмнің ордасы деп айтуға болады. Сырты қоршалған, көп бөлмелі жер үйлер. Кілең сәләфи ағымының өкілдері тұрады. Мен ол жерде 6 жыл тұрдым.
– Алты жылда сол ағым өкілдерінен қандай қиындық көрдіңіз?
– 6 жыл бойы менің бас бостандығым болған жоқ. Түрмеде отырғандай күй кештім. Емін-еркін жүріп-тұра алмаймын, туысқандарыммен де араласа алмадым. Кішкентай балаларым да ойнай алмайды, ауладан шығармайтын. «Кәпірлермен араласпа, кәпірлермен дос болма!» деп жан-жақтан айқайлайтын. Кішкентай балалардың санасын улап, «Кәпірлермен араласпа» деп миына құйып отырады. Тек өздерінің отырыстарына апарады. Дастарқан жайып, «Алланы ұлықтаймыз» деп тамаққа шақырады. Өздері алып кетеді, өздері әкеліп тастайды. Берген тамағы желкемнен шығатын. Басқа баратын жерім болмағасын, амалсыз көндім.
– Сол уақыттарда олар ұстанған сенімді, олар жасаған іс-әрекетті сіз де жасадыңыз ба?
– Олар маған өздерінің салафизм ағымындағы адамдардың лекциясын тыңдатып, насихаттады. Ешқандай мешіттен білім алмаған соң, білімім болмаған соң басында сендім. Себебі солардың ортасында отырдым. Сыртпен байланыс жоқ. Кейіннен ойландым. бұлардың айтқандарының барлығы шариғатқа қайшы. Мысалы, шариғатта туыс-туғандармен қарым-қатынасты үзуге болмайды. «Туыстық қарым-қатынасты сақтаған жанның жасы ұзақ болады» деген хадис те бар. Оған қатысты көптеген аяттар да бар. Соның барлығына бұлардың іс-әрекеттері қарама-қайшы болды. Егер туған анаң, әкең немесе бауырың намаз оқымаса, оларды кәпірге шығарып, жек көруге тиістісің. Олармен мүлдем араласпау керек. Одан соң Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын адамдардың сойған малының етін жемейді. Себебі оларды мұсылман деп санамайды. Олар тек салафизм ағымындағы адамдар сойған малдың етін ғана жейді. Сондықтан да Қазақстанды «Кәпірлердің елі» деп түсінеді. Сол үшін бұл елден көшіп, жиһадқа кету керек деп түсінеді. Хадис, аяттардың көбін тікелей мағынасында түсінеді. Мысалы, «Бұл өмір – мұсылмандар үшін – түрме, ақырет – жәннат» дегенді олар тура сол мағынада қабылдайды. Осы өмірде біз ешқандай қызық көрмеуіміз, ешкіммен араласпауымыз керек деген түсінікте. Өздерін ағайын-туыстан, қоршаған ортадан оқшаулайды. Тек өз көзқарастарымен сай адамдармен ғана араласады, соларды ғана мұсылман деп санайды. Және олардың мақсаттары – өлім. «Тезірек бұл дүниемен қоштасып, Аллаһ жолында өлу керек» деген түсінікті саналарына сіңірген.
– Демек алты жыл бойы құлшылықты солардың ережесі бойынша жасадыңыз ғой?
– Иә, намазды солар оқығандай оқыдым. Оларда әйел адам азан шақырады, имам болады, намазды жамағатпен оқиды. Сол ортада олармен қосылып, намаз оқыдым. Алты жыл бойы бір жерде, бір аулада, ешкіммен араласпай, ағайын-туыстарымды көрмей өмір сүрдім. Балаларымды, өзімді қай жерде жүргенімізді үнемі тексеріп, мектепке барған балаларымды артынан аңдып отыратын. Қызым «Үнемі артымнан аңдып жүреді» деп қорқатын. Бірақ мектепте рұқсат бермегендіктен хиджаб киген жоқ.
– Балаларға қандай зорлық көрсетеді?
– Мысалы, 4-6 жастағы ойын баласын намаз оқуға мәжбүрлейді. Ойнап жүріп намаздарын ұмытып кетсе, кешіктірсе, ұрады. Ұрғанда да денелері көгергенше, таңба түскенше өте қатты ұрады. Балаларға намазды мәжбүрлеп оқытады. Өзге балалармен араласса, өлең айтса, жанды нәрсенің суретін салса, кез-келген нәрсені жаймен емес, күшпен түсіндіреді. «Кәпірлердің оқуын оқытуға болмайды» деп балаларды да мектепке бергісі келмейді, тек заңнан қорыққаннан амалсыз оқытып отыр. Бірақ «Мектепте «кәпірлермен» амандасуға, олармен сөйлесуге болмайды» деп миына құйып жібереді. Сондықтан салафизм ағымындағы адамдардың өзі де, балалары да тұйық болады. Мысалы мен де ішімдегі ішкі түйсігімді емін-еркін айтып жеткізе алмайтын күйге түстім. Балалары да сондай күй кешеді. Өздерін адамдардан алыс ұстайды, ішкі ойын айтпайды. Өз көзқарастарын өзгеден жасыру үшін ғана балаларын амалсыз мектепке береді. Ал балабақшаға мүлдем бермейді. Себебі онда жіберу, жібермеу – өз еркінде.
