Маңғыстау облысының орталығындағы жастар үйінде Ақтау қалалық ауған соғысы ардагерлері «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің жаңа жобасының таныстырылымы болды. Таныстырылым барысында «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәтжан Шаулиев Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Өңірде ерікті жастардың қозғалысын дамыту және жастарды еріктілікке тарту мақсатында ақпараттық-насихаттық іс-шараларын өткізу» жобасы басталғанын хабарлады.
- «Жастарды еріктілікке тарту мақсатында ақпараттық-насихаттық іс-шараларын өткізу және туған жердің ғылыми-мәдени орындарын насихаттауға бағытталған іс-шараларды өткізу» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша тапсырыс берушімен жұмыс жоспарын нақтыладық, - деді Мәтжан Рамазанұлы. - Ауыл жастарына да мемлекеттік бағдарламалар туралы түсінік беру арқылы қазіргі жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігі жайында ақпарат бергіміз келеді. Сонымен қоса, облыстағы еріктілер арасында спорттық және мәдени іс-шараларды өткізуді қолға алу да жоспарымызда бар. Алдағы уақытта жоба жоспарына сәйкес өңірде белсенді жастардың қатысуымен «Туған жер. Upgrade» табиғат аясындағы саяси лагерін ұйымдастыру және ауылдық елді мекендерде еріктілер қозғалысын дамыту бағытында жас көшбасшылар арасында тимбилдинг шараларын ұйымдастыруды көздеп отырмыз.
Жаңа жоба жайында жан-жақты айтылғаннан кейін «Бауырлас жауынгерлер» осында «Еріктілік қызмет: Болашағы мен мүмкіндіктері» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Бұл шараға қаладағы бір топ студенттер қатысты.
Шараға қатысқан 80-ге жуық студенттер алдымен арнайы топтарға бөлініп, қоғамымыздағы мәселелерге қатысты жастардың әлеуметтік жобаларын жасақтады. Екінші модульде өздерінің осы жобаларын қорғады.
Жастарды ерікті қызметке тарту мақсаты көзделген семинар-тренинг соңында Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы мен «Бекен» жас көшбасшылар достастығының әлеуметтік серіктестігі аясында құрылған «Еріктілер корпусы» жастар тобының таныстырылымы ұйымдастырылды. Топтың мақсат-мүддесі мен көтерер жүгін толық ұғынған 40-қа жуық қыз-жігіт осы топқа тіркелді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА