Түпқараған ауданының әкімі Айдос Хамиев ауданға қарасты ауылдармен танысу, халқымен кездесу мақсатындағы кезекті жұмыс сапарын Сайын Шапағатов ауылымен танысудан бастады.
Ақтау-Форт-Шевченко тас жолының бойында облыс орталығынан 40 шақырым жердегі №6 участоктағы құрылысы жүріп жатқан құс өсіру фабрикасы басшыларымен кездесті. Кәсіптің негізгі бағыттарымен танысып, қанша адамды жұмыспен қамту мүмкіндігі барын сұрап, басқадай ақпараттарын алған аудан әкімі бұл жұмыстардың толықтай іске қосылу уақыттарын да сұрады. Кейіннен Сайын Шапағатов ауылында былтыр іске қосылған «Ағарған» сүт зауытында болып, өнім қуаттылығымен танысты. 15%-ға ғана жұмыс қуатын атқарып тұрған бұл зауыт әлі 75% жұмысын енді ашатынын айтты. Тұрғындарды жұмыспен қамту мүмкіндігі барын аудан әкіміне таныстырған зауыт басшылары «..жақын арада 5 литрлік шұбат шығатын болады. Ол үшін этикетка, баклажка сынды жұмыстары бітіп тұр. Алдағы аптада тұтынушылар үшін тауар сатылымға жіберіледі. Сондай-ақ зауыт мал сүтін қабылдау жүргізеді», - деп таныстырды. Бүгінде Түпқараған ауданында орналасқан зауытқа өзге Маңғыстау ауданындағы, Қызан ауылы, Шетпе сияқты өзге ауылдардан сүт тапсырып, қолма қол ақшасын алып отырған, осы зауыттың игілігін көріп отырған азаматтар бары да айтылды. Алайда өз ауданымыздан сүт тапсырушылар жоқтың қасы екенін де зауыт басшылары хабардар етті. Бұл бағытта тұрғындармен кездескен аудан әкімі «Сайын ауылы мен Ақшұқыр ауылының тұрғындары мал өсіріп, сүтті осы зауытқа өткізу жұмыстарын үйлестіруіне болады», - деп халықпен кездескенде ұсынды.
Сапар барысында КСОІ мекемесі жұмысымен танысып, мекеме басшыларымен жабық келіссөздер жүргізді. Онда жұмыс күші, аудан тұрғындарын жұмыспен қамту сияқты мәселелер де аудан әкімі назарынан тыс қалған жоқ. Сайын ауылында 33 үйге газ тартылған участокте болып, жұмыс жүрісімен танысты. Одан кейін Сайын Шапағатов ауылында алғаш ашылған мектеп-лицей жұмысымен танысып, аталмыш мектептің акт залында ауыл тұрғындарымен кездесті. Әкімге тұрғындар газ, жол, иттің көптігі, аялдама, автобус жүрісінің интервалы мен интернет желісі, банкомат жоқтығы, халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы үшін аудан орталығына барудың жол қаражаты мен уақыт тапшылығына келтірер зияны тәрізді негізгі мәселелерді қозғады. Сонымен қатар, шаруашылық мекемелеріне сын да айтылды. Ауыл белсенділері Хиуаз Жұмабеков тарифтердің әртүрлі бағасын анықтау, автобус қатынасының уақыт жиілігін жақындатуды, ауылішілік жолдар мен газ, жарық мәселелерін шешуді көтерді. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі халықтан жарық, токты үнемдеуді сұрады, 224 млн. аудан токқа қарыз екенін жеткізді. Тазалық мәселесі бойынша тиісті мердігерлермен жұмыс жүргізілетіндігіне тоқталды. Итке қатысты мәселеде иелерінің өз иттеріне ие болуларын сұрады. Ауылішілік жолдарға қатысты негізгі мәселеде мектепке баратын жолдарға көңіл бөлетінін айтты.
– Бір-екі күнде немесе бір-екі айда шешілетін мәселе жоқ. Барлығы жоспарлы түрде, жасақталған жобалық-сметалық құжаттар негізінде атқарылады. Ауылішілік жолдарды Елбасымыздың өзі де бірінші кезеңдегі жұмыстар қатарына қойған болатын. Бұл жұмыстардың тез шешілуіне облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоқжанов та ынталы. Сондықтан бұл жұмыстар жүйеленетін болады, – деді аудан әкімі Айдос Хамиев.
