- Сәнім апа, сіз бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немерелерінің қызығына бөленіп отырған ардақты ана, асыл әжесіз. Сол жапырағы жайылған отбасыңыз, үрім-бұтағыңыз жайында айтып өтсеңіз. Балаларыңыздың арасында егіздер, үшемдер бар ма?
- Біз 1959 жылы Түрікменстаннан ата жұртты аңсап жеткен оралмандармыз. Осыдан төрт жыл бұрын марқұм зайыбым (Жолжан Шерубаев) дүниеден өтті. Зайыбым екеуміз балаларымызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, өсіру үшін талмай еңбек еттік. Жолдасым баланың қамы үшін тыным таппай күндіз-түні шопырлық іс атқарды. Ал мен мектепте 18 жыл жұмыс атқардым. Мектепте жұмыс жасай жүріп, үй шаруасына да үлгеріп жүрдім. Негізінен 16 құрсақ көтерген анамын, төртеуі туылғаннан кейін шетінеп кетті. Балаларды осы күнге дейін, әрине, адал еңбектің нанымен бақтық. «Адамды адам еткен - еңбек» дейді ғой. Балаларымызды ешкімнен кем қылмай, еңбектің арқасында ғана өсірдік. Бүгінде 10 ұлым өз алдына отау құрып, келіндеріммен тату-тәтті өмір сүруде. Қыз бала жат жұрттық қой. Қос қызым да тұрмыс құрып, бір-бір үйдің түтінін түзу түтетіп отыр. Балаларымның арасында егіз ұлдарым бар. Құдайға тәуба, балаларымнан 32 немере, 6 шөбере сүйіп отырмын. Бүгінде солардың амандығын тілеп отырған жайым бар.
- «Немере өз балаңнан тәтті болады» дейді қазақ. Сәнім апа, расында да солай ма?
- Ия, солай. Балаң үшін түн ұйқыңды төрт бөлсең, немерең үшін жаныңды беруге дайын болады екенсің. Балаларымнан немере, одан шөбере тәтті болып, солардың тілеуін тілеудемін. Үлкендер не айтса да қалт айтпаған ғой. Өзіміз бала кезімізде өзімізден үлкендерге сәлем беріп, алдарынан кесе-көлденең өтпей, ілтипат көрсетіп, құрметтегенді парыз деп білетінбіз. Сондықтан бүгін де сол жақсы қылықтарды немере-шөберелерімнің құлағына құйып, құрмет көрсету бағытына тәрбиелеудемін. Үйде бала жыласа, жаным шығады. Сол жылауын қойғанша асты-үстіне түседі екенсің. Соларға қарап, қызығын қызықтап, балдай тәтті сөздеріне кейде жасарып кеткендей боламын. Бала, келіндерім мен немере-шөберелерім аман-сау жүрсе, маған сол бақыт.
- «Алтын алқамен» қашан марапатталдыңыз?
- Маған «Алтын алқа» 1998 жылы берілді. Көп балалы аналарды дәріптеп жатқан үкіметіміздің осындай құрметіне шексіз ризамын. Мемлекет тарапынан ай сайын беретін жәрдем ақымыз да бар. Менің бір айтарым, көп жылдар бұрын үй кезегінде тұрғанмын. Менің кенже балам осы баспананың зардабын тартып жүр. Осы мәселемді бір жақты қылып берер, болашақта шешімі табылар деп келер күннің жақсылығынан үміттенеміз.
- Көп балалы ана ретінде қазіргі жас келіндеріміз бен қыздарымызға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз? Үйдің берекесі ене мен келіннің сыйластығында, татулығы мен ауызбіршілігінде. Өзіңіз 10 келін түсірген ардақты анасыз. Ене мен келіндер жайында не айтасыз?
