Психология қоғамды өзгерте ала ма? Тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қалай тоқтатуға болады? Осы жөнінде белгілі психолог, Психоанализ институтының директоры Анна Мергенбайқызымен арнайы Алматы қаласында сұқбаттасқан едік. Оқи отырыңыз.
– Анна Құдиярқызы, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа кімдер жиі ұшырайды?
– Әрбір адам өзінің «менін» жоғары санап, басқаларды өзіне бейсаналы түрде қызмет етуге мәжбүрлейді. Сондықтан психологиялық, эмоциялық күші әлсіз еркек жұдырығын әйелге көтереді. Әйелдің аты – әйел, ал жаны – нәзік. Сондықтан бірінші кезекте әйел физикалық тұрғыдан зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Осы күнге дейін тек бірең-сараң еркек әйелінен таяқ жеген шығар.
Екінші кезекте дене пішімі жағынан, психологиялық тұрғыдан әлсіз – балалар. Сондықтан оларды әкесі де, шешесі де ұрып-ұрсатын жағдай жиі кездеседі. «Ұру» деген тек жұдырықпен ғана есептелмейді.
– Тұрмыстағы зорлық-зомбылық физикалық күшпен ғана шектелмейді ғой...
– Иә, зорлық-зомбылық тек физикалық күш көрсету емес. Кейде психологиялық зорлық-зомбылықпен бетпе-бет кездесеміз. Мұндай қысым көрсететіндер өз қалауын өзгеге орындату үшін «тәтті сөзбен», «тәтті тілмен» жеткізеді. Бірақ қытымыр сөздерді қоса айтады. Сіз оны байқамай да қаласыз. Әйтеуір сөзбен өз дегеніне көндіріп алады ғой. Ал тыңдап отырған адам оның психологиялық зорлық екенін білмей де қалады.
Бірақ бізді айқайлатып, шулатып жатқан, бұрыннан, тіпті пандемия кезінде өршіп кеткен зорлық-зомбылық түрі – физикалық күш көрсету.
– Қалай тоқтатуға болады? Психолог ретінде айтыңызшы, адам неліктен мұндай зорлық-зомбылыққа барады?
– Бұл тек психологияға қатысты емес, жалпы қоғамның мәдениеті ғой. Әттең-ай, әттең. Әттең, тоңның келтесі-ай. Қоғамның жалпы мәдениеті төмен болып тұр. Бұрын біреуге қиянат жасаудан ұялатын еді. Ал қазір демократия дейміз, ашық жарнама деп жар саламыз. Соның әсерінен болар адамдардың кемшін тұсы жиі айтылып жатыр. Жақсылықты көрсетуге күшіміз жетпей тұр. Себебі психологиялық мәдениет төмен. Яғни, жалпы қоғамдағы ахуал «кішкентай бала» деңгейіне түсті.
Байқасаңыз, көп ересек аузынан «ақ ит» кіріп, «көк ит» шығып жатыр ма әлде оң жұдырығы мен сол жұдырығы біреуге тиіп жатыр ма, білмейді. Мән бермейді. Санасы күрт төмендеп кетті. Регрессия деген түсінік бар ғой. Дәл солай алға жылжудың орнына кейін шегініп жатыр. Енді бәріміз жұмылып жалпы мәдениетті көтеруіміз керек. Ал соның ішінде психологиялық мәдениетті көтеру өте маңызды.
Мен бұл ретте, тіпті, ақыл-ой мәдениетін айтып тұрған жоқпын. Бізде ғалым, мұғалім мен дәрігер жетерлік. Тіпті қыз-келіншектердің екі-үш дипломы бар. Мен мұны айтып тұрған жоқпын. Олар қоғаммен қалай қарым-қатынас жасауы керек, қалай сіз, бізбен өмір сүру керек?! Міне, осы сұраққа жауап беретін мәдениетті қалыптастыру керек.
– Ал осы психологиялық мәдениетті қалай көтереміз?
– Психологиялық мәдениетті қолдан келгенше көтеруге тырысып жатырмыз. Қазір адамдар психолог бар екенін, оның арнайы кәсіп екенін білді. Соның өзі біз үшін жақсы. Енді сол мәдениетті әрбір отбасыға жеткізу керек.
Мысалы, барлық адам стоматологтың, дәрігердің керек екенін біледі ғой. Сол секілді жаның ауырса неге психологқа, неге психотерапевтке жүгінбеске?! Егер одан да қиын жағдайда болсаң, неге психиатрға бармасқа?! Жоқ, жүгінбейді. Кеше ғана қабылдауыма екі адам келді. Содан соң 20 жыл бойы молдаға барып жүрген тағы бір қыз келді. Ол айтады: «Бірде молданың айтқаны көмектессе, кейде көмегін бермейді екен», - деп. Содан кейін ғана психолог, психиатр іздеген. 20 жылдан кейін психологтың бар екенін біліп, жанын емдеуге келіп отыр. Қанша өкінішті болғанымен, бірте-бірте психологиялық мәдениетке бет бұрып жатыр.
– Көп адам психологқа баруға ұялады. Ел ішінде «психолог тек психологиялық ауруға шалдыққан адамдарға ғана керек» деген түсінік әлі бар.
– Мүмкін бұрынғы түсінікпен қалған болар. Не дегенмен ол кезде клиникалық психолог деген ұғым болған жоқ қой. Тек психология туралы лекция оқитын мұғалімдер болді. Ал қазіргі заманда тәжірибелі психолог бар, біздің айтып, ұсынатынымыз – осы. Олар жылап келсеңіз, көз жасыңызды сүртеді, денеңіз көгеріп келсе, жараңызды, жаныңызды емдейді. Ал біз, психоаналитиктер, медиктер мен психологтың ортасында жүреміз. Дәрі бермейміз, бірақ емдейміз.
– Сіздің ойыңызша, зорлық-зомбылықты жоюда заң қаншалықты қауқарлы?
– Халық заңды әлі құрметтемейді. Ешкімнің біреуге зорлық-зомбылық көрсетуге құқы жоқ. Өкініштісі, халықтың санасына бұл заңдар әлі сіңбеген. Осы ретте алдыма келген бір келіншектің оқиғасы есіме түсіп тұр. Баласы: «Мама, сен дауысыңды көтеріп жатсын. Мен полицияны шақырамын», - депті. Бірақ біздің елде «Балаңа дауыс көтерсең, қарамасаң, қол көтерсең сені қамайды» деген заң жоқ. Бірақ мән беріп қарасақ, 4 жасар баланың түсінігі ересектен әлдеқайда жоғары болып тұр. Нақты айтқанда, ол біреуге дауыс көтеруге, қол көтеруге болмайтынын біліп өсуде. Егер осы ұрпақ өссе, әке-шеше балаларға, бала басқаларға зорлық-зомбылық көрсете алмайды. Айналып келгенде отбасыда бала мен ата-ана ортақ тіл табысса, бір-бірінің таңдауы мен талғамына сыйластық танытса, зорлық-зомбылық жойылып, қоғамдағы қауіп сейілер еді.
Сұқбаттасқан Жұлдызай ҚАЛИЕВА