©
Арғы замандардан бері аттың жалы, түйенің қомында ғұмыр кешкен халқымыздың емшілік қабілеттері керемет дамыған. Абыл ақын айтқандай жайлауы «Ойыл, Қиыл, Жем, Қайнар» деген қыстауы Маңғыстаудың қара ойында көшпелі тірлік құрған қалың Адай елінің де өзінің пірі, айтқаны келіп, атқаны тиетін әулиелері, сынықты сыйпап салатын сынықшылары, ауырған адамды жазатын емшілері туралы аңызға бергісіз әңгімелері бүгінгі күнге жеткен.
Олардың қатарында Шоңай Бекбаулы, Бөкен Мыңкісі, Бектеміс Несібек пен Нұр, Тәстемір Әуеталық, Құнанорыс Қожық, Жаңай Асар мен Өтеулі, Тоқабай Айтқұл т.б. аталар жөнінде кейінгі ұрпаққа еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ағалардың жазған естеліктері баршылық. Дегенмен Маңғыстауға алғашқы мемлекеттік емдеу орындары патша үкіметінің отарлау саясатымен қатар келеді. Алғашқы 60 төсектік лазарет пен дәріхана Новопетровск (қазіргі Форт-Шевченко) бекінісінде 19-ғасырдың ортасында ашылады. Бұл қияндағы түбекте орналасқан алғашқы емдеу орны болғанымен, жергілікті халыққа арналмаған еді.
Алайда ел ішінде мезгіл-мезгіл соғып тұратын қара шешек эпидемиясы кезінде үкімет тарапынан көшпелі егу пункттері ұйымдастырылып, халық арасында аурудың тарап кетпеу шаралары алынатын болған.
Өткен ғасырдың ең үлкен эпидемиясы 1901 жылы болып, мыңдаған адамның өмірін жалмайды. Өңірдегі осындай ірі эпидемиядан қорыққан патша үкіметі жергілікті халықтан қазақ дәрігерлерін даярлау керек екендігіне көздері жетеді.
1903 жылы екі жылдық орыс-қазақ мектебін бітірген жергілікті жастардан Әміржан Шымыровты, Қойсары Сарғожаевты, Әбдірахман Ахтанов пен Алуадин Мәтжановты Ашхабадтағы үш жылдық фельдшерлік мектепке оқуға жібереді. Аты аталған жастар Ашхабадтағы фельдшерлік мектепті 1907 жылы бітіріп келеді.
Алғашқы дәрігерлер Қ.Сарғожаев Жармышқа, А.Мәтжанов Бозашыға, Ә.Шымыров пен Ә.Ахтанов Форт-Александровскге (қазіргі Форт-Шевченко) қызметке жіберіледі. Ә.Ахтанов өмірден ертерек өтеді. Маңғыстауда кеңес үкіметі орнаған сәтте Фортта Якобсон, Воскресенский деген жоғары білімді дәрігерлер қызмет жасайды.
Фортта халықтың қолы жетімді болған 1902 жылы Ашхабадтағы фельдшерлік мектепті бітіріп келіп, өмірінің соңы 1946 жылға дейін қызмет жасаған Серегин Григорий Ивановичті үлкен аға буын ризашылықпен еске алатын. Елдің ішінде үлкен абыройға ие болған Г.Серегинді жергілікті халық «Сереке» деп құрметпен атаған.
Адай уезі 1922 жылы алты аудан болады. Ойылдан Красноводскіге дейінгі аралықтағы кең байтақ далаға ел қанат жайып қоныстанады. 1928 жылы Адай уезінің орталығы Ойылға көшуіне байланысты аудандар біріктіріліп, Маңғыстаудың ойында бір аудан құрылады. Көші-қон 1931-1932 жылдардағы дүрбелең әсерінен медицина қызметкерлерінің саны азаяды. Аудандағы жаңа құрылған 22 ТОЗ бен 6 балықшылық кәсіпорындардың бірде бірінде медициналық пункттер болған жоқ.
