Биылғы тамыз айында Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблея хатшылықтары меңгерушілерімен бірге отырыс өткен болатын. Оған қатысушылар Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында берген тапсырмаларын талқылады. Елбасы тапсырмаларының бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Кәсіпкерлер қауымдастығының филиалдарын ашу және жергілікті этномәдени бірлестіктердің белсенді кәсіпкер-мүшелерін тарту.
Ел экономикасына елеулі үлес қосатын осынау тапсырманы жүзеге асыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының облыс орталығындағы ғимаратында этномәдени бірлестіктердің кәсіпкер өкілдерінің қатысуымен алғашқы басқосу өтті. Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселе жалғыз—жергілікті кәсіпкерлерге Елбасының Кәсіпкерлер қауымдастығын құру туралы тапсырмасын түсіндіріп, қауымдастық құру және төраға сайлау.
ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығын құру және жүзеге асыру тапсырмасы бойынша Маңғыстау облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина сөйлеп, басқосудың мақсатын жан-жақты түсіндірді. Содан кейін төраға сайлау қызу талқыға түсті. Этномәдени бірлестіктер бір емес, бірнеше үміткерлерді ұсынып, белсенділік көрсетті.
Жиналысқа қатысушылардың ұсыныстары ескеріліп, үміткерлерге ашық дауыс берілді. Нәтижеде Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағалығына «Интеграцияланған қауіпсіздік жүйесі» компаниясының директоры Жамбулат Тангиев, оның орынбасарлары болып Маңғыстау облыстық ҚХА меценаты Дәметкен Шакенова және «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің мүшесі, кәсіпкер Лилия Андреева сайланды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА