©
Биыл - Маңғыстау облысымен бірге құрылған Бейнеу ауданының 45 жылдығы. Осынау жылдар ішіндегі өзгерістер өрнегін сөзбен жеткізіп айту мүмкін емес. Аудан құрылған кезде еңбек еткен алдыңғы толқынның ізі ұрпақтарымен жалғас тауып жатыр. Мынау жарық дүниенің қуаныш – қызығы, бақ-баяны осы екен-ау.
Кездесу
Бір қуанатыным - Бейнеудің жас таланттарының көпшілігі берісі облыстық, әрісі республикалық, тіпті халықаралық жарыстарға қатысатын болса, әйтеуір маған бір соқпай кетпейді. Ақыл-кеңес сұрайды, таныстыру жаздырып алады, ежелгі салт- дәстүрлер туралы сұрайды. Хал-қадір, әлімізше көмектескен боламыз. Содан оларға сәт сапар тілеп, шығарып салып, тілегін тілеп отырғаның, содан жүлделі болып оралғанын естіп, тағы да қуанатыным. Бұл жолы да солай болды, Бейнеу лицейінің 10 сынып оқушысы Әлішер Хабидолла журналистикаға қызығатын жастар арасында «Маңғыстау–Медиа» ұйымдастырып жатқан байқауға жүрмекші екен. Басқалардан ерекшелігі бұл бала көмек, кеңес сұрай келмепті, тек аз ғана уақытымды бөлсем болды екен, менен сұхбат алмақшы. Сүйріктей жасөспірім сақадай сай, нақты сұрақтарын қойды. Мен жауабымды бердім. Сөйтіп бейнеролик дайындап, жарыстың шарты бойынша әлеуметтік желілерде жариялады. Айтпақшы, бұл кезең осы жылдың маусым айының басында болған. Ауданда менің «Құсни ғұмыр» атты шығармашылық кешім өткелі жатыр еді.
Кейін естідім, «Үздік бейнеролик» аталымы бойынша өте көп қаралым жинаған Бейнеу лицейінің оқушысы Әлішер Хабидолла жеңімпаз атаныпты. «Бәрекелде» дедім, Әлішердің кім екенінде шаруам жоқ, лицейдің талантты шәкірттерінің бірі деп ойлағанмын.
Жақында Мизам жеңгеймен жолығып қалдым. Мінезі жібектей, жүзінен мейірім есілген бұл әйел өмірден ерте өткен, Маңғыстаудың белгілі журналисі, сатирик Хабидолла Махутовтың жары. Хабидолла аға Бейнеу ауданы құрылған кезде осы ауданның алғашқы журналисі болған. Қазіргі «Маңғыстау», бұрынғы облыстық «Коммунистік жол» газетінің Бейнеу ауданы бойынша тұңғыш меншікті тілшісі болып, аудан тарихын баспасөз беттерінде қалдырған қаламгер. Ағамыздың мынау жарық дүниемен қоштасқанына да отыз жылға таяп қалыпты-ау. Жеңешемді көрсем аудандық газетті бірге ашып, бірге жұмыс істеген әріптес ағам бірден еске түседі. Бұл жолы да сондай көңіл күйде тұрғанмын.
- Әлішерді таныдың ба? - деді Мизам жеңгей.
