Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында Маңғыстау облысындағы білім берудің өзекті мәселелері және мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері қаралды.
Маңғыстау облысы бойынша білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжақсы Тұржанова өңірдегі білім беру саласындағы маңызды мәселелер туралы баяндады. Оның айтуынша, облыс көлеміндегі білім беру жүйесіндегі толымды жетістіктермен қатар атқарылуы тиіс міндеттер де жетерлік. Қазіргі уақытта өңірде мектепке дейінгі білім беретін 271 ұйым, жалпы білім беретін 143 мекеме техникалық және кәсіптік білім беретін 27 және 15 қосымша білім беру орталықтары жұмыс істейді. Мектепке дейінгі ұйымдардың 158 мемлекеттік мекемесінде 32 796 бала, 113 жекеменшік мекемеде 8 762, жалпы саны 41 558 бала тәрбиеленуде. Биыл 1 129 орындық 13 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылған. Жыл соңына дейін тағы 2 520 орындық 20 жекеменшік мекеме ашылу жоспарланған. Осылайша 3–6 жастағы балаларды қамту 93,7%-дан 97,1%-ға жетеді. Балабақшаға кезекке тұру мен жолдама беру жұмыстары 100%-ға орындалған. Айжақсы Тұржанова орта білім беретін мектептердегі ауысымдарда шешімін күткен мәселелер бар екенін жеткізді.
«Биыл орта білім беру жүйесінде 138 360 бала мектепке келсе, 1-сыныпқа 19 776 бала қабылданған. Бір ауысымдық жүйе бойынша 13 мектепте 4 043 оқушы, екі ауысымды жүйеде 125 мектепте 129 040 оқушы білім алады. Үш ауысымда 5 мектепте 1 814 оқушы сабаққа қатысып жүр. Өз кезегінде үш ауысымдық мектептерді болдырмау жұмыстары да жүргізілуде. Осы мақсатта Ақтау қаласында 4500 орынға 6 мектеп, Мұнайлы ауданында 5 400 орынға 5 мектеп жасақталуда. Республикалық бюджетке 320 орындық 2 қосымша құрылыс, Батыр селосынан 1200 орындық құрылыс, Түпқараған ауданы бойынша Ақшұқыр селосынан 600 орындық мектеп құрылысы жобасы ұсынылған», – дейді ол.
Білім саласындағы кадр мәселелері де назардан тыс қалмаған. 2018 жылдың қазан айындағы көрсеткішке сүйенсек, Маңғыстау облысында жалпы саны 12 937 мұғалім болса, жұмысқа қабылданған жас мамандардың саны – 636. Зейнеттік жастан асқан 291 кадр бар. Қазіргі кездегі кадр қажеттілігі 64 орынды құрап отыр.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық
Облыста мүмкіндігі шектеулі балаларға жіті назар аударылған. Өңірде 4968 мүмкіндігі шектеулі бала, оның ішінде 2067-сі мүгедектік алған. Бұл санаттағы балаларды оқыту мен тәрбиелеуге арнайы 77 педагог, 15 әлеуметтік педагог және 20 психолог маман жұмылдырылған екен. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аймақтағы үш ауысымдық білім беру жүйесін болдырмау керектігін ескертті, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ету үшін білім беру мекемелеріндегі бейнебақылау камераларын қажетті деңгейде орналастыруды, орын алған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
Маңғыстау облысында балалар арасындағы мүгедектіктің алдын алу мәселелері өзекті болып отыр. Осыған қатысты Маңғыстау әкімінің кеңесшісі В.Трифонов «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау» тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, балалар денсаулығындағы ауытқушылықтарды, балалар ауруының өсу көлемі, оның алдын алудағы шаралардың жеткіліксіздігі, сондай-ақ оңалтау шараларының төмен деңгейі аймақта балалар арасындағы мүгедектіктің өсуіне жол беріп, өзекті мәселеге айналып отыр. Маңғыстау облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және миграция жөніндегі департамент берген мәліметтерге сүйенсек, облыста 18 жасқа дейінгі 4 939 мүгедек бала бар.
«Жастар арасындағы мүгедектік деңгейінің өсу мәселесіне қатысты 2017 жылы қала мен аудандардағы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесе арнайы кеңес өткізілген. Мұндай жиындар «Нұр Отан» партиясы филиалы алаңында да ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, еңбек, әлеуметтік қорғау және миграция жөніндегі департаментімен бірге қала мен аудандарды аралап, арнайы кездесулер өткізілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде мүгедектік көрсеткіштерінің аздаған төмендеуі ғана байқалды», – дейді В.Трифонов.
Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 2018 жылдың қыркүйек айының жағдайы бойынша облыста оңалту емін алу үшін 2 500-ден аса мүмкіндігі шектеулі бала кезекте тұр. Мүгедектігі бар балалар диагностикасы, оңалту және емдеу хаттамасына сәйкес балалар кешенді, мультилисцилинарлы оңалту шараларын жылына 2-3 рет алуы керек. Бұл емдеу шараларына медициналық оңалту, әлеуметтік бейімдеу және психо-педагогикалық түзету жұмыстары кіреді. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында оңалту шараларын үш мекеме жүргізіп келеді. Атап айтсақ, №4 Арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығы жылына 303 баланы қабылдайды. «Балаларға денсаулық» қоғамдық қоры бір жылда 300 баланы қамтыса, «Нейрон» медициналық орталығы 2016-2017 жылғы есеп бойынша жылына 1080 балаға емдеу шараларын ұсынған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Кәсіпкерлер қауымдастығы құрылды«Осылайша жүргізілген оңалту шараларының саны 1683 курсты құрайды. Ал жалпы есеп бойынша осы көмекке мұқтаж балаларда жылына кемі 2-3 реттен ем көрсету хаттамалар талабы мен 5000–7500 курс өткізілу қажет етіледі. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін, толыққанды кешенді оңалту жұмыстарымен қамту үшін облыстағы мүгедек балалар Астана қаласындағы республикалық балаларды оңалту орталығына жіберілді. Ай сайын 15 бала 24 күндік ем алады, сондай-ақ Алматы қаласындағы «Балбұлақ» санаториясына айына 3 бала жолдамамен барады», – деді облыс әкімінің кеңесшісі.
Аппарат жиынының қорытындысында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов күн тәртібіндегі білім беру, мүгедек балаларды әлеуметтік қорғау салаларындағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға, олқылықтардың орнын толтырып, жұмысты жүйелі жүргізуді жүктеді.
Жайық НАҒЫМАШ