Халық санағы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси, демографиялық сынды сан қырлы сипаттарын саралайтын кешенді жұмыс. 2019 жылы Қазақстанда кезекті Халық санағы өтеді. Бұған қандай дайындық жүргізілуде? Халық санағын жүргізуде қандай қиыншылықтар, кедергілер туындайды? Тиімді өткізудің жолдары қандай? Маңғыстау облысы бойынша статистика департаментінде осы мәселелерді қаузаған арнайы брифинг өтті. Баспасөз брифингі барысында департамент директорының орынбасары Алтыншаш Исламова халық санағына қатысты күрделі сауалдарға жауап берді.
Халық санағы жұмысы ең әуелі дайындық кезеңінен басталады. Яғни алдағы жылдың мамыр айынан бастап осы жұмыстар науқаны қолға алынады.
«Халық санағына дайындық кезеңінде ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Бұл қатарда құқықтық, ұйымдастырушылық, әдістемелік, бағдарламалық-техникалық қамтамасыз ету, жалдамалы жұмыскерлер бойынша шаралар және санақ жүргізетін қызметкерді дайындау, түсіндіру жұмыстары бар. Әдістемелік материалдар мен санақ құралдары бойынша пилоттық жоба әзірленіп, өңделу үстінде», – дейді Алтыншаш Сұлтанқызы.
Халық санағы жүргізілетін парақшалар мынадай түрлерге бөлінеді: «Тұрып жатқан немесе тұрақтаған мекенжай парағы», «Тұрғын үй шарты», «Жеке», «Уақытша, Қазақстан Республикасы территориясында 12 айдан көп емес мерзім (шетел азаматтары; азаматтығы жоқ адамдар; шетелде тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматы), қосымша бланкілер және санақ есебіне арналған үлгі. Бүгінде пилоттық санақ үшін арнайы дизайн әзірленген және www.sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты құрылған. Бұл сайтта онлайн санақ бөлімі де бар екен. Бөлім қазіргі уақытта 2019 жылы өтетін ұлттық Халық санағы үшін жетілдірілу үстінде. Сонымен қатар аймақтарда, оның ішінде Маңғыстау өңірінде де алдағы санаққа дайындық жұмыстарын жүргізетін штаттан тыс бөлімдерді жасақтау басталып та кеткен. Департамент директорының орынбасары Алтыншаш Исламова осы ретте еліміз үшін маңызы зор санақ жұмысына ерікті қатысушылар мен ақылы түрде жұмыс істеуге даяр мамандар қабылданатынын, мамыр айынан бастап дайындық жұмыстары жүргізіле бастайтынын атап өтті.
Ал Халық санағы бойынша пилоттық жоба бұған дейін еліміздің екі облысында жүзеге асырылған. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылы 20 наурыздағы №121 бұйрығымен бекітілген санақ ережелері және пилоттық санақ жүргізу ережелеріне сәйкес 2018 жылдың 1–30 сәуір аралығында Ақмола облысының Бурабай ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында пилоттық санақ жүргізілген. Оның нәтижесінде халық санағын жүргізудегі ұйымдастырушылық мәселелері анықталып, онлайн режимде интернет және планшеттер арқылы мәліметтер жинау әдістері әзірленген, деректерді өңдеу және алынған нәтижелерді талдау бойынша бағдарламалар сұрыпталған.
Баспасөз брифингі барысында баяндалған мәліметтерді ықшамдап оқырман назарына ұсынамыз.
Халық санағы барысында қандай сұрақтар қойылады?
Дәстүрлі көрсеткіштермен бірге 2018 жылдың санақ парақшаларына БҰҰ Статистика комиссиясы, Еуростатистика, БҰҰ ЕЭК, ТМД Статистика комитеті ұсынған мынадай сұрақтар енгізілген: а) халық санағы уақытында респонденттің тұрғылықты жері; б) денсаулық жағдайы (көру, есту қабілетінің нашарлығы, жүріп-тұру қиындығы, есте сақтау нашарлығы); в) ҚР территориясына уақытша тұрып жатқан адамның келген елі; г) келу мақсаты;
Анкеталауды қанша сұхбат алушы жүргізеді?
Негізгі санақ маусымында уақытша санақ персоналдары тартылады. Олардың 142-сі инструктор-бақылаушы, 106-сы 1-кезеңнің сұхбаттасушысы, 847-сі 2-кезеңнің сұхбаттасушысы.
Санақ қанша уақытқа жалғасады?
1-кезең, яғни алдын ала санақ жарты жылға есептелген. Сұхбаттасушы персоналдар ай бойына өзіне тиесілі учаскелерді аралап, тұрғын үй, ғимараттар және тұрғын үй емес мекемелер мекенжайлары тізімі бойынша мәліметтер жинайды. Осы жиылған деректер негізінде аудандарға бөлу, т.б. есептік, құрылымдық жұмыстар жүргізілетін болады.