– Қандай уағызшыларды тыңдатты?
– Саид Бурятский, Халил, Абу Омар Сасидлинский, Надир, Дарын Мубаров. Солардың ғана уағыздарын тыңдауға міндеттейтін, «Олардан басқаларды тыңдауға болмайды» дейтін. Мен басында сендім. Бірақ олардың уағыздарында жиһадқа шақыру, бұл өмірді мақсат тұтпау, өздерінен басқаларды «кәпір» деп санау, Аллаһ үшін Сирияға кету жолдары айтылады.
– Сол жерде Сирияға кету, баратын адамдарды қаржыландыру деген сияқты іс-әрекеттерді байқадыңыз ба?
– Иә, алты жылда ондай нәрсе бірнеше рет болды. «Қазақстаннан жиһадқа кетеміз», деп кетіп бара жатқан адамдарға көмектесті. Шығарып салу, машинамен жеткізу... Кім қандай көмек көрсете алады, барынша көмектесетін. Біз тұрып жатқан жерден кеткендер де болды, қайтып оралмағандар да, шекарадан өте алмай қайтқандар да болды.
– Қалай күн көрдіңіз?
– Тамағымызды әкеліп береді, сол тамақпен күн көреміз. Балалар қатты ауырып жатса ғана ауруханаға апаратынбыз. Медицинаны да жоққа шығаратын. Дәрілерді ішуге тыйым салатын. Дәрі ішуді «Аллаға серік қосу» санайды.
– Кімнің құндылықтарын насихаттайды? – Арабтардың. Солар сияқты бетті бүркеп жүру, қара немесе жабық түсті киімдер кию, қолға қолғап киіп жүру, әйел кісі ер адаммен сөйлескен кезде дауысын ер адам сияқты өзгертіп сөйлеуді бұйырады.
– Олар үшін неке, отбасы, әйел тағдыры қаншалықты маңызды?
– Оларға неке ойыншық сияқты нәрсе. Сырттай керемет тақуа көрінгенімен, шын мәнінде басқа. Әйелдерін ұрып-соғады, қорқытып, күштейтін кездері болады. Талақ ете салу, басқа әйелге үйлене салу, екі, үш-төрт әйел алу, сонымен қатар 14-15 жастағы қыздарын күйеуге беру, алу - қалыпты құбылыс. Тіпті өрімдей қыздарды екінші әйелдікке бере де, ала да береді. Балиғат жасына толған қызды үйде ұстап отыруды күнә деп есептейді, сол үшін қыздарының рұқсатынсыз оларды күйеуге береді. Мұндай жағдай өз басымнан өтті. 14 жастағы қызыма бір салафит көз салып, екінші әйелдікке алғысы келді. Қорықтым. Өзімді де әйелдікке алуға бірнеше рет келді. «Күйеуіңмен ажырас, қашанғы бұлай өмір сүресің, тағы да күйеуге шық» деп келетін. Мен бас тарттым. Қарсы болғаныма қарамай кейін де «Күйеуге шық»! деп мазалап жүрді. Осыдан соң ол ортадан кетуге, құтылуға асықтым.
– Ол ортадан қалай құтылдыңыз? Өзіңіздің жат ағым жетегінде жүргеніңізді қалай білдіңіз?
– Мен ол ортадан дін істер басқармасының көмегімен шықтым. Сол тұрып жатқан жерімізге теологтар келетін. Бірақ оларды кіргізбейтін. Бір күні ауланың есігі ашық қалған кезде теологтар кіріп келді. Қуып шығара алмады. Сосын теологтар аты-жөнімізді сұрап, сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Телефон нөмірімізді алып, хабарласып тұрды. Бір күні дін істері басқармасына шақырды. Сол күннен бастап теолог, психологтармен жиі сөйлесіп тұрдым. Олар маған діни білім берді. Мен оларға салафиттердің ортасынан шыққым келетінін айтып, көмектесуін сұрадым.
– Сәләфилер сіздің теологтермен, психологтермен сөйлесіп жүргеніңізді біліп, кедергі жасаған жоқ па?
– Білді. «Неге олармен сөйлесесің, неге олармен кездесесің, олармен сөйлесуге болмайды» деп, миымды ашытты. Бірақ олар өздерінің маған жасаған жамандықтары ашылып қалуынан қорқып, маған көп қысым жасай алған жоқ. Жалпы теологтермен сөйлеспей тұрып та іштей олардың жолы бұрыс екенін түсінгенмін. Олардың ұстанған салафизм ағымы ешқандай ислам дініне сәйкес емес. Бірақ менің ол ортадан шығып кетуім үшін бір жағынан қорқыныш, екінші жағынан жағдайым жоқтығы себеп болды.
– Олар өз орталарына адамдарды қалай тартады?
– Мұқтаж адамдар болса, соларға көмектесіп бастайды. Тұратын жері болмаса немесе ақшадан қысылып жүрсе, «Мейірім» танытып, көмектеседі. Содан кейін мемлекетті жамандай бастайды да өздерінің айласымен идеялогия сіңдіреді де, тартып әкетеді. Ер адамдар білдіріп қоймас үшін, өздерін сақтау үшін құқық қорғау органдарына «көз қылып» қана мешітке барады. Бірақ мешітте имаммен оқылған намазды қабыл болды деп мүлдем есептемейді. Үйлеріне қайтып келген соң намазды қайта оқиды.
– Қазақ халқының салт-дәстүрлерін жоққа шығара ма?
– Жалпы салт-дәстүр шариғатта болмаған себепті оның барлығы харам, ширк, бидғат болады деп есептейді. Мысалы, ата-енеге иіліп сәлем етуді Аллаға серік қосу деп есептейді деген сияқты. Ата-анасы өз діндерінде болмаса, оларды «Кәпір» деп, «Оларды сыйлау, кәпір адамның ризалығын алу міндет емес» дейді. Мысалы, ислам дінінде ата-анаң қанша жерден жаман болса да, намаз оқымаса да, тіпті басқа дінде болса да олардың ризалығын алуды қатаң бұйырады. Бұларда ондай жоқ. Мұсылман болса да, намаз оқымағаны үшін кәпірге теңейді. Музыканы да харам дейді. Қайтыс болған адамға Құран бағыштауды да харам дейді. Айта берсе, шектеу өте көп.
– Адамдардың бұл ортаға түсіп кетуіне тағы қандай себептер бар деп ойлайсыз?
– Итермелеген нәрселер өте көп. Әуелі діни сауатсыздық, интернетке тәуелділік, шамадан тыс әуестік сияқты факторлар әсер етеді. Сосын қоршаған орта. Яғни араласатын адамдардың ықпалы күшті болады.
– Қазіргі өміріңіз қандай? Тұрмысыңыз, туыс-туғандармен қарым-қатынасыңыз қалпына келді ме?
– Құдайға мың тәубе! Ол ортадан шыққаныма қазір төрт жыл болды. Осы төрт жылдағы өмірім үшін Аллаға сансыз шүкір. Есіме түскен сайын ол ортадан құтылғаныма, өзіме, балаларыма бостандық сыйлай алғаныма қатты қуанамын. Шамам келгенінше ол күндерді есіме түсірмеуге тырысамын. Себебі ол күндер менің өмірімнің ең ауыр сәттері...
Қазір жұмысқа тұрдым, балаларым – мектепте. Барғымыз келген жерге еркін барамыз, араласқымыз келген жандармен араласамыз. Жақындарыма қарауға қатты ұяламын. Соншама жыл олармен араласпадым, қуаныш, қайғыларына ортақтаспадым. Қазір сол қатемді түзеу үшін туыс-туғандарыммен араласып, үйге шақырып немесе оларға барып, барынша жақындасуға тырысамын.
Бір кездері намаз оқымағаны үшін «Кәпір» деп, қамқорлығынан бас тартқан анамның көңілін тапқым келеді. Жанымда жүрген «Жәннәттың» қадірін білмегенім үшін қапаланамын. Сондай опасыздығыма қарамастан мен үшін қайғырып, дұға жасаған ата-анамның ақ батасын алуға тырысамын. Бәлкім мені бұл батпақтан құтқарған сол кісілердің көз жасын көл қылып жасаған дұғалары шығар... Өткенім үшін өкінем, бүгінім үшін шүкір етемін.
– Осы ағымда жүрген қыздарға, аналарға не айтасыз?
– Өзім сияқты адасқан әйелдерге, аналарға «Өзіңіздің және балаларыңыздың өмірін, болашағын ойлаңыздар, менің жасаған қателігімнен ғибрат алып, жат ағымның жетегінде кетуден сақтансаңыздар екен» деймін. Дінде ешқандай зорлық та, мәжбүрлік те жоқ. Ислам діні бейбіт өмір сүруге шақырса, салафизм ағымы шынын айтқанда тек зорлық-зомбылық, бірін-бірі аңду, өздерін әр нәрседен шектеп, қоғамнан оқшауланудан тұрады. Сол үшін де дін үйренгісі келген адам арнайы мамандарға, имам, молда, теологтерге жүгінгені дұрыс дер едім.
-Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Ерзат ТӨЛЕШҰЛЫ,
Маңғыстау облысы дін істері басқармасы
дін мәселелері жөніндегі ақпараттық талдау орталығының теологі