1980 жылдардың басы. Ералиев кеңшарының мал басы жылдан-жылға көбейіп, Қарақұдық кеңшарына 20 мыңдай қой бергеннен кейін қайтадан 55 мыңға жетті. Малшы жетіспейді. Әр отарда бір мың қой жинақталып, бағып, күту ауырлап кетті. Сол шақта ферма басшыларымен, мамандарымен ақылдасып, Түрікменстан жеріндегі елге келгісі келіп жүрген бауырларымызбен келіссөз жүргізу керек деген ұйғарымға келдік. Содан сәті түскен бір күні, яғни наурыз айының бас кезінде Үшсу, Атанияз арқылы Қызылқияға сапарымыз басталды.
Оның да өз себебі бар. Сол жақтан келіп-кетіп жүрген Оразбай деген бір жігіт: «Көшіп келетін адамдар бар», – деп хабар айтқан болатын. Құрамымызда – сол кездегі прораб, аржағы сол жақтан келген Ұшқанбай деген ақсақал, ферма меңгерушілері Балмаш Мәтіков, Қалдыбай Қарабаев, учаскелік инспектор Өмірзақ Жакиев, екі жүргізуші Асан мен Бекбасар бар. Барған күні маңдайымызды тіреген орын – Қызылқиядағы құнанорыс Қабақ деген шалдың үйі болды. Ол кісі әлгі айтқан Оразбайдың атасы екен. Сүйінқара батырдың қарындасы жөніндегі қызық әңгімені Қабақ ақсақалдан естідік. Сонда ол мына әңгімені айтқаны бар еді:
«... Менің кәрі шешем жетімек жары Сүйінқара батырдың туған қарындасы еді. Мен жарық дүниеге келмей тұрғандағы қонысымыз Маңғыстаудың шығысындағы Аққұдық, Мақышбай сулары екен. (Мәссаған, бізде сол ауылдан келіп отырмыз ғой дегенді айтып қалдық). Менің туған анам бізден бұрын төрт-бес қыз туған екен. «Шаңыраққа ие болатын ер бала тумадың», – деп кәрі шешем анама күнде ұрысып, кейде сабайтын көрінеді. Құдай бермеген баланы анам қалай тапсын? Оның үстіне енесі болса, батырдың қарындасы, өте қайратты және түсі суық адам болса керек. Амалы таусылған анам сол Аққұдықтағы Нұрбибі әулиеге барып, күнде жылап-жылап, мойнына бұршақ салып, түнеп жүріпті. Алласына, әулиесіне жалынғанда мойнына бұршақ салу – қазақтың ертеден келе жатқан ырымы ғой.
Тәубасы Алласы, берісі Нұрбибі әулиенің шапағаты шығар, өмірге мен келіппін. Менен кейін төрт жылдан соң тағы бір ер бала – Назархан жарық дүние есігін ашыпты...».
Міне, қызық! Сенек елінің аңыз етіп айтатын, «Газ-69» автомашинасының есігіне сыймағасын есікті үлкейтіп мінетін алып денелі, атақты құнанорыс Назархан осы болып шықты.
Құнанорыс Назархан өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың соңына дейін қазақ-түрікмен шекарасында «Мансуалмас» құдығында қоныстанып отырған. Сол кездегі межемен қарағанда бай адам екен. Оның иелігінде 70-80 түйе, мың қарадан аса қойы болған. Сол кездегі кеңшар директоры Қамысбай Қаржаубаев ағамыз ол кісіні сол маңнан шабылған шөпке қарауыл етіп қойып, ақы төлеп отырған. Анда-санда Сенекке соғып, еңбек ақысын алуға келгенде автокөлігінен түсуді қиынсынып, жігіттерге кассадан ақшасын алдырады екен. Ол кез жеке адамдардан етке мал жинайтын кез еді. Сондай мақсатпен Маңғыстау ауданының хатшысы О.Көшеков, атком төрағасы Төлеген Қағазов, Қаржаубаевтар барып, оның үйінен талай рет қонақасы жеп, аунап- қунап қайтқанын еститінбіз.
Сол Назекең Ұлы Отан соғысының екі мәрте ұшқыш батыры Луганскиймен жақын дос болған ба, мүмкін соғыс жылдарында әскери ұшқыштар эскадрилиясында бірге қызмет жасаған болуы керек, рас-өтірігін білмеймін, сол батыр ұшқыш «Ан-2» ұшағымен оның аулына барып, қонақ болып кетіпті дегенді де ел арасынан естігенбіз. Бұл әңгіменің төркіні Сүйінқара батырдың туған жиеншары Назарханның тегін адам емес екенін көрсететін сияқты.
Тағы да Қабақ ақсақалдың әңгімесіне құлақ түрейік. Біз барған жылы ол кісі 74 жаста еді.
– Ел дүркіреп Маңғыстаудан көшкенде бізде түрікмен жерінен бірақ шықтық. Кәрі шешемнің әлі қайратты кезі. Мен баламын. Бір күні отырған жерімізден қоныс аударып, сағалап қонғанбыз. Біздің үйдің түйелерінен қалмай, түрікменнің екі маясы қанша қайтарсақ та қалмай еріп келген. Бір-жар күннен кейін салт атты түрікменнің желіккен екі жігіт ағасы келді де, шешеме дүрсе қоя берді. Оның үстіне екі-үш рет қамшысы мен тартып-тартып жіберіпті. Сол-ақ екен шешем қаһарға мініп, үстінде сеңсең тоны бар, соқталдай екі түрікменді көтеріп алып, суға күмп еткізді. Мына қызықты қараңыз, судың ернегі түйе-тайлы ұстатпайтын қылтаң жоқ, екі тон малмаңдай су болғасын, не керек екеуі судан шыға алмапты. Жаураған түрікмендер енді жалына бастаған. Сонда шешем: «Біздің не кінәміз бар, түйелеріңді қанша қусақ та қалмады. Сен қылғанға мен қылдым, енді салқын суға шомыла тұрың», – деп әжуа етеді. Біраз әлектенгесін қолдарынан тартып, шығарып жібереді. Сөйтіп бір әйелге әлі келмей, көресінді көріп, екі түрікмен ауылдарына зытыпты, – дейді Қабакең.
Міне, бұл әңгіменің төркіні біз білмейтін (апамыздың есімін сұрағанда шығармын, әлде ұмыттым ба, есімде қалмапты, әттең!) асылдың сынығы Сүйінқара батырдың туған бауырының әйел адам болса да, жат жерде дос-дұшпанға көрсеткен қайратын оқырманға жеткізуді мақсат еттім.
Аманқос ЖҮНІБЕКТЕГІ