- Жоқ... Әрі таңғалып, әрі шындықты мойындап осылай дедім. - Ол бала сіздің кіміңіз? - Әлішер Хабидолла ағаңның көре алмай кеткен немересі ғой!Көңірілім қуаныштан жарқ ете қалды. «Өшкен жанып, өлген тірілді» деген осы екен ғой. Социалистік Еңбек Ері, мұнайшы Әбілғазым Махутовтың ұрпақтарының ешқайсысы осал болған жоқ. Соның бірі – марқұм Хабидолла аға жұмысқа өте мұқият, жазуы маржандай, сын мақалалар мен сатиралық өлеңдер жазатын, әп-әсем етіп әзіл айта қоятын кісі еді. Ол кезде аудандық газет аптасына үш рет жарық көретін. Бейнеуде, сірә, баспахана жоқ, Шетпенің баспаханасында басылады, қазіргідей байланыс пен интернет қайда?! Газеттің мақалалары хат арқылы пойызбен жіберіліп, макет қолмен сызылып, қолдан құрылатын. Аудандық газет ұжымы өте ұйымшылдықпен, шығармашылықпен керемет жұмыс жасаған жылдар еді ол кез. Осы қызметтің бел ортасында газет редакторының орынбасары Хабидолла Махутов жүрді. Ол қайтыс боларынан екі жыл бұрын Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға түскен-ді. Білімпаз, ізденгіш азамат сол оқуды тәмамдап, елге оралып, қаламгерлік мұратын жүзеге асыруға қайтадан кіріскенде жазылмас сырқатқа душар болып, қайтыс болды. Хабидолла аға 38 жасында дүниеден өткенде артында алды 15 жасар, кәмелетке толмаған, соңы әлі мектепке бармаған үпір-шүпір үш бала қалды. Тоқырау кезеңінің тәуелсіздікке ұласқан қиын жылдарында әкесіз қалған үш баланы бағып-қағып, өсіріп, жетілдіру Мизам жеңгейге оңай болған жоқ. Сабырлы әйел Алла сынағын көтере білді. Қиындықты жеңіп, балаларын оқытып-тоқытып, қатарға қосты, келін түсіріп, қыз ұзатты. Қайран аға қос ұлының атын Бейімбет, Ілияс деп қойған. Бұл ешқандай ұмытылмас есімдер ғой. Әкесі ерекше еркелеткен қыздың аты Мәдина болатын. Бірақ бұл балалардың ешқайсысы да әке жолын қуған жоқ. Сондықтан болар Мизам жеңгейді көрген сайын «Хабидолла ағаның қалам-қағаздары мен жинаған кітаптарына балалары дұрыстап иелік ете алмай қалды-ау» деп көңілім қоңылтақсып тұратын. Сөйтсем марқұм журналист ағаның жолын ортаншы ұлы Ілиястан туған немересі Әлішер жалғапты. Қаламгер ағаның таланты жасындай жарқ-жұрқ еткен осынау жас өрен немересіне қоныпты. «Тектілік тұқым қуады» деген осы да. Әлішердің арманы – спорт журналисі болу. Орта мектепті әлі бітіре қоймаған ол қазірдің өзінде анау-мынау тілшілерден, дипломды қаламгерлерден артық жазбаса, кем жазбайды, дап-дайын журналист. Сөзіміз дәлелді болу үшін Әлішердің алғашқы жазбаларына кезек берейік.
Әлішер Хабидолла: "Алғашқы адым"
Кәрі құрлық турниріне жол тарту... Астанаға сапарым... Жастайымнан десем артық болар, 8-сыныптан бері қиялдаған мамандығым бойынша іске кірісемін, спорт журналисі ретінде комментатор болып тұрғанымды мұншалықты тез көзбен көремін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Бір досымның комментаторлық туралы айтқан әңгімесі мені бір тоқтамға әкелді. Сол сәттен бастап шынайы ізденіп, жан-жақты дағдылана бастадым. Алғашында сынға да ұшырадым, мақтау да естіп жүріп, комментаторлыққа қалай арбалып қалғанымды да білмей қалдым. Оның да себебі бар, атамның журналистік ғұмыры, одан кейін футболға деген шексіз махаббатымның салдарынан менде де сондай спорт журналисі боламын деген үлкен бір ой басым тұрды. Өзім де бос қарап жүрмей іздендім, оқыдым, шынайы армандадым, өзіме сенімділігім әрдайым бір бас жоғары тұрды. Сол сенімділіктің арқасында елордамыз Астанаға шақырту алдым. Балалық арманым орындалып, Астананың қазақ футболындағы тарихи ойынын көру бақыты маған да бұйырды. Себебі мұндай мүмкіндік екінің біріне бұйыра бермейтіні даусыз. Сондықтан мұндай сәтті көрген де арманда, көрмеген де арманда. Менікі жәй аспанға қарап, ай санап, жарты жолдан бұрмаланып, басқа жолға кету емес. Түбі бір осы саланы игеремін деп келдім. Сол ой мен арман мені биікке ұмтылдыруда. Нәтижесін аздап болса да көрудемін. Ауылдың қара баласын Астанадан көру, біреуге қызғаныш сезімін ұялатса, ал біреулерге мақтаныш болуда. Бұл да маған шынайы серпінді оятатын қозғаушы күш... Ал енді «Астанаға кім шақырды? Қалай бардың?» деген сауалдарға тоқталайын. Бас қалаға барғым келіп, «Тағы да Астананың ойынын өз көзіммен көрсем екен» деп ұзақ ойландым. Өзімді құдды бір журналистердің қатарында жүргендей сезімге бөлеп қоямын. «Өй, қоя сал, мені Астанада жұрт керек етіп не істесін» деп жүре бергім де келді. Жоқ, сол жұртқа мен керек екенмін. Алдымдағы аға буын өкілдерінің бірі Асқар Хамиден бауырыммен ғаламтор арқылы алдағы ойындарды талқылап отырғанмын, кенеттен маған «Астана-Спортинг» ойынына спорт журналисі болып келуіңе болады», - деп, елордаға шақырды! Ураааааа!!! Сол сәтте менен бақытты адам болған жоқ шығар. Ойым сан-саққа кетіп, не істеп жатқанымды білмей, абдырап қалдым. Іштен қуаныш сезімі кернеп, бас қалаға баратындығыма қатты қуандым. Содан елордаға билет алып, екі сағаттық ойынға, екі күн жол тартуға тура келді. Көзді ашып-жұмғанша екі күн де зулап өтіп, Астанаға келдім, қалада қытымыр қыс болғанымен, адамдары өте жылы шыраймен қарсы алды...Шулаған дүрбелең өмірмен арпалысып, 14-ақпан күні "Астана-Арена" стадионына бардым, алдымда 12-ойыншылардың мүшесі Маусымжан Болғанбай атты қыз күтіп алды. Баспасөз кеңесіне санаулы уақыт қалғандықтан қарбалас арасынан тез өтейін деп, мен де журналистік аккредитациямды алып, ішке еніп кеттім. Ауылда тек теледидардан көріп жүрген жұлдыздарды өз көзіммен көріп, амандасып, хал-жағдай сұрастым. Жан дүниесі таза, барлығының ниеті түзу жандар екен. Сонысымен ұнады. Комментаторлық жолдағы кумирім Ермұхамед Мәуленді көріп, өзіме артылған жүкті сезінгендей болдым. Араға 1 сағат уақыт салып, сағат 16:30-да барлық журналистер жиналып, баспасөз конференциясын бастап кеттік. Станимир Стойловке қардай боратып, сұрақтар жаудыруда, ол да ойын туралы өз ойын айтып, керемет ұтқырлықпен жауап беруде. Қысқасы, осы матчта жеңеміз деп жігерлендіріп қойды. Біз де жанкүйерлік көңіл-күймен құптағандай болдық. Баспасөз кеңесі аяқталғаннан кейін «Астананың» 15-минуттық ашық жаттығуын тамашаладық. Барлығының жүзінде күлкі, бойында намыс тасып тұрғандығы анық байқалды. Қысқасын айтқанда тәртіпке ұйыған ұжымның ұтқыр ойынын барлығымыз көргіміз келді. Одан соң «Спортингттің» де жалынды жаттығуын көріп, жәй ұжым емес, Пиреней түбегінің өкілдерінің де жинақы ойнай алатындығы көзімізге оттай басылды. Атағынан ат үркетін ұжымның салқын қандылығын сырттай байқап, қиын ойын болатындығын сезген едім. Осылайша ертеңгі күнге ес жинап келу үшін ағамның үйіне жол тарттым...
Түнімен ұзақ ойлармен арпалысып, ұлт футболының тарихында болмаған ойынның қандай нәтижемен аяқталатыны маған ұйқы бермеді. Осылайша 15-ақпан да келіп жетті, көше бойында жанталас, бейнебір барлығы стадионға ағылып бара жатқандай әсерге бөлейді. Алдамшы өмірдің желігімен «Астана – Арена» стадионына келіп жеттім, жан-жақта қаптаған қалың күзетшілер, нағыз футбол соғысы секілді. Ақпанның үскірік аязы, Сарыарқаның салқыны маңдайымызға соғып тұр. Содан не керек, аккредитациямды алып, аренаға кіріп кеттім, футбол тойының іштегі қызу дайындықтарына куә болдым. Португалдық журналистердің түнге дейін қалып, мігір көрмегенінен жұмысқа деген ерекше аңсарын көріп таңғалдым, бұл маған үлкен бір серпіліс алып келді. Бойымда тулаған қазақылықтың мақамына салып, қазақша хал сұрастым. Олар да бір түсінгендей бас иіп, жымиып қана қояды... Сырт-сырт соққан сағат тілі 22:00-ге келіп жетті, отыз мың халық жиналған Аренада! Нағыз Еуропа футболының атмосферасын сезіндім... Қалың қазақтың үмітін арқалап, алаңға 11-футболшымыз шыға келді, үстерінде шаңырақтың белгісі бар жейдесі көзге оттай басылып, менмін деген қазақтардың ішінде асқақ рухтың отын жағардай. Астананың көктемгі доп додасына дейін жетуінің өзі үлкен ерлікке пара-пар еді. Ал енді ойынның барысына кезек берелік. Іші лық толы «Астана – Аренаның» қолдауын сезінген елордалық Астана футболшылары 6-минутта-ақ есепті ашты... Жан-жағымда айқайлап, қолдап жатқан қазақ бауырларым, кейбіреуі көз жасына ерік берсе, кейбіреуі қуануға әлі ерте екендігін айтқысы келгендей... Одан кейін қарсылас қақпасынан саңылау таба алмай португалдықтарға 1-3 есебімен жол бердік. Бірақ мен Астананың ойынына риза болдым. Азуын айға білеген арыстаннан 3 гол жіберудің өзі үлкен абырой екендігін ұғынғанымыз жөн.
Мен – журналистік жолда өзінің ізін қалдырып, арман жолын тастап кеткен Хабидолла деген асылдың жалғасымын. Ата жолын жалғастыру – маған үлкен мәртебе. Сондықтан бүгінгі мен секілді жастарға айтарым, үйде жатып, бос армандамай, мақсатқа жету үшін ұмтылып, ізденуді, жұмыстануды естен шығармайық дер едім!
Бұл – менің журналистік алғашқы қадамдарымдағы азды-кем өткерген қызықты оқиғаларымның жиынтығы...
Түйін
Жас талап осылай ой толғайды.«Әкеден ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейді. Маңғыстау өңірінің атақты мұнайшысы, Социалистік Еңбек Ері Әбілғазым Махутовтың бір ұлы Хабидолла Махутов Бейнеу ауданы құрылғаннан бастап, өзі өмірден өткенше елмен біте қайнасып, түрлі тақырыпта мақалалар жазып, ел тарихын газет бетіне қалдырды. Енді оның қаламын ұрпағы ұстапты. Ендеше жас талант, Бейнеу лицейінің шәкірті Әлішер Хабидоллаға ақ жол тілеп, өмірде көп армандарына жете алмай кеткен атасының жолын жалғап, қалың еліне қызмет етіп, қарымды журналист болып таныла берсін дейміз!
Айнахан ЕСЕТ