Қарттар күні қарсаңында Маңғыстау ауылы әкімдігінің ұйымдастыруымен Мұнайлы аудандық ардагерлер кеңесі ғимаратында ардагерлер мен зейнеткерлер арасында шахматтан жарыс өтті.
Аудандағы ақсақалдар мен зейнеткер аналар аудандық ардагерлер үйіне жиналып, шахмат ойнап, арқа-жарқа болды. Мұнайлы ауданына қарасты барлық ауыл, ауылдық округтерден 12 ақсақал қатысып, өзара сынға түсті. Мықтылар арасынан нағыз ойын шеберін анықтау үшін №8 мектептің мұғалімі Нұраддин Якупбаев бас төрелік етті.
Жарыс жеңімпаздарын марапаттау үшін Маңғыстау ауылының әкімі Қалқатай Өтемұратов сөз алды. Ол қарттар күніне орай, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылған шараға қатысқан барлық ардагерлерге алғысын білдірді. Қарттар күні мерекесімен құттықтап, қарияларымызға деген құрмет пен ардагерлерімізге деген ізет әр күн сайын жалғасын табатынын айтып, жарыс жеңімпаздарына сыйлықтарын табыстады. Айта кетсек, І орынды Маңғыстау ауылының ақсақалы Қамысбай Кульчиков жеңіп алып, 30 000 теңге, ІІ орынды Қылыш Медетов иеленіп, 20 000 теңге, ІІІ орынды Ережеп Шамианов алып, 10 000 теңге ақшалай сыйлықтар мен ауыл әкімінің дипломымен марапатталды.
Гүлнара БЕКҚАЛИ