Бүкіл ауданда осы жылдары 1 дәрігер, 5 фельдшер, бір санинспектор болады. Мамандығы хирург дәрігер Григорий Александрович Репников 1928 жылдан 1937 жылға дейін қызмет жасайды. 1939 жылы аудан орталығы Таушықта ашылған аудандық аурухананың алғашқы бас дәрігері Устименко Андресан Николаевич болады.
Соғыс жылдарында жау қолында қалған аудандардан қоныс аударған Е.Н.Веращагина, Н.А.Лещ, В.П.Куча, И.А.Сахриков, Л.И.Горская сияқты дәрігерлермен қатар бір топ орта буын мамандар қызмет жасайды. Ауданның орталығы Таушыққа 1940 жылы келіп, өмірінің соңына дейін аудан халқына риясыз қызмет жасап абыройға ие болған фельдшер Николай Евдокимович Негруцыдың еңбегі зор болыпты. Халыққа етене араласып, туысындай болып кеткен азамат Н.Е.Негруцы өзінің аманатына сай «Үйтолы» мұсылман қауымына жерленеді.
Алайда аудан халқына қызмет жасайтын жоғары және орта буын мамандар жеткіліксіз еді. Орта буын мамандар даярлау үшін 1946 жылы Таушықта қысқа мерзімді медбикелер даярлайтын курс ашылып, жергілікті қыз-келіншектер білім алады. «Колхоз медбикелері» курсының жұмысын ұйымдастыру ісін аудан басшылығы аудандық біріккен аурухананың шаруашылық бөлімінің басшысы Бисен Дербісовке тапсырады. Курсқа сол уақытта аудан орталығында жұмыс жасайтын дәрігерлер мен орта буын акушерка, фельдшерлер сабақ береді. Аудан басшылығы тарапынан қолдау тапқан курстың оқушылары жататын орынмен, тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Курсты бітіргендер қатарында абыройлы қызмет атқарған С.Бекмағанбетова, Ж.Ақжанова, Т.Әбілова, М.Тышқанбаева, Ж.Рахметова, Тілегенова, Сарғұлова, ерлер- ден Сонабай Аққұлов болады. 1954 жылы Гурьев (Атырау) медицина училищесін бітірген бір топ орта буын мамандары Р.Манашева, Қ.Азанбаева, А.Керелбаева, Б.Кәдірбаева, К.Ұзақбаева, Қ.Мырзалиева, Б.Мамаевалар ауданның ауыл орталықтарындағы медициналық пункттерге қызметке жіберіледі.
Маңғыстаудың жергілікті жоғары білімді дәрігерлерінің көшін 1956 жылы Алматыдан Қазақ медицина институтының емдеу факультетін бітірген Шәкенбай Байназаров бастайды. Бұл ұлтымыздың дерті болған туберкулез ауруының асқынып тұрған уақыты еді. Таушықта 25 төсектік аудандық туберкулез ауруханасы ашылады, оның бас дәрігері болып Ш.Байназаров тағайындалады. Өкпе туберкулезі рентгенмен айыру ісі жолға қойылады.
1957 жылы ауданда аз ғана уақыт қызмет жасаған атыраулық Х.Қалжігітов Махамбет ауданына, семейлік Жанқожа Сұлтанов ауылына қызметке ауысады.
Аудандық біріккен аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалған Ш.Байназаров аудан басшылығының алдына мәселе көтеріп, 1957 жылы Қарақұмда, 1961 жылы Сенекте ауылдық ауруханалардың ашылуын ұйымдастырады. Шалғайдағы ауданның 29 елді мекені мен алты ай жаздағы Үстірт жайылымындағы елге уақытылы медициналық көмек көрсетуде сол уақытта елді мекендердегі рация мен облыстағы санитарлық авиацияның көп көмегі болған. Жазғы Үстірт жайылымында орналасқан малшы қауымға арналып, Уәлі жерінде 15 төсектік маусымдық аурухана қызметі ұйымдастырылады.
1958 жылы Астрахань медицина институтының емдеу факультеттерін бітірген Мұхамбет пен Рита Шахатбаевалар ауданға қызметке келеді. Бірі хирург, бірі акушер-гинеколог жанұялы Шахатбаевтар 1962 жылға дейін ауданда қызмет атқарады.
1959–1960 жылдары ауданның МКСО кәсіпорны арқылы Тұщықұдық ауылдық ауруханасы кеңейтіліп, сол уақыт талабына сай салынады. Бозашы аймағында зейнетке шыққанша қызмет жасаған дәрігерлер С.Керелбаев, Б.Жұмағалиева, С.Мәдиева, П.Әмірханова, Б.Өтжанова, Қ.Азанбаева т.б. орта буын мамандар абыроймен қызмет атқарды.
1961 жылы алғашқы бала дәрігері Жұмагүл Сарина оқу бітіріп келеді. Осы жылдары ауданның Сенек ауылындағы ауруханасына бас дәрігер болып қызметке Еркебай Жақауов келеді. Ұзақ жыл абыроймен қызмет атқарған Еркебай Жақауовқа ауыл халқы құрмет көрсетіп, ол өмірден өткен соң ауылдық емханаға ескерткіш тақта қойылды.
1962 жылы ауданға алғашқы санитарлық дәрігерлер оқу бітіріп келеді, олардың қатарында Ж.Бекбаев, Т.Шаңытбаев, М.Сапаров болады. 1961-1962 жылдары екі жыл Қазақ онкология институты мен Қазақ туберкулез институтының дәрігерлерінің аймақтағы барлық елді мекендерді аралап, тексеруден өткізеді.
Республикалық дәрігерлердің қорытындысы ауданда туберкулез ауруының көп екендігін, науқастарды толыққанды емдеу үшін стационарлық емделуден соң, санаторлық емнің қажет екендігіне, оған жергілікті шұбатты пайдалануға ұсыныс береді.
Санаторий салуға ауасы таза, климаты құрғақ Тұщыбек жері таңдалады. Мәселе аудан басшылығы арқылы облыстық партия комитетіне қойылып, шешімін табады. 1963 жылы Тұщыбек жерінен колхоздардың қаржысының негізінде облыстық дәрежедегі санаторий құрылысы басталады. Санаторий жұмысының ұйымдастырылуы аудандық бас дәрігер Ш.Байназаров пен ауданның басшысы Т.Қағазовтың үлкен еңбегі еді.
1963 жылы аудандық біріккен ауруханадан аудандық санитарлық эпидемиологиялық станция өз алдына бөлек мекеме болып шығады. Оның бірінші бас дәрігері болып Жылқышы Бекбаев тағайындалады.
Ауданда санитарлық эпидемиологиялық қызметтің қалыптасып, үлкен жүйеге айналуына айрықша еңбегі сіңген азаматтардың бірі сол саланы жиырма жыл басқарған, марқұм Сисемалы Абаевтың еңбегін мереке жылы еске алған орынды.
1963 жылы ауданға Форт-Шевченко қаласы қосылып, аудандағы денсаулық сақтау саласы іріленеді, жұмыс көлемі ұлғаяды. Форт-Шевченкодағы қалалық ауруханада О.Геголашвили, Т.Мақтағанов, Г.Молдашевалар қызмет жасайды.