- «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» демекші, жалпы қазақтың қыздары ибалы да инабатты, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетіндей тәрбиелі болғанға не жетсін. Дегенмен босағаға түскен келін шаңырақтың көркі емес пе? Құдайға тәубе, ашық, ақ көңіл келінім дегенімді екі етпей отырады. Меніңше, келінді қалай қарсы алсақ, солай аяқтанатын секілді. Себебі ол да бір шаңырақтың тұлымы желбіреген еркесі, бір ананың бауыр еті және өз ұрпағыңды жалғастырушы. Әйтсе де кейбір енелер оны түсіне бермейді. Айтатындары жұрттың келіндері пысық деп тіл тығып отырады. Сондай қыз баланы өздері асырап отырғандарына мүлде мән бермейді. Жақсылығын асырып, жамандығын жасырсаң, өз балаңнан олар да кем емес. Қартайып, қауқарың таусылғанда кім сенің жағдайыңды жасайды? Осыны кейбір енелер ескергені жөн. «Қисық көшемен жүрсең де түзу жүр», дегендей, жақсылық пен жамандық түптеп келгенде – ененің өз қолында. Үйдің берекесі – ене мен келіннің қолында. Әрине, ене мен келін арасындағы татулықты бекем ұстау – алдымен келінге байланысты. Бірақ сол келінге өз қызыңдай қарап, оны жақсы қабылдасаң ол келін де кері айналмайды. Жас келіндерге айтарым, әрбір келін енесін өз анасындай көріп сыйласа, сол шаңырақтан құт, береке арылмайды.
Қазіргі кезде дүниеге көп бала әкелу сиреп кетті. Жас келіндер жауапкершіліктен қаша ма, әйтеуір көп бала табуға құлықсыз. Менің оларға көп балалы ана ретінде айтарым, көп балалы отбасы береке, бірліктің үйлескен жері. Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу болса, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке, батырлыққа жатады. Баланы қалай асыраймыз деп қорықпау керек, өтпелі қиыншылықтарға мойымау керек, әр бала өмірге өз несібесімен, өз қызығымен келеді. Көп бала өсіріп, жақсы тәлім-тәрбие берсең, түбінде сол еңбектің жемісін көресің. Бақытты байлықтан немесе басқа жерден іздеудің қажеті жоқ, бақыт тек балалы үйге қонады емес пе?
- Қарақия ауданының 45 жылдық мерей тойына айтар тілегіңіз?
- Соңғы жылдары аудан орталығы Құрық аулының тұрғындары көбейіп, қанатын кеңге жайып, дамып келеді. Қазіргі таңда жастарға жұмыстар көбейіп, халықтың жағдайы түзеліп, ертеңгі күнге деген сеніміміз нығаюда. Ауылдың көшелері тазарып, жаңадан бой көтеріп келе жатқан үйлері сонадайдан көз тартып, көзіңді арбап, көңіліңді марқайтады. Бір кездері ауылдарын тастап, қалаға қоныс аударғандар қайта келуде. Әрине, ауданымыз өсіп, дамып келеді. Жан-жағымызда жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына қарап, халқымыздың тұрмыс деңгейінің өскеніне марқайып отырамыз. Жастарымызға арналған спорт мектебі мен өнер мектебі сияқты өнер ордаларының да барына қуанамын. Немерелерім қала асып жүлделі орындар алса, қуанышым қойныма сыймай кетеді. Әрине, бұл ауданның жаны жайсаң, еліне қамқор жандарының арқасы деп білемін. Көк байрағымыз көкте желбіреп, еліміз тыныш, деніміз сау болсын. Көп балалы ана «Алтын алқа» иегері көбейіп, ұлтымыздың саны арта берсін. Қазыналы Қарақияның 45 жылдығы құтты болсын!
- Аман-сау, балаларыңыздың қызығын көріп, немереден шөбере, шөбереден шөпшек сүйіп, ұзақ өмір сүріңіз, алтын құрсақты асыл ана.
Фариза ХАЙДАРОВА