©
Қарақия ауданы, Құрық елді мекенінің тұрғыны, зейнеткер Нұралы Ізбасаров ақсақалдың бұл өмірден көргені де, түйгені де мол. Соның ішінде қазыналы Маңғыстаудың мұнай байлығын игеруде өзі куәсі болған көп жайды ешқашан да ұмытпайды. Ұмыту былай тұрсын, оны кейінгі жастарға үлгі ретінде үнемі айтып отырады. Қарияның сол әңгімесін біз де естідік.
Нұралы 1958 жылы шоферлік курсты бітірісімен Форт-Шевченко қаласындағы «Маңғыстаумұнайгаз барлау» экспедициясына жүргізуші болып еңбек жолын бастайды. Ол бұйығы жатқан Маңғыстаудың енді ғана ояна бастаған кезі. Жан-жақтан жерасты байлығын іздеушілер күн құрғатпай келіп, олардың бастарын біріктіретін кәсіпорындар да бой көтере бастаған. Әлгінде айтқан экспедиция – солардың бірі. Оған жұмысқа жергілікті жастар көбірек тартылады. Солардың арасында берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап, техникасын жоғары күтімде ұстаған бұған №1 автотранспорт кеңсесі басшысының ықыласы жоғары болды. Бірде кеңсе басшысы Махмут Батыршиев шақырып алып, Жетібайда бұрғы салып жатқан бұрғышыларға осындағы экспедиция бастығы Халел Өзбекқалиевтың баратынын айтып, соны апарып, әкелуді өзіне жүктеді. Ол кез де қазіргідей жеңіл көліктер атымен жоқ, жол да жаман. Жетібайға дейінгі ара шамамен 250 шақырымдай. «Газ-53» машинасымен, оған жетсең де, жаныңды жеп жетесің. Жол бойы ала шаң. Апарайын деп отырғаның елге танымал, сыйлы жан. Осыны ойлағанда жас жүргізушінің біраз абыржығанын да жасыруға болмайды. Жол қағазын алып, жолаушыны күтіп тұрғанмын, ақсары орта бойлы бір кісі қасыма келіп жайғасты да «Қалай, інім жүреміз бе?» деп жүзіме жымия қарады. Құдды күнде көріп, сырлас болып жүрген жан сияқты. Жол бойы отбасымды, жанұямның халжағдайын сұрап, бәйек болып отыр. Мен де оған бой үйретіп, әлгіндегі «Қай жағынан шығып қаламын» деген күдік жанымдағы жолаушының ыстық пейілінен кейін су сепкендей басылды, - деп еске алады сол сапарын Нұрекең. Жүре келе кабина іші шаңнан тұманданып кетті. «Абыржыма, інім, бұл қиындық бір күнгідей болмай өте шығады. Алда тұлпарыңды талай тегіс асфальтпен зулатасың, ол күн де алыс емес» деп мені қанаттандырып қояды.
Осылайша, тоқтамастан жүріп отырып, түс ауа «Көпдерел» деген жерге жеттік. Аздап», демалып алайық деген соң жолдың қапталындағы тазалау жерге тоқтадым. Кеше кешкісін жеңгеме «Ертең бір сыйлы адаммен жол жүргелі отырмын, жылы-жұмсағыңды молырақ сал» дегенмін. Сау болғыр, жеңешем айтқанымды екі етпепті. Көк майсаның үстіне таза дастарханды жайып жіберіп, етті, қазы-қартаны, термостағы шайды, басқа да малдың сүтінен жасалған тәттілерді самсата қойып, ағама етті турап, шайды өз қолыммен құйып бердім. «Шіркін, Маңғыстаудың бал татыған дәмі-ай», деп астан алған сайын риза болып отырды. Дайындаған жеңгеме де рахмет айтып жатыр. Жол бойы талай рет Халағамның қарапайымдылығы мен кісілік қасиеттеріне сүйсініп, тәнті болдым, - деді. Н.Ізбасаров қария енді сөз желісін Жетібайға келген кезге аударып, осы сапарында куә болған тарихи сәтті еске түсірді.
Бұлар кідірместен жүріп отырып, 5-шілде күнгі кешкі сағат 20-ның шамасында Жетібайға жетіп, №6 бұрғылау қондырғысы шеберінің міндетін уақытша атқарушы Үсеновтің (ол кезде бригада шебері Н.Петров еңбек демалысында болатын) үйіне келіп, демалады. Ал Үсенов болса, қонақтарды тамақтандырып, жайғастырғаннан кейін рұқсат сұрап, жұмысына кетеді. Жолсоқты болған екеуі қатты ұйқтап кетсе керек, сағат түнгі екі шамасында есік қағылып, үсті қара майға былғанған Үсенов келіп, қазып жатқан қондырғыдан «Мұнай фонтаны атты» деп сүйінші сұрайды. Лезде бұлар да қондырғы басына жеткенде, мұнай бұрқағы шынымен де кранблокқа соғылып, тарыс-тұрыс атқылап тұрады. Бұл болса, түні бойы қондырғыға қажетті заттарды тасиды. Ертесіне Батыс Қазақстан аймақтық геология басқармасының басшысы Иванов келіп, құттықтады.
Бұрқақ тұмшаланғаннан кейін келесі күні Жетібай мен жақын маңдағы ауыл адамдары мұнай атқылаған қондырғыны қоршап алып, біраз уақыт қызықтайды. Кешкісін ауыл орталығында халық әртісі Жамал Омарованың концерті болып, бұл бригададағы 20 бұрғышыны концертке апарады.
Елдің қуанышында шек жоқ. Осыған дейін қазыналы өлкенің бірталай жеріне бұрғы бойлатқан бұрғышылары өз істерінің тұңғыш жемісін осылайша көрген. Игілікті істің бастауында экспедиция басшысы, қазақ елінің белгілі азаматы, Маңғыстаудың «қара алтын» қазынасын алғаш ашып, игерушілердің бірі емес бірегейі, Ленин сыйлығының лауреаты Халел Өзбекқалиевтың тұрғаны тарихи шындық. Сол кісімен аз күн дәмдес, сапарлас болғаны да, өңірден шықан алғашқы мұнайды көріп, куә болуы да – өмір бойы мұнай өндірісіне қызмет көрсететін көлік саласында жүргізуші болып жұмыс жасап, зейнетке шығуы Нұралы Ізбасаров ақсақалға үлкен мәртебе.
Закария ИСАҒҰЛОВ