«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген халық даналығының астарында үлкен мән жатыр. Қария – ел-жұрттың бағдаршамы, ақыл-кеңес айтар данасы, ұрпағының қамқоршысы. Отбасының берекесін үнемі сақтап, бірлігі мен татулығын тілеуші, өнегелі өсиетімен елі мен жерінің кеңесшісі. Әрбір отбасындағы арқа тұтар ата-әжелеріміз – сондай асыл қасиеттердің иесі.
Ата-баба жолын қадірлеп, кейінгі ұрпағына өсиеттеп келе жатқан бүгінгі күнгі ақсақал аталарымызға және ақ жаулықты әжелерімізге арнап Мұнайлы ауданы әкімдігі есте қалар іс-шара өткізді. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткен Қарттар күніне арналған мерекелік шара Қызылтөбе ауылдық округіне қарасты «Қайнар» мейрамханасында өткізілді. Оған ауыл мен ауылдық округтерде тұратын ардақты да аяулы ата-әжелеріміз арнайы шақырылды.
Ақ дастарқан басында шүйіркелесіп, бір-бірінің хал-жағдайын сұрасқан қарияларымыз осындай жоғары мән мен маңызға ие шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды. Мұнда «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, алдымен ата-баба әруақтарына арнап Құран оқылды. Бұл да болса өмірден өткендерді ардақтау, бүгінгіге шүкіршілік етуді көрсетсе керек.
Жер мен елдің, әрбір отбасының берекесі мен мерекесіне айналған ата-әжелеріміздің салтанатты бас қосуында аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев сөзге шығып, ардақты аталарымыз бен аяулы әжелерімізді айтулы мерекемен құттықтады. Аудан басшысы елдің бірлігі мен ынтымағын, татулығын нығайтып жүрген аға буын өкілдеріне жүрек- жарды лебізін айтып, әлі де ұрпақ тәрбиесінде белсенді болып жүре берулеріне ниеттестік білдірді. Сөйтіп рухани жаңғыру бағытында Мұнайлы ауданының әлеуметтік- экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ақсақалдарға Алғыс хат табыстады. Атап айтсақ, Амандық Алдаберген, Үсенбай Аймағамбетов, Аяпберген Нурбаулов, Еламан Махатов, Еламан Оңдағановтар аудан әкімінің марапатына ие болды.
Ақ дастарқан басында бас қосқан ауыл мен ауылдық округтерден келген ата-әжелеріміз бірінен соң бірі сөз алып, өткізіліп отырған шараға өз алғыстарын айтты. Елдің амандығын тілеп, ел басқаруда ат үстінде жүрген азаматтарға ақ баталарын беріп, тәуелсіз елімізді бұдан да әрі гүлдендіре беру жолындағы еңбектеріне жеміс тіледі. Аудан өнерпаздарының әуелеген әндері, күмбірлеген күйлері орындалып, мерекелік кештің көрігін қыздыра түсті. Өнерпаз жастардың өнерлеріне қарияларымыз дән риза болды.
Мұнайлы аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Есенбай Құлидың тартымды да әсерлі жүргізген салтанатты кешінде дастарқан басына үлкен ас тартылған соң бата жасалып, Құран оқылды.
«Қарты бар үй – дариялы үй» деп жатамыз. Қарттарымыз әрдайым аман болып, өмірден көрген-білгендерін жастарға үйретіп, туралыққа бағыттап отыруларына ниеттеспіз. Қазыналы қарияларымызды әркез тыңдап өскен жастарымыздың келешегі де нұрлы болатыны айдай анық. Себебі біздің халық қарияларын ардақтаған халық ғой.
Д.ХАНСҰЛТАН