Жиыннан соң жиында көтерілген ауыл ішінде жаңадан салынған тұрғын үйлер арасында қалған «Науалы» қорымын көруге аудан әкімі арнайы барды. Айта кетейік, жиында ауыл ақсақалы қорымды қоршау мәселесін ұсынған еді. Бұл жөнінде де ауыл әкіміне тапсырмалар берді. Жиын барысын да жаңа келген аудан әкіміне Терекбай Жаңбыршин «Отызыңда жалындап жан басаң, қырқыңда қайтіп ел таныр» деп бағасын беріп, қордаланған мәселелердің шешімін табуды қолға алуын сұрады.
***
Ақшұқыр ауылындағы жұмыс сапарын аудан әкімі ауылішілік су тарту жұмыстарының желісімен танысудан бастады. Сол маңайдағы тұрғындардың тартылмаған газ желісі, жарыққа қатысты мәселелерін тыңдап, қысқа уақытта қолға алатынын, алайда, бұл жоспарлы жұмыс екенін түсіндірді. Биылғы қыста да жылудың бұл тұрғындар үшін болмайтынын жеткізді. Аудан әкімі «Болмайтын нәрсені болады деп, өтірік сендіргім келмейді, ашық айтқаным дұрыс» деді осы аймақтың тұрғындарына.
Кейін Ақшұқыр мектеп-лицейінің жұмысымен танысып, мектептің жаңадан ашылған ІТ сыныбындағы оқушылармен тілдесті. Робототехника бағытында заман талабына сай жаңарып шығып жатқан, жаңа әрі күрделірек робототехника конструкторларымен оқушыларды қамтуды білім бөлімінің басшысына тапсырды. Жалпы аудан бойынша жиырма миллион қаражатқа 4 мектепте аталмыш сыныптар ашылған. Сондай-ақ, осы мектеп лицейдің ұстазы Ғимран Мүсіров жазғы тынығу алаңын ұйымдастырудағы жаңа жобасын таныстырды.
Ауыл ішінде тазалық жұмыстарын жүргізіп жүрген тазалықшыларға да арнайы аялдаған аудан әкімі ауылды таза ұстау үшін қандай жұмыстар ұйымдастыру керектігін, не қажеттігін сұрады. Тазалықшылар жұмыс күшінің аздығы, жалақы мәселесі, тазалықшылардың арнайы киімі мен қолғап сынды керектерін қамту, алыс жерлерге көлікпен жеткізуді де ұйымдастыру керектіктерін ұсынды. Бұл жөнінде мердігер мекемемен жұмыстар жасалынатыны айтылды.
Ақшұқыр ауылында орналасқан «Kazakh ossetr» балық өсіру шаруашылығында болып, жұмыс қуатымен танысып, ауыл мәдениет үйінің клубында ауыл халқымен кездесті. Жиын барысында аудан әкімі жасалынатын жоспарлы жұмыстармен қысқаша таныстырып өтті:
- «Жер көп, неге жер берілмейді?» деушілер бар. Алайда ток, су, газды тартып алмай, ол жерлерді халыққа ұсыну дұрыс емес. Бас жоспарға сәйкес Ақшұқыр ауылында қазіргі таңда халыққа ұсынуға болатын 3524 жер телімі бар. Оның ішінде әкімдікпен 844 учаскеге газ тартуға құжаттама дайындалуда. Оның құны 596 млн.теңге қаражат. Ендігі кезекте ток тартуға жобалық құжаттамаларын дайындайтын боламыз. Барлық инфрақұрылым тартылғаннан кейін 2020 жылға жер беру мәселесін қарастырамыз. Сондықтан 2005-2006 жылдардан бері кезекте тұрған азаматтар осыны қаперіне алғандары дұрыс, кезекпен беретін боламыз. Ақпарат ретінде айта кетейін, қазіргі таңда Түпқараған ауданында 46 жер теліміне берілген шешім күшін жойды. Оның ішінде Ақшұқыр ауылына қатысты 31 жерге шешім күштері жойылды. Бүгінгі таңда 75 жер пайдаланушыға тиісті шара қолданылуда. Прокуратура органдарымен аудан бойынша 145, оның ішінде Ақшұқыр ауылы бойынша 113 шешімнің күшін жою қарастырылуда. Жерге қатысты үлкен тексерістер жүргізілуде. Осы мәселеге қатысты сұрақтардың жауабы да, жұмысы да – осы. Жол мәселесіне келер болсақ, Ақшұқыр ауылында ұзындығы 100 шақырым болатын 23 көше бар. Оның 7 көшесі асфальтталған. 2015 жылы 4/7 ауылішілік жол құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Қазіргі таңда екі жобамыз бар. Біріншісі – 2016 жылғы Ақшұқыр селосындағы автокөлік жол құрылысы жоғарғы бөлігінің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды. Ұзындығы 4,5 шақырымды құрайды. Құрылыс құны – 384 млн.теңге қаражат. Екінші жол - Ақшұқыр селосындағы автокөлік жол құрылысының төменгі бөлігі. Ұзындығы 7,6 шақырымды құрайды. Сметалық құны – 336 млн.теңге. Бұл жобалардың ендігі қаржыландыру көзін қарастырудамыз. Үшінші мәселе - ток, газ, суға қатысты. 2015 жылы 208 учаскеге электр жүйесі тартылып, жаңадан салынған тұрғын үйлер қамтылған болатын. Қазір жаңадан 1241 учаскеге ток тарту үшін жобалық сметалық құжаты дайындалу үстінде. Биыл жобамыздың аяқталуын күтіп отырмыз. Олар – 1, 5 кварталдар мен Кезбаев, Үштерек, Бекжанов, Ақжол көшелері. Газға қатысты 2015 жылы 5 кварталда 400 учаскеге газ тартылды. Қазір жаңадан 1, 2, 5 кварталдарға және де Кезбаев, Бекжанов, Абылхайыров көшелеріне жобалық құжаттар жасақталуда, мердігерлер анықталған. Жұмыстың аяқталуы уақыт еншісінде. Сонымен қатар қолымызда газға қатысты 4 жобамыз бар. Мәселе болып келе жатқан Бегей тұрғын үй алаңдарын газбен жабдықтау. Жобалық құжаттамасы – 683 млн. теңге. Екінші – Ақшұқыр-2 ауылдарының орамдарын газбен жабдықтау 256 млн. үшінші жоба – Ақшұқыр-2 ауылының 2, 4 кварталдарын газбен жабдықтау 340 млн. қаржыны құрап отыр. Төртінші жобамыз – Ақшұқыр-2 ауылының 1, 2, 3, 4 кварталдарын газбен жабдықтау 277 млн. қаражатты құрап отыр. Бұл жобалардың ішінде Бегейден басқа 3 жобамыз қолдау тауып, келісілген. Бүгінгі таңда бюджет жобасы мәжілісте қаралуда. Амандық болса, осы алдымыздағы айда тиісті шешімдер қабылданып, 2019 жылдың басында қаражат күтудеміз, - деді аудан әкімі Айдос Хамиев. Сонымен қатар тазалыққа қатысты 200 қоқыс контейнері алынатындығын, келесі жылы 2000 контейнер қойылатындығын да жеткізді.
Ауыл тұрғындары мектепке барар жолдардың күнделікті жүруге ыңғайланып берілуін, газ, жарық, тоқ мәселелерімен қатар қоқыс, ит мәселелерін көтерді. Ең көп қоныстанушы әрі демография бойынша да көрсеткіші жоғары ауыл ретінде Ақшұқыр ауылындағы тұрғындарды есепке алу қиындығы туындап тұр. Қалаға жақын болғандықтан көбісі мекен-жайы бойынша қалаға тіркелген, бірақ Ақшұқырда тұрады. Құжат бойынша ауданда нақты тұрмағасын халық санын анықтап, инфрақұрылымға қатысты мәселелерді шешуге кедергі келтіреді. Айналып келгенде бұл тұрғындардың ток, жылу, су тәрізді мәселелері ауданның күн тәртібіне шығады. Аудан әкімдігінің ұйымдастыру жұмыстарына нақты емес статистикалық мәліметтер тұстары кедергі келтіріп отырғанын аудан әкімі халыққа түсіндіруге тырысты. Сонымен қатар күні кеше өткен Ақтау саммиті мен облыс әкімінің Хорезмге сапары туралы халықты құлағдар етіп, мәселелерді бірлесе қарастырып, шешуге және елді ауызбіршілікке шақырды.
Милана ЕЛЕУСІНОВА, Cуреттерді түсірген автор