- Құлжан аға, ілкімді кісілердің жедел әрі қомақты қаржы табу мүмкіндігі мол бүгінгі нарық заманында табысынан бейнеті көп мал шаруашылығына көзқарас қандай?
- Базар мен ақша бірінші орынға шықты. Бірақ «Мал-жаның аман ба?» дейтін қазаққа төрт түліктің орыны бөлек. Басшыларымыз мал шаруашылығымен айналысып жүрген кісілердің еңбегіне құрметпен қарайды. Биылғы мерейлі мерейтойдың салтанатты бөлімінде ауыл шаруашылығын өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан еңбек ардагерлерін «Бейнеуге – 45 жыл» төсбелгісімен марапаттауы бұл пікіріме айғақ болады.
- Марапатталған ардагерлер арасында сіз де барсыз ба?
- Иә.- Құтты болсын. Бұл қаршадайыңыздан табаныңызды құм күйдіріп, төбеңізді күн тесіп, ақпанның ақ бораны ақырғанда сыр бермей шыдаған жарты ғасырлық еңбегіңіздің бағаланғаны ғой.
- Рақмет. Зал толы көпшіліктің алдында көкірегіме белгі тағылғанда рухым көтеріліп, көңілім желпініп қалды.
- Сол кезде мал шаруашылығында өткізген жылдарыңыз көз алдыңыздан тізбектеліп өткен шығар?
- Өткенде қандай?! Өйтіп-бүйтіп мені ақтарыла сөйлеткің келіп отыр-ау. Жарайды, айтайын. 1939 жылы құрылған Маңғыстау ауданының тумасымын әрі құрдасымын. Кіндік қаным тамған топырақ Жыңғылды ауылы, Куйбышев ауыл кеңесі, жетінші ауыл. Әкем Садықұлы Мәздім Маңғыстау ауданындағы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхоздың қойын баққан екен. Соғыс жылдары болса да құт қонған киелі жерде малдың басы жедел қарқынмен өсіп, Маңғыстаудың қараойы жайылымға тарлық ете бастапты. Сол кезде үлкен кісілер енді ауданымыздың фермалары Самға көшеді деген хабар тапты. 1948 жылдың қара күзінде «Ленин атындағы», «Правда» атындағы, Амангелді атындағы, біздің Октябрьдің 40 жылдығы атындағы төрт колхоздың мал фермалары алғашқы болып Сам жеріне бірге көшіп келді. Елдің жүдеу кезі ғой, ат, түйеден басқа көлік жоқ.Тоғыз жастағы бала болсам да әкеме көмектесіп, қой айдасып жүгіріп жүріп, тас тілген табанымның жанымды қоярға жер таптырмай ауырғаны есімде.
- Көшіп келгеннен кейін қиындықтар ұмытылған шығар?
- Қиындықтың көкесін Ноғайтыға көшіп келген алғашқы жылдары көрдік. Дайын тұрған үй жоқ. Түйеге теңдеп, түсіріп жүргенде бес қанат ағаш үйіміздің тозығы жеткен жамылғысы шұрқ тесік болыпты. Қарашаның суық желі сүйектен өтіп кете жаздайды. Ортадағы оттың қызуы маңдайыңды қыздырғанымен арқаң жылымайды. Қолда бар бірдеңелерді шоқпыттап жауып, ағаш үйімізді қымтадық. Өз жағдайымыз дұрысталды-ау, енді қолымыздағы қойды қайтеміз? Қабырғасы тастан қаланған жабық қора жоқ. Қыста ықтасын болатындай биіктеу бұтасы мол құм жалдардың арасынан қой жатақ дайындадық. Әкеме бекітілген 500 басқа жуық бір отар қой сол жерде қыстап, шығынсыз шықты. Есесіне өзіміз қатты қалжырадық. Қалжырамай қайтеміз, қыста қойдың жататын орыны құрғақ әрі жұмсақ болсын деп күнімен жатақтың қарын күреп тазалаудан қолымыз босамайды. Самның қаңтар мен ақпандағы саршұнақ аязын, ақтүтек боранын елемейтін қойшылар Мәскеудегі Сталиннің қаһарынан қалтырайтын заман ғой. Ферма меңгерушісі Еңсеген Бакотбаев «Дардай балаң бар» деп әкеме көмекші берген жоқ. Сонда «дардай» деп жүргені мен ғой, ал менің жасым небәрі 9-да. Ол кісі айтпаса да көмектесемін, өйткені бала емеспін бе? Сәби кезімізде бесік әлдиінің орнына зарлы әуен, есіміз енген күннен «Бір бас қой тұрмақ, бір қозы өлі туып, шығын болса, итжеккенде шірітемін» деп зәреңді ұшырып, зіркілдейтін зәрлі үн құлағымызға сіңіп, ерте есейіп, балалықтың балдәуренін білмей өстік. Әйтпесе біздің де бала болып, мәз-мейрам болатын күндеріміз бар еді. Ол күндер - совхоз орталығынан кейде бір, кейде бір жарым айда 20-25 келідей ақ ұн келетін күн. Шешеміз сол ұннан илеп, оттың қоламтасына көмген собалақ аузымызға тигенше біз отқа түсіп кете жаздаймыз. Сырты күл, іші қамыр собалақ жеген күн аштық пен соғыс жылдарында өмірге келген балалардың ең бақытты күні еді. Ол күндер есіме түссе әлі маңдайымнан мұздай тер шығады...
- Кем-кемнен жағдайыңыз дұрыстала бастаған шығар?
- Елуінші жылдары қиындықты көрудей-ақ көрдік. Шешелеріміз қамысты қолмен жұлып, ши тоқып, қойға ықтасын жасап жүрді. Қыста қар тазалап, апта сайын қиды теуіп алып, қатқан бөлегін сыртқа лақтырып, күбірін қой астына төсеуден алақанымыз ойылды. Көңілге медеу, дәтке қуат болғаны сталиндік заман келмеске кетті. Бұл кездегі ферма меңгерушіміз Азан Балов жылы жүзді, еңбекті ұйымдастырудың көзін білетін азамат болды.
Өңірімізде өндірістік еңбек дүбірі басталған алпысыншы жылдары еңсемізді тіктей бастадық. 1961 жылы Сам жері Ақтөбе облысынан біздің ауданымызға қайтарылып, арқадағы Тасастау, Қайнар, Көлтабан, Төңірекшың жерлері жаз жайлауымызға айналды. 1968 жылы бұрынғы колхоздар тарап, орнына Маңғыстау ауданының Маңғыстау мен Қарақұм совхоздары ұйымдастырылды. Сам жеріндегі 8 ферма сол жылы ашылған «Маңғыстау» совхозының құрамына еніп, директорымыз Таушанбай Қорбақов болды. Совхоз болған күннен техникалар көбейді, тастан малшыларға үй, қойға қоралар салына бастады. Құдықтарға «ВЛ-100» насостары орнатылды. Мемлекет қамқорлығы мен адамдардың еңбекқорлығы арқасында санаулы жылдарда совхоздардың қатары көбейіп, дамудың даңғыл жолына түсті. 1983 жылы Маңғыстау совхозынан Сыңғырлау совхозы (директоры Наурыз Балмұқанов) еншісін алып, бөлініп шықты. 1973 жылы ауданымыз ашылып, төрт түлігіміз мыңғырып өсіп, ісіміз оңға басып, береке орнады. Сексенінші жылдары Бүкілодақтың ауыспалы «Қызыл туын» бес жыл қатар жеңіп алып, ақырында сол ту бізде тұрақты сақталып қалғанын ел бүгін мақтан етіп айтып жүр. Жаңадан ашылған ауданымыздың қарқынды дамып, аты шыға шауып, атағы шарықтауының тарихында Маңғыстау ойынан 1948 жылы көшіп келген малшыларымыздың ерен еңбегі жатыр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Білімде бағы басым Бәтима Астанадан жүлдемен оралды- 1991 жылы Одақ ыдырап, қазақ елінің тәуелсіз таңы атып, совхоздар тарай бастағаны белгілі. 1994 жылы жүзеге асқан жекешелендіруді қалай қабылдадыңыздар? Ол кезде сіз қойшы ма едіңіз?
- Кешегі колхоздар мен совхоздардың қойы мен түйесін жарты ғасырға жуық баққан адаммын. Үлес бөлу басталған кезде Ақжігіт ауылынан 30 шақырым жердегі «Сарыкеткен» құдығының маңындағы жайылымда «Сыңғырлау» совхозының 150 бас түйесін бағып жүр едік. Үлесімізге 100 басқа жуық түйе бөлінді. Содан «Сарыкеткен» шаруа қожалығын ашып, 7 мың гектар жайылымдық жерді ұзақ мерзімге жалға алып, өз бетімізше жұмысты бастадық. Қазір тек түйе емес, қой мен жылқымыз да бар. Құдай бұйыртса, келесі жылы 80-ге шығамын. Осы жасымның анық алпыс жылын малдың соңында өткізген адаммын. Соғыс зардабынан оқи алмасам да мал бағып, көштен қалған жерім жоқ. Бірақ қартайған қарағаймын ғой. Өкше басар ұрпағым осы қарағайдың жас шыбығы болып жетілсін деп ниет етіп, «Сарыкеткен» шаруа қожалығының тізгінін немерем Исаға ұстаттым.
- Мал шаруашылығының қазіргі жағдайы жайлы пікір білдірсеңіз?- Шүкір ғой. Ойымды дөп бастың. Қазір мен айтқан кешегі қиындық жоқ. Мал шаруашылығына ғылым мен техника дендеп енді. Бірақ аймағымыздың табиғаты өте қатал. Жазы ыстық, қысы қаһарлы. Сары құмы көсілген шөл аймақ. Шөбі ащы. Соңғы екі жылдың жазы жаңбырсыз болып, ащы шөптің өзі ерте қурады. Бұл жерде «Нарым қымбат, нарымнан арым қымбат» дейтін азаматтар ғана малды мыңғыртады. Мұндай азаматтар арамызда бар. «Даңқ» орденінің толық иегері Бисенбай Ауданбаев, тәжірибелі малшылар Жауынбай Сисенов, Балықбай Нәбиев, Бекболды Тасболатов, Бегейбай Жетпісовтердің шаруа қожалығының табыстары ауыз толтырып айтуға лайық.
- Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Қартбай ҚОЖАЕВ