1963-1970 жылдар аралығында жергілікті жоғары білімді дәрігерлердің бір тобы ауданға қызметке келеді. Олардың қатарында О.Қобланова, Б.Тұрарбеков, Б.Өтетілеуов, Б.Абаев, Т.Ақжігітов, Б.Төлепбергенов, Ш.Меңдалиева, А.Сәрсенбаев, Ш.Байтілеуов, К.Әбілов, А.Сейітмағанбетов, М.Сыражанов, С.Керелбаев, Ж.Жетешов, А.Тәжіғұлов, Ж.Ақжанов, Р.Демеубергеновтер болды. 1966 жылы аудан орталығы Таушықтан Шетпеге көшірілді. 1968 жылдың күзінде Ұштағанда, Жыңғылдыда ауылдық ауруханалар ашылады. 1971 жылы Шетпеде 50 төсектік екі қатарлы типтік жобадағы аудандық аурухана қосымша шаруашылық бөлімдерімен бірге салынып, тапсырылады. Аудандағы дәріханалар жүйесінің қалыптасуына №11 аудандық орталық дәріхананың меңгерушісі Р.Демеубергенов көп еңбек сіңірді.
1973 жылы Гурьев (Атырау) облысының шалғайдағы ауданының негізінде Маңғышлақ облысының құрылуы аудан денсаулық сақтау тарихына үлкен бетбұрыс әкелді. Аудан көлемінен екі жаңа аудан Бейнеу мен Ералы аудандары бөлініп шығады. Жаңадан ашылған облыстың Медснаб, Медтехника, Аптекоуправление сияқты мекемелері емдеу орындарын құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамту ісін жолға қояды.
Емдеу орындарының материалдық-техникалық базалары жаңартылады, санитарлық автокөліктер жеткілікті мөлшерде бөлінді. 1973–1980 жылдары сол уақыттағы талапқа сай аудандағы барлық елді мекендерде нәрестелерге арналған сүт кухняларының қызметтері ұйымдастырылады. Жармыш, Өтес, Онды, Шайыр, Қызан фельдшер-акушерлік пункттері сол кездегі үкімет қаулылары мен денсаулық сақтау министр- лігінің бұйрықтарына сай ауылдық дәрігерлік емханаларға айналды. Институтты бітіріп келген дәрігерлер қызметке жіберіліп, ауылдық емханалар дәрігерлермен толық қамтылды. Осы жылдары балалар арасындағы басқарылатын инфекция түрлерінің алдын алу ісі жолға қойылды.
Жаңаөзен, Ақтау медицина училищелерінің ашылуымен емдеу орындарының орта медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етілуі едәуір жақсарды. 1983 жылы Қызан ауылдық емханасы 25 төсектік ауылдық ауруханаға айналды. 1983 жылы аудандық ауруханаға отыз төсектік қосымша балалар бөлімшесінің құрылысы берілді. Осы жылы Ескі Шетпе ауылында дәрігерлік пунктке арналып жаңа құрылыс салынды. Онда терапевт, педиатр, стоматолог мамандарының қабылдау жүйесі ұйымдастырылып, халыққа медициналық көмек көрсету ісі жақындатылды. 1986 жылы қырық төсектік перзентхана үйі тапсырылды. Қосбұлақ ауылында 1987 жылы МГРЭ кәсіпорнының көмегімен медициналық пункт үйі іске қосылды. 1988 жылы Киевтегі құрылыс жоспарлау институтына жаңадан 150 төсектік аудандық аурухана салу жөнінде тапсырыс беруге құжаттар дайындалды, алайда облыстың жабылып қалуы, одан әрі Одақтың тарауы ол жұмыстың тоқтауына себеп болды.
1980-1990 жылдар аралығында аудан емдеу орындарының дәрігерлері Одақтық, республикалық деңгейдегі институттарының клиникаларында болып, өз білімдерін жетілдіріп, жоғары және бірінші дәрежелі маман атақтарын қорғады.
Аудандық орталық аурухананың дәрігерлері облыс деңгейінде көрсетілетін көмектің түрлерін көрсете білді. Аудандық аурухана дәрігерлері шұғыл және жоспарлы операция түрлерін жасауды меңгерді, балаларға интенсивтік терапия әдісімен емдеу ауданда облыстық балалар ауруханасымен қатар жүзеге асты. Арнайы интенсивтік палата ұйымдастырылып, инсульт пен инфаркт сияқты сырқаттарға уақытында көмек көрсетіліп, аудандық ауруханада емделетін еді.
Облыстың көптеген басшы дәрігерлері болған азаматтар және облыстық ауруханаларда қызметтерін жалғастырған бір топ маман дәрігерлер өздерінің өмір жолдарын Маңғыстау аудандық орталық ауруханасымен байланыстырады. Олардың қатарын да Ж.Сарина, Т.Шаңытбаев, Б.Тұрарбеков, Б.Төлепбергенов, Б.Абаев, Ш.Байтілеуов, К.Әбілов, М.Сыражанов, А.Тәжіғұлов, І.Жа рылғасынов, Е.Есенқосов, Б.Нұрлыбаев, Ә.Оразов, Б.Төлешов, М.Күшікбаев, С.Есеуо ва, А.Шаңытбаев, Ж.Есбергенов, Қ.Қойтанов, Г.Қиынова, Б.Әмірова, Г.Адамбаева, Е.Өтеулі, Р.Қылышбаев, И.Серікбаев, Е.Үмбеталиев және осы жолдардың авторы бар.
Кеңестік дәуірде халыққа медициналық көмек көрсетудегі елеулі еңбектері үшін облыс көлемінде «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген дәрігер» атағын алған алты дәрігердің үшеуі – Шәкенбай Байназаров, Тәжік Шаңытбаев, Сайын Керелбаев ауданымыздың азаматтары еді. Тәуелсіздік алғаннан соңғы алғашқы он жылдықта денсаулық сақтау саласында да елдегі экономика саласындағы сияқты қиыншылықтар болды. Аудан дәрігерлері қиындыққа қарамастан, халыққа медициналық қызмет көрсету деңгейін төмендеткен жоқ.
Екінші, үшінші онжылдықтар денсаулық сақтау саласының заман талабына сай даму жылдары болып келеді. Ауданда 2003-2005 жылдары жарияланған ауыл жылына байланысты Сайөтесте, Ақшымырауда типтік жобадағы ауылдық емхана және сол уақыттағы заман талабына аудан орталығынан аудандық туберкулез ауруханасының құрылысы пайдалануға берілді. Осы жылдары ауданның барлық емдеу орындары күрделі және ағымдағы жөндеулерден өткізілді.
Аудандық орталық аурухананың медициналық құрал-жабдықтармен қамту деңгейі талапқа сай рентгенаппаратының жаңа түрлері, УЗИ, лаборатория, операцияға қажет құралдар, анестезиологиялық реанимациялық қондырғылармен толықты.
Арада ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Қ.Көшербаев аудандық орталық ауруханада болды. Облыс басшысы барлық емдеу бөлімдерін аралап, аурухананың қызметімен танысты. Мен сол уақытта ауданның бас дәрігері қызметін атқаратын едім, ауданға жаңа аудандық аурухана қажет екендігін нақты дәлелдермен облыс әкіміне баяндадым. Соның нәтижесінде қазіргі типтік жобадағы аудандық аурухана құрылысы 2008 жылы басталып, 2010 жылы пайдалануға берілді. Аудан орталығында ашылған жекеменшік тіс емханаларының дәрігерлері Қ.Сүйетбаев, А.Өтеуов және «Өркен» жекеменшік емханасының бас дәрігері Б.Құсымбаевтар – еңбек жолдарын аудандық ауруханада бастаған азаматтар.
Кейінгі жылдарда Шайыр, Жармыш, Қызан, Тұщықұдық, Жыңғылды, Ұштаған ауылдарында орналасқан ауылдық емханаларға арналып, типтік жобадағы құрылыстар салынды. Бүгінде аудандық аурухана заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Аудандық орталық аурухана дәрігер мамандармен толық қамтылған. Ауданның медицина қызметкерлері ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында қалыптасқан жүйенің деңгейін түсірмей, аудан халқына талапқа сай медициналық көмек көрсету ісін жалғастыруда.
Бекен БАЙНАЗАРОВ, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы