Маржан, «Бопай ханым» атты жаңа кітабың құтты болсын. Әбілқайыр хан өз алдына бөлек феномен болса, оның жұбайы Бопай ханым да жеке зерттеуді қажет ететін дара тұлға ғой. Соңғы уақытта жазушылар тарапынан Бопай ханым тақырыбына қатты қызығушылық байқалады. Мәди Айымбетов «Бопай ханым» атты роман жазса, Роза Мұқанованың «Бопай ханым» драмасы сахналанды. Енді, міне, сенің «Бопай ханым» атты поэмаңмен танысып отырмыз. Кітапты парақтағанда көрген жаңалығым Бопай ханымды Кең Жылыойдың перзенті деп өз тұжырымыңды жазасың. Шынында, қазір Бопай тақырыбын зерттеушілер, тарихшылар Бопай ханымның Адай аруы екенін жазғанмен, бірақ оның туған жерін анықтап басып айта алмай жатқан жоқ па?!
– Әрине, олай деп айтуыма негіз бар. Әбілқайыр ханның сүйікті жұбайы, заманында ел билеу ісіне араласып, данагөй ханым атанып, аты аңызға айналған Бопай ханымның туған жері – Кең Жылыой. Екі жыл бұрын Ресейдің Орынбор облысынан әкелінген Бопай ханымның бір уыс топырағы Жылыойдағы Бақашы қорымына қойылды. Басына белгі орнатылды. Осы игілікті істің ұйытқысы болған – «Ақмешіт-Бекет ата» мешітінің шырақшысы Ислам Мырзабекұлы. Ислам ағаның бастауымен Бопай ханымның өмірі мен қызметін зерттеу мақсатында арнайы топ құрылды. Біз тарихымыздың көп тұсын жырдан, ақын-жыраулар поэзиясынан табамыз ғой. Біздің Кең Жылыой жерінде:
Орынбор, Тұзтөбенің тұзын көрсең,
Жылыойдың таң қаларсың қызын көрсең.
Атыңнан түскен қайтып міне алмайсың,
Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең, - деген халық әні бар. Бұл ән Жылыойдың қызына деген құрметтен туғаны анық. Бұрын осы халық әнін естігенде: «Жылыой аты неге алыстағы Орынбор, Тұзтөбемен ұйқасып тұр, араларында қандай байланыс бар?» деп ойлайтынмын және әннің үшінші, төртінші жолы да ойлантады. Мүмкін бұл ән Бопай ханымға арналған шығар? Солай болуы әбден мүмкін ғой. Бопай – өз заманында алысжақынды түгел ақыл-көркімен ғана емес, көрегендік, мәмлегерлік, ел басқару ісіне араласуымен. таңғалдырған адам. Әннің «Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең» деген шумағы ауыспалы мағынада айтылған. Бұл жай судан қайтқан қыз аяғының ізі емес, Бопайдың салған ізі, атқарған қызметі, өнегелі өмірі. «Атыңнан түскен қайтып міне алмайсың» деген шумақтан таратар ойымыз: Әбілқайыр аттан құлап, ес-түссіз жатқан шағында Бопайдың ағасы Мырзатай тауып алып, Бопайға алып келеді. Бопайдың емшілік, сынық салатын қасиеті болған. Әбілқайырды емдеп жазады. Осы оқиғадан кейін Әбілқайыр мен Бопайды тағдыр тоғыстырады.
Тағы бір дәлелім – бір замандарда Әбіш Кекілбаев ағамыздың ата-бабасы Жылыой өңірін, Жем өзені бойын мекендеген. Бұған тарихи деректер куә. Ақкиізтоғайдың атауы да тегін қойылмаған. Әбіш ағамыздың бабасы Таған бай бабасы Қожаназарға ас беріп, сол асқа Әбілқайыр хан мен Бопайдың ұлы Айшуақ хан келіпті. Қазақ дәстүрі бойынша ханды ат кермесінен аяғын жерге тигізбей, жер бетіне төселген ақ киізбен қарсы алған. Хан аяғына төселген ақ киіз бен тоғайдың сұлу келбеті ел ауызында аңыз болып таралыпты да, біздің ауыл сол астан соң «Ақкиізтоғай» деп аталып кетіпті. Айшылық жол жүріп, алыстан ат арытып Айшуақ хан неге Жылыой жеріне асқа келеді? Себебі бұл – жер анасы Бопайдың туған жері. Анасын құрметтеп келгені бар және Қожаназарды құрметтеп келгені де бар болар деп ойлаймын.
Кең Жылыой – сан ұрпаққа мекен болған, етек-жеңі мол пішілген, сәулет өнерінің сан түрлі архитектуралық ескерткіштеріне бай, Қарашүңгіл қауымы маңында қазақ жерінде тұңғыш мұнай бұрқағы атқылаған мұнайлы аудан облыстар әкімшілікке бөлінбей тұрған кезде Жылыой «Маңғыстау ойы» аталған екен. Географиялық жағынан қарасақ, шығысында Ақтөбе облысының Байғанин ауданымен, оңтүстігінде Маңғыстау облысының Бейнеу ауданымен шектеседі. Бұл мекен – Асанқайғы, Доспамбет, Шалкиіз жыраулар жырға қосқан ардақты мекен. Жылыойдың бір бөлшегі Ақмешіт– Пір Бекет атамыздың туған жері. Сізді Ақкиізтоғайдан шыққан жол Жем өзенінен өткен соң біраз жоннан асырып, Намазтақырға апарады. Бағзы заманда Бекет ата осы жерде таң намазын оқыған екен. Осы жерден қарап тұрсаңыз, ақ күмбездей болып Ақмешіт көрінеді. Ақмешіт – әулие мүридтеріне ұстаздық еткен, атасы мен анасының мәңгілік мекен еткен киелі төрі. 2000 жылы археологтар қазба жұмыстарын жүргізгенде, Ақмешіттегі Бекет ата мешітінен үш шақырым қашықтықтағы Аралтөбе маңынан бұдан 2000 жылдай бұрын осы араны мекен еткен сарматтар дәуірінің куәсі – тағы бір «Алтын адамды» тапты. Соңғы кезде елдің ерекше назарын аударған Жылыой жеріндегі табиғаттың қайталанбас керемет туындысы Ақкегершін аппақ таулы бор қыраттары болды. Бір кездері бұл жер көне мұхиттың орны болған сынды, ал қазір ежелгі қаланың қирандысын еске түсіретін асқақ тау жұрнақтарын көруге болады. Кітабымның мұқабасын осы Ақкегершін мен ағылшын саяхатшысы, суретші Джон Кэстльдің 1736 жылы салған Бопай ханымның картинасымен көркемдедік.
– Поэмаңның кіріспесінде Бопай ханымның сүйегін елге әкелу жөнінде де ой қозғапсың. Сенің ойыңша, әкелген күнде оны қай жерге қою керек, Кең Жылыой жеріне ме?
– Ресейдің Орынбор облысы, Елек ауданының Димитровка селосынан 30 шақырым қашықтықтағы Бердяевка өзенімен іргелес жатқан Бопай сайы жанындағы қырат-жазықтық Бопай ханымның мәңгілік тыныс тапқан орны екен. Өкінішке қарай бұл аймақ 1929 жылдан бері Ресей әскери полигонының құзырына кіреді. Кіруге рұқсат жоқ. Кезінде Бопай ханымның қабірі басына орнатылған құлпытас пен кесененің бұл күнде жұрнағы да қалмаған.
Әбіш Кекілбаев – Бопай ханым тақырыбына тұңғыш рет түрен салған жазушы. 1995 жылы Мемлекеттік хатшы болып қызмет атқарған тұста Әбіш ағамыз бас болып, осы «Доңыз» әскери полигоны аумағындағы ел аузында «Бопай сай» атанып кеткен Бопай ханым жерленген жерге барып дұға оқытып, ас берген. Әдебиетте Әбіш аға Бопай ханым тақырыбын алғаш рет көтеріп, «Үркер», «Елең-алаң» романдарына арқау қылды. Деректерге көз жүгіртсек, Әбілқайыр ханның бейітін қазақтар екі ғасырға жуық уақыт зиярат еткен. Тек Кеңес үкіметі орнағаннан кейін ғана зиярат ету тоқтаған. Әбіш Кекілбаев ағамыз 1979 жылы «Үркер» романын жазу кезінде Ақтөбе жеріне «Хан моласы» қорымын іздеп келген екен. Ел аузындағы деректерде Әбілқайыр қабірінің басына ханның ұлы Нұралы хан 12 ағаш еккен деседі. Әбілқайыр хан сүйегінің осы қорымда жатқанын ауыздан ауызға тараған деректерде ғана емес, орыс зерттеушілерінің де жазған жазбаларында бар. И.Крафт 1898 жылы «Хан моласының» Торғайдан 80 шақырым жерде екенін, хан қабірінің басында өсіп тұрған ағаш барын жазып, қазақтардың ол жерді қасиетті орын санайтынын жазған. Кеңес билігінің Әбілқайыр ханға теріс көзқарасы салдарынан, хан қабірі басына белгі қою мүмкін болмаған. «Хан моласы» – көне қорым. Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданындағы Толыбай елді мекенінен 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен ашылды. Кешен Әбілқайыр хан кесенесі мен үш бөлікті алып ескерткіштен тұрады. Осы жерге Бопай ханымның сүйегін әкеліп, қастерлеп қою керек деп ойлаймын. Ғұн, Сарматтар дәуіріндегі Алтын, Темір адамдарды да жер астынан қазып тауып алып, зерттеп жатқан жоқпыз ба?!
– Поэма жазу барысында қандай деректерге сүйендің? Көркем шығарма болғасын көркемдік шындыққа көбірек бағытталады ғой. Ал сенің поэмаңда тарихи шындық қаншалықты? Светқали Нұржанның «Хан кегі» дастанында және Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» романында Бопай ханымның Барақ сұлтанға шығарған үкімін Шотан батыр бастаған елге айтуы деп, «Барақ сұлтанды осылай масқаралап жазалаңдар» деген сөздері айтылады. Сенің поэмаңда бұл көріністер басқаша сипат алған. Сонда қай шығармада тарихи шындық көбірек?
– Архив құжаттарында Бопай ханымның күйеуінің кегін алуға «аттандатпай», Барақ сұлтанды жазалауда билер кеңесіне арқа сүйегені және оны орыс әкімшілігі арқылы заңдастырып алуға тырысқаны жазылады. Өйткені Бопайдың иығында жеке басының тағдыры емес, елдің тағдыры тұрды. Егер Бопай ханым әйелдік қызбалыққа салынып, екі білегін сыбанып: «Шашыңды жұлам, қу Барақ, кегімді алам» деп долданып отырар болса, хандық шашылып кетер еді. Саясат лирика емес қой. Билікті ұстап қалу үшін арбаның дөңгелегін алға қарай жүргізу керек екенін Бопай ханым дер кезінде жақсы түсінген. Бопай ел ішінде неге сыйлы, құрметті болды десек, оның осындай ақылды, батыл шешімдерінен іздеу керек. Ал Шотан батыр бастаған адай батырларына Бопай осылай депті деген әңгіме ел ішінде аңыз түрінде таралған. Светқали Нұржанның дастанының тақырыбы «Хан кегі» деп аталады, тақырыптық жағынан оның жазғаны шығармасының қалыбына сыйып тұр. Ал Мәди Айымбетов романының сюжетіне қарай пайдаланған шығар. Шыны керек, кейбір ер жынысты қаламгерлер әйел тақырыбын жазғанда, ақыл-парасат, батырлығынан гөрі әйелді эмоциялық жағынан көргісі келеді. Мұндай мінез Роза Мұқанованың шығармаларында да бар.
Архив құжаттарында Орта жүз бен Кіші жүздің беделді би-сұлтандары мен батырларының Нұралыны хан көтеруге келісімін алғаннан кейін ғана, Бопай ханымның орыс патшайымы Елизавета Петровнаға, бригадалық генерал А.И.Тевкелев пен Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевке өтініш хаттар жолдағаны айтылады. Нұралыны «Қырғыз-Қайсақ ханы» етіп бекіту туралы Елизавета Петровнаның 1749 жылғы 2 мамырдағы жарлығы, онда Бопай ханымның хатына да сілтеме жасалуы, канцлер А.П.Бестужев-Рюминнің Бопайға арнайы хат жазып, патшайым атынан сыйлық жолдағаны жазылады. Бопай ханымның саясаттағы жеңісі осылай басталды.
– Маржан, көбінесе тарихи тұлғалар туралы жазып жүрсің. Исатай-Махамбет, Рысалы батыр, Дина Нұрпейісова, Хиуаз Доспанова, Бауыржан Момышұлы, Тоқтар Әубәкіров, Ораз би Тәтеұлы, Ерік Құрманғалиев, Ділдә Матайқызы т.б. тарихи тұлғалар. Бопай ханым тақырыбына қалай келдің? Әлде бұл тапсырыспен жазылған шығарма ма?
– Жоқ, тапсырыспен жазбадым. «Бопай ханымды» намыстан жаздым.
– «Бопай ханымды» намыстан жаздым дейсің. Бұл сөзің мені ойландырып тастады. Бірақ маған түсініксіздеу болмас үшін тарқатып айтып бере аласың ба?
– Әр шығарманың жазылу тарихы бар. Мысалы, «Динаны» қорқыныштан, «Хиуазды» қуаныштан, «Ділдәні» құрметтен, «Бопай ханымды» намыстан жаздым. Жиырма бестен асқан шағымда күйші Динаны түсімде көрдім. Түсімде телефон шырылдайды, тұтқаны көтерсем, басында дағарадай ақ жаулығы бар Динаның келбетін көрдім. «Мен – Дина Нұрпейісовамын. Маған Маржан Ершуова керек! Сен неге мені іздемейсің? Менің үйім 8 март көшесінде!» деп бұйырған зор дауыспен ақырып сөйлей бастағанда шошып оянып кеттім.
Дина шешейді түсімде көргеннен кейін ештеңеге қызықпай, әйтеуір бір көңілім толмай жүретін мазасыздық орнады көңілімде. 8 наурызда ел мейрам қылса, оны іштей тез өтіп кетсе екен деп тілейтінмін. Жаным мазасыз боп, мұңға батып, көңілсіз күй кешетінмін іштей. Мүмкін өлең дерті деген осы шығар. Кейін Дина Нұрпейісованың күйлеріне деген қызығушылығым пайда болды. Осылайша 2006 жылы «Дина» поэмамды жаздым.
Хиуаз Доспанова туралы тек Елбасы Жарлығымен 2004 жылы «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын Жұлдыз» айрықша белгісі тапсырылған кезде ғана білдім. Сол жылы баспасөзде жарияланған қуанышты хабар мені қаһарман ұшқыш қыз Хиуаз Доспанова туралы ұшы-қиырсыз ойларға жетеледі. 2007 жылы Хиуаз апайдың үйінің телефонын тауып алып хабарластым. Телефонды Хиуаз Доспанованың өзі көтерді. «Хиуаз апа, амансыз ба? Мен Жайық бойынан шыққан ақын сіңліңіз Маржан болам. Мектепте Әлия мен Мәншүктің ерлігін оқып танып өстік. Сіз туралы еш дерек білмедік, өкінішке орай», – деп едім, Хиуаз батыр: «Сонда маған не ғыл дейсің?» – деп ұрсып берді. «Сіз туралы поэма жазғым келеді. Сіздің көркем әдебиетте бейнеңіз жасалуы керек деп ойлаймын. Сіз қарсы емессіз бе?» – дедім. Сонда Хиуаз апай көңілденіп: «Умница! Жарайсың! Ал жаз!» – деді. Хиуаз Доспановадай батыр апамыздың сөзі маған қуат берді. «Қуаныштан жаздым» дейтінім содан. Ділдә Матайқызын ел жақсы біледі, парасатты ақылды ана еді.
Ділдә апаймен жақын араластым. Ділдә апай туралы поэмам ол кісіге деген құрметімнің белгісі.
Ал «Бопай ханым» поэмасын жазуыма әсер еткен – жазушы-драматург Роза Мұқанова ханым. Розаның драмасында Бопай ханым: «Жүрегімнің түгі сен екенсің ғой, Әбілқайыр» – дейді. Сөздің құрылысы қалай? Қазақ «жүрегінің түгі бар адам» деп айтады. Біреудің жүрегінің түгі біреуде болмайды. Жүрегінің түгі – батылдық деген қасиет адамға туғанда қанмен дариды. Роза еркекше жазады-ау осы шығарманы. Бопайдың аузына салған осы сөзде: «Байғұс-ау, мен болмасам сен кім едің?!» деген бір мысқыл-еркек пиғыл жатқан сияқты. Сосын драмада Ресейдің әйел патшасы жіберген маталарға да кетәрі емес пенделіктің нышанын да көрсетеді екен, Бопай. Осы эпизод мені ойлантты. Бопай мен Әбілқайырға қатысты жинақталған барлық тарихи деректерді оқып шықтым. Ресей архивтеріндегі табылған деректің ешқайсысында да Бопай туралы жаман сөз айтылмаған тарихшылардың жазуынша. Бопай – Бопай ғой, ол мата-сатаға қызықса, елдің мүддесін мата-сатаға сатып жіберген деп жазылар еді. «Қатынның өзі қартайса да кегі қартаймайды» бұл сөз де Бопайдың портретіне сай емес. Сосын драмадағы тақ үшін талас: шешелері бөлек Әбілқайыр ұлдары Нұралы мен Шыңғыс. Тақ үшін Бопай мен Әбілқайырдың қалмақ әйелі арасындағы тартыс деп көрсетеді. Бопай мен Шыңғыстың шешесінен Хюррем мен Махидевран (Сүлейман сұлтанның әйелдері) сахнасын ойдан құрастырудың қаншалықты қажеті бар? Ресейдің архивтеріндегі құжаттарда Әбілқайырдың төрт әйелі болса да, әйелдерінен тек Бопайдың ғана аты жазылған. Біз тарихымызды түгендеп жатқан елміз. Өз жолымызды, ата-бабамыздан қалған дәстүрлі жолымызды танып-біліп қастерлеген абзал емес пе?! Роза Мұқанова бұдан бұрын «Фариза» драмасында орда бұзар отызында «Юбка киген Махамбет» атанған от мінезді ақын Фаризаны да жер бауырлатып жыланшақ, ызақор бір шөпжелке қыз ғып көрсетіп еді. Сахнадағы бұл бейне Фаризаның бейнесі емес.
