Маңғыстау облысы – тарихи-мәдени мұраларға бай өлке. Қасиетті өлкеміздің тау, тасы мен ақар-шақар шыңдарын, көкжиегіне көзің жетпес созылып жатқан Үстірт кеңістігін, бұл дүниенің тұрлаусыз екенін дәлелдейтіндей баянсыз сусыма құмдарын қанша араласақ та шеті таусылар емес, аңыз, шежіресінің түбіне жету мүмкін емес.
Алдағы уақытта киели нысандар Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңы аясында қорғалатын болады. Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік киелі орындарды тізімдеу жұмыстары жүзеге асырылды. Жалпы республика бойынша 500 жергілікті тарихи маңызы бар қасиетті орындар жобасы дайындалған. Бұл тізімге Маңғыстау облысы бойынша тарихи маңызы бар 28 киелі нысан енгізілді.
Соның бірі – Қыдырша ата қорымы Маңғыстау ауданы, Төлеп селосынан 86 шақырым оңтүстік-шығыс бағытта, аласа жотада орналасқан. Қорымда 35 нысан бар. Қорымның орталығында кесектен қоршалған тас қоршау орналасқан. Қоршаудың батыс қабырғасының ішінде мата байланған «сырық ағаш» орнатылған. Кірпіш қоршаудың артында жазуы бар осы заманғы құлпытас орнатылған. Онда «Адай руы, Бегей тайпасы, Қосаяқ ауылының азаматы Жылқыбай ұлы Қыдырша 1829-1915 жж» деген жазуы бар. Қоршаудың солтүстік-шығысында сағанатам орналасқан. Ескерткіш жоспар бойынша тік бұрышты, әкті-құмтастан ірге тассыз, цокольды белдікте қаланған, үш қабатты құрылымды және орта тұсында тас қаламасы бар. Есік қуысы оңтүстікке қараған. Шығысында №1 сағанатамға ұқсас тағы бір сағанатам бар, батыс қабырғада жазуы бар құлпытас орнатылған. Қорымның сол бөлігінде стеллалы тас қоршау және үйлесімді құлпытас пен қойтас орнатылған.
Қыдырша Жылқыбайұлы – сынықшы, емші. Жылқыбай деген кісінің сегіз баласы болған. Қыдырша ата сол сегіз баланың кенжесі екен. Ол сынықты қолымен ұстап салмаған. Қандай күрделі сынық болса да, босағадан Қыдырша ата аттағанда сынық орнына түседі екен. Ол кезде көбіне сынықтар шыңырау тазалағанда, аттан жығылғанда ұшырасқан. Неше күндік жолдан Қыдырша ата сыныққа жүріп бастағаннан сынық орнына түсе бастайды екен, келгенше тас-талқан болып қалған сынған жерлері біртіндеп түсіп, сүйегі сынған адам тыныш ұйқыда жатады екен. Бірде қырықмылтықтың баласы Жылқыайдар аттан құлап, ортан жілігі сынады. Содан Қыдыршаны алып кел деп екі атпен адам жібереді. Сол екі атты адам Қыдыршаның жанына жетті-ау деген кезде баяғы зар еңіреп жатқан адам ұйқыға кетеді. Қыдырша ата келіп басқа үйге түседі. Сол түнде аяғын қимылдатады. Содан келгесін «болды енді бір мал садақа тарата қой», – депті. Ауылы бір мал сойып, еті енді пісті-ау деген кезде, ал енді Жылқыайдарды оятыңдар дейді. Ау ол қалай келеді, ортан жілігі үзіліп жатқан адам демей ме. Әй, оята беріңдер, тұрады ғой деген екен. Оятқан кезде әлгі науқас тұрып, келіп бірден қолға су құя бастаған деседі.
Бірде Қыдырша атамыз Сәтей бидің ауылының қасында бір топ жолдастары бар, түс қайта қыдырып келіп түсіп жатады, ауыл жігіттері ат байлайды. Қыдырша атамыздың атын сол кезде жас жігіт Абантай Текешұлы байлайды. Қыдырша атамызға бұл жігіттің қимыл-әрекеті, кішіпейілділігі ұнап қалса керек. Ертесіне аттанарда Абантай Қыдырша атамызды атқа мінгізеді, сол кезде ата аттан қайта түсіп, Абантайға бата береді. Абантай Қыдырша атамыз кеткесін үш-төрт күннен соң-ақ сынық сала бастайды. Бұл кісі де құдай берген адам еді, сынықшы, із кеседі, құмалақ салады.