Санақтың 2-кезеңі 2019 жылдың қараша айына жоспарланған. 1–15 қараша күндері www.sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында арнайы онлайн санақ бөлімінде және сонымен бірге 1–30 қараша аралығында планшет құрылғылары арқылы халықтан жаппай сауалнама жүргізу негізінде іске асырылады.
ҚР кәмелеттік жасқа толмаған аза маттары анкета жұмысына қатыса ма?
Санаққа елде тұрақты тұратын респонденттер, отбасы құрамына кіретін уақытша, үйде тұрмайтын немесе уақытша кеткен мүшелері кіреді. Сондай-ақ шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары да санақтан өтеді. Отбасында уақытша жоқ адамдар, кәмелетке толмағандар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін санақ парағын өзге респонденттер, яғни қамқоршысы немесе жанашыр жақын адамдары толтырады.
Санақ жұмысында цифрлық технология қолданыла ма?
Жаңа санақ жұмысында елімізде бұған дейін өткізілген санақ кезіндегі дәстүрлі қағаз толтырумен қатар, технологиялық инновация жетістіктері кеңінен қолданылады. Әсіресе интернет желісі мен портативті-есептегіш құрал (планшет) санақ жұмысын жеңілдете түспек. Сонымен қатар мәліметтердің қайталануының алдын алу және деректер базасы ақпараттарының маңыздылығын арттыру мақсатында респонденттің жеке идентификациялық нөмірі де есепке алынбақ. Ал интернет сауалнамада респонденттер өздігінен «sanaq.gov.kz» сайтында электронды түрде санақ парағын толтыру мүмкіндігіне ие. Ол жерде респондент өзінің жеке деректерін, жеке куәлік нөмірін, ұялы телефон нөмірлері мен электронды пошта мекенжайын толтырады. Интернет сауалнаманы аяқтағаннан кейін әр респонденттің электронды поштасы мен ұялы телефонына санақтан өткені туралы смс хабарлама келеді. Айта кетер жайт, онлайн режимде осылайша санақтан өткен азаматтар үшін екінші қайтара жалпы санақтан өту міндеттелмейді.
Соңғы санақта қандай кедергілер болды?
2009 жылы өткізілген Ұлттық санақ кезінде дәстүрлі әдістер қолданылған. Санақ жүргізуші персоналдар әр мекенжай бойынша деректерді қағазға баспа әрпімен толтырды. Осыдан соң барлық бланкілер сканерден өткізілді. Бланк толтыру талабында мәліметтер баспа әрпімен толтырылуы қажет болатын. Алайда жиылған деректер сапасысын көтермей, салдарынан деректерді анықтауда кедергілер туындаған. Сонымен қатар респонденттердің жеке куәліктегі ЖСН нөмірлері алынбауынан деректердің қайталануы да көп қиындық тудырды. Мұның барлығы деректердің нақтылығы мен сапасына әсер етіп, жұмысты еселеп ауырлатқан. Өткен тәжірибелер мен жағдайларды есепке ала отырып, ендігі Ұлттық халық санағында жаңа заманға сай технологиялар мүмкіндігінше кең қолданысқа енгізіледі.
Азаматтар туралы мәліметтердің қауіпсіздігі
Қолданысқа енгізілмес бұрын комитеттің барлық ақпараттық жүйесі сынақтардан өтіп, ҚР ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігі туралы аттестаттаудан өткізіледі. Бүгінгі күнде алғашқы статистикалық мәліметтердің деректер базасы аппараттық жағынан және бағдарламалық тұрғыдан қорғалған. Деректерді көру және редакциялау тек қана тіркеуден өткен қолданушыға беріледі.
Халық санағының басты міндеті не? Санақ қандай мақсатта жүргізіледі? Санақты табысты өткізу көрсеткіші неде?
Халық санағы деген не? Халық санағы туралы толығырақ деректер БҰҰ Статистика комиссиясында берілген. Ұйым анықтамалығымен айтсақ, халық санағы – «жинау, қорыту, бағалау, талдау мен жарияланымдардың немесе елдегі барлық тұлғаға қатысты белгілі бір уақыттағы демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректердің бір ыңғай процесі».
Халық санағы елдегі халықтың нақты санын анықтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ халықтың саны мен құрылымына қатысты ақпараттық ресурстарды құрудың негізгі көзі болып табылады, оның нәтижесінде ел территориясындағы әлеуметтік-экономикалық, ұлттық және тілдік құрам анықталады.
Алдағы Халық санағының құндылығы Қазақстан Республикасы халқының тек нақты жағдайын біліп қана қоймай, демографиялық, әлеуметтік және саяси өміріндегі көптеген аспектілерін жобалауға мүмкіндік беруімен жоғары болады деген сенім бар.
Жайық НАҒЫМАШ