Шындығын айту керек, Розаның жақсы шығармалары да бар ғой, мысалы, «Мәңгілік бала бейнесі» – классика. 20 жылдан бері сахнадан түспей келе жатыр. Соған қарағанда Роза Мұқановаға туған өлкесінің дүниесі, адамдары жақын сияқты жанына. Ал Бопай ханым да, Фариза ханым да бір асаулар ғой, сырын білмесең сыртынан жүрме дейтіндей.
Әбіш Кекілбаев ағамыз бірде маған: «Байқаймын, жақсы келе жатырсың. Бопай ханым туралы танымыңды өсір» деген еді. Ол кезде батылым бармады. Одан соң «Ақмешіт – Бекет ата» мешітінің шырақшысы Ислам Мырзабекұлы Бопай ханымға арналған көптеген шаралар ұйымдастырды. Ол кісі маған: «Бопайды насихаттауға Светқали, Сабыр Адай, Рахат Қосбармақов сияқты ақындар жыр жазып үлес қосуда. Мейірхан Ақдәулетұлы мен Ертай Ашықбаев та осы шаруаның басы-қасында жүр. Сен де жазсаң жақсы болар еді. Ер ақындарға қарағанда сенің жазған жырың бөлектеу болар» деген еді. Бопай ханым тақырыбы қызықтырғанмен, ол кезде тәуекелім жетпеді. Кейін Роза Мұқанованың «Бопай ханым» драмасы сахнаға шыққанда, шарт сындым. Мен «Бопай ханымды» намыстан жаздым ғой.
– Маржан, қазір әдебиетке көзқарас жақсарып келеді. Әдеби сын пікір де бар. «Әдебиет ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды» деген екен көркем сөз зергері Ғабит Мүсірепов. Әдебиет ұлы болу үшін сын мықты болу керек пе, әлде қаламгер мықты болу керек пе?
– Ғабеңнің осы сөзін дұрыс түсіне алмай жүрген сияқтымыз. Қазір ұлы жазушы, ұлы ақын деп бір-бірін мақтау етек алып барады. «Ұлы» деп көбірек айта берсек, әдебиет ұлы болып кетеді деп ойлайдыау біреулер. Ғабит Мүсірепов: «Әдебиетте шынайылық пен тазалық болса және шын таланттар бағасын алса, әдебиеттің ұлылығы осы, ал жүйелі сөзді әдебиет ұлтты тәрбиелейді», – деп айтқандай әсер қалдырады маған. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демей ме халық даналығы. Ақындар «осы өлеңіме өкінем» деп жүрсе, ол – осалдық. Әдебиет ат шығарып, алақан жайып атақ алу емес, әдебиет – жүрегіңмен жүк көтеру. Оны біреу көтере алады, біреу көтере алмайды. Қолына қалам ұстаған әр қаламгер иығында әдебиеттің тағдыры тұрғанын түсінген жақсы.
– Маржан, әңгімеңе рақмет. Үнемі шығармашылық ізденісте жүретін қаламгерсің. Тағы қандай шығармалар жазу жоспарыңда бар?
– Аты мәшһүр түркітанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандоки туралы деректі прозалық шығармамды бастап ап, бітіре алмай жүрмін және бір тақырып мені қатты қызықтырады. Қазақтың «Амазонкасы» атанған 1775-1776 жылдар аралығындағы көтерілісте «Көктемір-Невидимка» деген атаумен таныс, кей аңыздарда «Пірі – бөрі, темір қыз, шу асаудың перісі» атанған Сапура Мәтенқызының бейнесі де сағымдай көз арбайды.
Сұхбаттасқан Анар ҚАБДУЛИНА