Ата әруағы ұрпақтарына жалғасып келеді. Қыдырша атаның баласы Аяған атаның да әулиесіне түнегендердің сынығы орнына келеді дейді. Бірде Алматылық атақты күйші, композитор Шәміл Әбілтаев ол туралы естіп, аяғын сындырып алып балдақпен жүргенде, Аяған ата басына келіп түнеп, балдағын тас тап кеткен (1993 ж). Қыдырша ата 1915 жылы қайтыс болған.
* * *
Амантұрлы қорымы Бейнеу ауданы Бейнеу селосынан 35 шақырым солтүстік-шығыс бағытта орналасқан. Қорым алғаш рет 1985 жылы жергілікті дәрежеде мемлекет қамқорлығына алынған. Қорым кішігірім дөңнің үстінде орналасқан. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қорымнан күмбезтам, 2 сағанатам, 6 құлпытас, 3 құлпытас, қойтас, 3 құлпытас, тас қоршау, 2 қойтас және сандықтас, 1 құлпытас мемлекеттік есепке алынған. Қорымдағы ерекше көзге түсетін ескерткіш – Амантұрлы батырға арнап қойылған күмбезтам. Күмбезтам жоспарда тіктөртбұрышты іші-сырты өңделген плита тастардан, ортасы өңделмеген тастармен қаланып, бірсатылы белдікке орнатылып, дулыға тәріздес күмбезі шығарылған. Күмбезтамның маңдайшасы оюөрнектермен безендіріліп жасалған, кіреберіс ойығы тіктөртбұрышты келген. Кіреберіс ойығының жақтаулары шығыңқы, ою-өрнектер қашалып салынған. Күмбезі өңделген плита тастармен көмкеріліп, жабылған төбесіне әйкелтасы орнатылған. Қорымда орналасқан кіші пішінді сәулет ескерткіштер ою-өрнектермен көмкерілген, рулық таңбаларда кездеседі.
Амантұрлы тарихи тұлғалардың бірегейі - Қосқұлақ руының Жаналы тайпасынан шыққан батыр. Өз тұсында елін, жерін сыртқы шапқыншылардан қорғаған батырлардың бірі. Амантұрлы батырдың әруағына жергілікті халық бас иген.
Батырдың өмірден өткендігі туралы екі түрлі дерек бар. Біріншісінде қанды шайқаста қаза тапса, екіншіде аты орға құлап, бетін қан жапты делінеді. «Бейнеу» атты кітапта оны 1932 жылдары Даукескен қамалында қаза тауып, сүйегін келесі жылы әкеліп, осы жерге жерлеген деседі.
Қорымда орналасқан ескерткіштердің аудармасы бойынша құлпытаста Адай руы Қараш тайпасы Нұрлыбек немересі Науышбай баласы Бектұрған уфат 5 жасында 1881 санында делінген. Кейбірінде Адай руғы Мұңал тайпасы Қосқұлақ Жаналы Атағұл Серен баласы Амантұрлы батыр жәуміт жауынан уфат 35 жасында 1861, жаздырды баласы Ақмамбай делінсе, енді бірінде: Адай руғы Мұңал тайпасы, Нәуірзек бөлімі Амантұрлы баласы Дәуіт 28 жасында уфат болды, деп жазылған.
Ертеңгі күні ел тізгінін қолына ұстар жас ұрпақ санасына ізгіліктің дәнін егіп, рухани адамгершілік құндылықтарын арттыруға тарихи-мәдени ескерткіштердің рөлі зор. Осыған орай сонау ата-бабаларымыздан сақталып жеткен тарихи мұраларымыздың маңыздылығын сақтап, бағалап, аса зор құрметпен әлемге таныту туған жерін, елін мақтан ететін барша азаматтардың міндеті деп тұжырымдаймын.
P.S. Мақаланы дайындауда Маңғыстау МТМҚ ММ мұрағат қорынан деректер пайдаланылды.
Раушан ЖАҢАЕВА, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы маманы